Облыстық кәсіпкерлер палатасында жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар мәселелеріне арналған мәжіліс өтті. Жиынға прокуратура өкілдері, облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшылары, балабақша құрылтайшылары мен меңгерушілері және қалалық білім бөлімінің басшысы қатысты.
Мәжілісте сөз алған облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов палатаға жекеменшік мектепке дейінгі ұйым құрылтайшыларына мемлекеттік органдар тарапынан тексеру кө¬бейгендігі туралы арыз көптеп түскенін атап өтті.
Расымен, жиынды ұйымдастыруға білім саласында кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтардан түскен арыз себепші болып отыр. Палатаға келіп түскен шағымдарда мемлекеттік аудит, қалалық білім бөлімі тарапынан жүргізілген тексерулерден кейін мектепке дейінгі ұйымдарға жолдама жеткіліксіз деген желеумен айыппұл салынып жатқандығы, 6 жасқа толып кеткен балаларға төленген мем¬ле¬кеттік тапсырысты қайта алу шарасы жүргізілгенін, мемлекеттік аудит қызметкерлері тарапынан заңды күші жоқ хабарламалар талап етіліп жатқандығы айтылған.
Жиында «Нұр Бөбек Орда» балабақшасының құрылтайшысы Гау¬¬хар Саулебаева балабақшаның 2015 жылдан бері мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс жасап жатқанын және нысанның 70 орындық екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол мамыр айында ішкі мемлекеттік аудит департаменті маманы шақыртып себебін түсіндірмей және ресми құжат ұсынбай бюджетке 3 млн 600 мың теңге қайтару туралы ауызша айтқандығын жеткізді. Кәсіпкерден қазіргі таңда осы мәселе бойынша дайындалған актіге қол қоюын талап етіп отыр. Басқосуда аталған мәселеге қатысты прокуратура өкілдері зерттеу жұмыстарын жүргізетінін жеткізді.
Мұнан кейін мәжілісте кәсіп¬кер¬лермен көтерілген және уәкілетті орган тарапынан 6 жасқа толып кеткен балаларға мемлекеттік тапсырысты төлеуден бас тартып отырғандығы немесе төленген мемлекеттік тапсырысты қайтару туралы талап қойылып отырғандығы сөз болды. Бұл қадамға қалалық білім бөлімі қолданыстан шығып қалған нормативтік-құқықтық акті негізінде барғаны белгілі болып, отырыс барысында заң бойынша мұндай шектеу қоюға негіз жоқ екендігі айтылды.
Қалалық білім бөлімінің мәліметі бойынша, шаһарда 264 мектепке дейiнгi балалар ұйымы бар. Сондай-ақ, оның 206-сы жекеменшік балабақша болса, 32-сі жекеменшік шағын орталық болып отыр.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ.