Заңсыз есірткі айналымының жолын кесуді ұйымдастыру Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің үнемі назарында тұрған мәселе.
Соңғы кездері Жамбыл облысының Шу алқабы жабайы сора өсімдігінің таралу аумағына айналса, сора өсімдігін егіп-өсірудің үрдісі Қызылорда облысында айқын көрініп тұр.
Ең алдымен, бұл жыл сайын республика көлемінде өткізілетін «Көкнәр» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында қабылданған алдын алу шараларына байланысты. Бұл жағдайда оңтүстік аумақтарға аса басымдық жасалады. Нәтижесінде құқық қорғау органдары марихуана егіп-өсіруден заңсыз заттектер алу жолдарын жан-жақты зерделеп, Шу алқабына ұқсас климаттық жағдайы қолайлы аумақтарды игеруде.
Жоғарыда аталған жағдайды ескере отырып Премьер-министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметовтың және Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді егіп-өсірудің алдын алуға бағытталған бірлескен жедел-профилактикалық іс-шараларды өткізу жайлы Жоспары бекітілді. Аталған жос¬пар Қызылорда облысы және соған іргелес жатқан өңірлерде жүйелі әрі көпбағытты жұмысты ұйымдастыруға бағытталған. Осыған орай, аталған шараға тек құқық қорғау органдары ғана емес, сонымен қатар Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің құзырлы қызмет салалары жұмылдырылады.
Жоспарланған іс-шаралардың нәти¬желілігін жоғарылату мақсатында Қызылорда облысы Ішкі істер департаментінде «Дельта-Сырдария» бөлімшесі құрылды.
«Көкнәр-2017» жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізудегі басты мақсаты – құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді анықтау, осындай деректерге қатысты келіп түскен хабарламаларға шұғыл ден қойып, барлық құзырлы қызмет салаларымен осы бағыттағы жұмысты үйлестіру.
Аталған құрылымның жұмыс сапасын жоғарылату мақсатында осында ай сайын басқа облыстардағы Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының, Ұлттық Ұланның «Бүркіт» арнайы жасағы қызметкерлері іссапармен жіберілетін болады. Жеке құрамды орналастыру үшін арнайы ғимарат бөлініп, қажетті тұрмыстық жағдай қалыптастырып, автокөлік және жүріп өту мүмкіндігі жоғары техникалармен жарақтандыруы қамтамасыз етілуде. Бұдан бөлек, заңсыз есірткі алқаптарын анықтау үшін Ұлттық Ұланның тікұшақтары қолданылатын болады.
Барлыбек БАТЫР.