«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің маңызын айқындатып тұрғандай. Әрбір жас отаудың түтіні түзу шығып, махаббат пен тату-тәттілік, береке-бірлік жарасқан жылы ұяға айналуы, босағасы берік, болашағы нұрлы болуы мейлінше әйелге байланысты. Осы орайда, биыл екінші мәрте ұйымдастырылған «Қазақтың келіндері-ай!» облыстық байқауында әйел ролін көтерудің ерекшелігін көрсетті.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов бүгінгі байқауда жүлделі болған ибалы қазақтың келіндерін жеңістерімен құттықтады.
– «Адам ұрпағымен мың жасайды», – деп халық тегін айтпаған. Осындай ұрпақ жалғастығы ақ жаулықты аналарымыз аман болсын. Әрбір ұлттың сан ғасырдан бері ұрпақтан-ұрпаққа мирас ¬болып келе жатқан ізгі мұраларын және ұлттық салт-дәстүрлердің құндылықтарын, ұлттың бойындағы ұлттық үрдіс пен ұлттық рухты жас келіндердің ¬бойына сіңіру, ардагерлерді, ата-енені құрметтеу арқылы жас келіндерге адамгершілік, ұлттық, ізеттілік, имандылық тәрбие беру мақсатында осындай байқауды биыл екінші мәрте өткізіп отырмыз, – деді С.Шаухаманов.
Сонан соң облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айдын Қайруллаев биыл екінші мәрте өткен «Қазақтың келіндері-ай!» байқауына қатысуға қызығушылық жылдан жылға артып келе жатқанын айтты. Әйел, ана тек ұрпақ жалғастырушысы ғана емес. Ол – отбасының шамшырағы, ұйытқысы. Сайысқа тек жас келіндер ғана емес, үлкен апаларымыздың қатысқаны қуантады. Үлкен апаларымыз көпшілікке иіліп сәлем бергені кейінгі ұрпаққа өнеге, тәрбие болмақ. Сайыстан іріктеліп, жеңіске жеткен қатысушыларды жеңісімен құттықтаймыз, – деді А.Қайруллаев.
Осы байқаудың 2 кезеңінен де сүрінбей өтіп, әдемілігі мен әдебін, инабаты мен ибасын қатар алып, көпшілік ризашылығына бөленген облыс аудандары мен Қызылорда қаласынан 25 үміткер «Ибалы келін» номинациясымен марапатталды. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, қазақ келінінің шынайы үлгісін көрсете білген талапкерлерге гүл шоқтары мен арнайы сыйлық табысталды.
Айта кету керек, байқаудан «Ибалы келін» атанған барлық 25 келін облыстық ардагерлер кеңесінің «Құрмет кітабына» және облыстық ардагерлер кеңесінің «Ардагер айнасы» жергілікті басылымына жарияланды. Ибалық пен ізеттіліктің символы болып, көрерменнің көзайымына айналған келіндерге бәйтеректей тамырын жайған, ақжаулықты ана батасын берді. Кеш мерекелік ән-шашумен жалғасын тапты.
Шынар БЕКБАН.