3 маусымда Қызылордада Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Рәміздерінің қабылданғанына 25 жыл толуына орай салтанатты шара өтті. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы-Жандарбек Мәлібеков, ардагерлер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және жастар қатысты. Аймақ басшысы қызылордалықтарды 4 маусым-мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады.
- Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай: "Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық санасы, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа деген үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер". Көк Ту астында берекелі бірлігіміз бен тату тірлігіміз, Гимніміз бен жетістігіміз дүниежүзіне танылуда. Тәуелсіз Қазақстанның Көк Туы өзімен тілектес, экономикалық және достық қарым-қатынас орнатқан көптеген шет елдерде желбіреп тұр. Ұлттық Туымыз Олимпиадалық ойындар мен әлем чемпионаттарында биіктерге көтерілуде. Бұл – әрбір қазақстандық үшін үлкен мақтаныш, зор абырой, ұлы бақыт деп білемін.Ширек ғасыр еншісінде Елбасы бастауымен елімізде ғасырға татитын ауқымды жұмыстар жасалды. Соның нәтижесінде, бүгінгі ұрпақ ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздіктің, ұлттық мемлекет құру мұратының жүзеге асқан заманында бейбіт ғұмыр кешуде,-деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, сырбойылықтарды ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы, белгілі сәулетші, жерлесіміз-Жандарбек Мәлібеков құттықтады.
Мұнан соң Рәміздер аллеясында мемлекеттік қызметке жақында қабылданғандар ант қабылдады. Сонымен қатар, аймақтың бірқатар тұрғындары облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Олар: кәсіби біліктілігі арқасында ана мен оның сәбиін аман алып қалған Қосаман ауылдық округінің фельдшері Жанар Сержанова, алапат өрттен 20 адамды құтқарған №11 өртке қарсы қызмет бөлімінің мамандары, халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы Қуаныш Анарбай, шахматтан әлем чемпионы Әсел Серікбай және бірқатар облыстық және республикалық байқаулардың жүлдегері, «Кызылординские вести» газетінің тілшісі Кирилл Денисов.