Нақты кезеңде ҚР Бас Прокуратурасы тарапынан ел азаматтарының құқықтық сауаттылығын арттыру және прокуратура органдарының жұмыс тиімділігін жетілдіру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып, өңірлерде ұзақ жылдар бойы шешілмей жатқан күрделі мәселелер оң шешімін табуда. Осындай ілкімді істер Сырдария аудандық прокуратурасының бастамашылығымен де жүзеге асуда. Бұл жөнінде аудан прокуроры Асхат Тәженов БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Кемшіліктерді жойып, нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін аудандық прокуратура арнайы жобалар әзірлеп, атқарылар жұмыстар айқындалған. Соның бірі Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтар жүргізудің салдарынан зардап шеккен, әскери қызмет өткерген ауданның 80 азаматының заңнамалармен көзделген жеңілдіктер мен өтемақылар алуы.
«Семей ядролық полигонындағы сынақтардан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау» Заңына сәйкес, сол аймақта туып-өскендер ғана емес, 1949-1990 жылдар аралығында сол өңірде өмір сүрген азаматтар жәрдем алуға құқылы. Алайда, Сырдария ауданынан 60-жылдардың аяғында әскерге аттанған сарбаздар бұл көмекке қол жеткізбей келген. Семейде міндетті әскери борышын өтеген 68 жастағы Болатбек Уайсовтың айтуынша, әскерде бірге борышын өтегендердің көбі дүниеден озған. Олар мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді, тиісті оңалту, сауықтыру емдерін қабылдамаған. Аудандық прокуратура мониторинг жүргізу барысында осы деректерді анықтаған. Нәтижесінде ауданда «Семей ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету» жобасы әзірленіп, арнайы комиссия құрылып, азаматтардың қорғалу құқығын растайтын куәліктер табысталып жатыр.
«1968 жылы 13 қарашада осы Тереңөзек военкоматынан әскерге шақырылдық. Екі жылдық борышымызды өтеу үшін алдымен Ашхабадқа барып, одан кейін Семей облысының Жарма ауданы Жалғызтөбе деген станцияда болдық. Ол Семей полигонының бір шеті. Қатар болған жігіттердің бақилық болып кеткендері бар», – дейді Б.Уайсов.
Сырдария ауданының прокуроры Асхат Тәженов: «Сынақ полигонында болғандар аумақ қауіптілігіне қарай бес айлық есептік көрсеткішке дейінгі біржолдық өтемақыға ие болады, – деді. Шынында, заңды тұрғыдан алғанда, зейнеткерлікке шыққандарға үш айлық есептік көрсеткішке дейінгі зейнетақыға үстемақы қосылады. Сонымен қатар, жұмыс жасайтындарға екі айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде қосымша еңбекақы табысталатын болады. Одан кейін жыл сайынғы қосымша еңбек демалыстар құқығын алады. Жыл сайын мамандандырылған арнайы медициналық көмектерге ие болады». Мұны аудан прокуроры айтты.
Прокуратура саласы мамандарының қолдауымен жүргізілген жұмысқа полигон зардабын шегушілер дән риза.
Аудандық прокуратураның зерттеп, зерделуі негізінде тағы да кемшіліктер анықталған. Яғни, аудандық емханада тиісті мамандардың жоқ болуына байланысты жалпы құны 15 млн теңгеге жуық бірқатар медициналық құрал-жабдық осы күнге дейін пайдаланбай тұрғаны белгілі болды. Жүрек-қан тамыры ауруларымен ауыратын адамдарды ерте анықтау мен алдын алу жұмыстарын жүргізуге арналған фунционалды-диагностикалық бөлімше іске қосылмауы салдарынан өткен жылы 300-ден астам науқас тексерілу үшін Қызылорда қаласына жолданған. Аудандық прокуратурамен «Сырдария ауданының денсаулық сақтау саласын жетілдіру» жобасы әзірленіп, тиісті іс-шаралар атқарылған. Бүгінгі күні жоба нәтижесімен жүрек-қан тамырлары бағытында пайдаланылмай тұрған аппараттар іске қосылып, науқастарға басқа өңірге жолдау толықтай тоқтатылған. Соның негізінде, аудандық емханада науқастарға медициналық көмек көрсетілуде. Сондай-ақ, А.Тәженов аудандық емхана мен білім беру мекемелерінің 1500-ге жуық қызметкерінен негізсіз ақы алынып, ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 24 ақпандағы №128 бұйрығымен бекітілген «Міндетті медициналық қарап тексеруді өткізу Қағидаларының» талаптары бұзылғанын атап өтті. Бұл олқылық салдарынан жыл сайынғы медициналық тексеруді жұмыс беруші өз қаражаты есебінен жүргізетіндігіне қарамастан білім беру мекемелерінің қызметкерлерімен тексерілу үшін 1,2 млн теңге қаржы жұмсалған. Қазіргі таңда прокурорлық ықпал ету актісі негізінде қаражат азаматтарға кері қайтарылуда. Жалпы аудандық прокуратура өз жұмыстарын ашықтыққа негіздеп, заң аясында нәтижелі жұмыс жасауда. Сала мамандары алдағы уақытта да азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында ауқымды жұмыстарды атқара бермек.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Сырдария ауданы.