ДЕМАЛЫС ПАРКІНДЕГІ ДУМАН

ДЕМАЛЫС ПАРКІНДЕГІ ДУМАНБұл өмірдің базары да, ажары да – бүлдіршіндер. "Бір қозы артық туса, бір түп жусан артық өседі” деген тәмсілді ұстанған қазақ әр сәбидің өз несібесімен дүниеге келетінін айтады. Перзентін көңіл гүлі, көздің нұрына теңеп, жүрек түкпіріндегі үлкен үміт иесі санайды. Сондықтан 1 маусымда тойланатын Халықаралық балаларды қорғау күні – орны ерек, мәні бөлек мереке.
Аталған мейрам аясында біздің өңірде бірқатар шаралар легі ұйымдастырылды. Думанды бағдарлама қалалық мәдени және демалыс паркінде де жалғасын тапты. Төл мерекесін асыға күткен балғындарға толы алаңда аялдайтын жер болмады. Ығы-жығы ата-аналар. Шуылдаған сәби күлкісі. Бірі тәтті жеп мәз болса, енді бірі қойылымдарды қызықтап жүрді. Облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығының қолға алуымен өткен шарада келушілер шығармашылық өнер ұжымдарының мерекелік бағдарламасын тамашалап, балалар асфальт үстінде сурет салудан жарысып, көңілашар ойындарға қатысуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, "Балдырған”, "Қарлығаш”, "Ботақан” секілді үздік би ұжым¬дары мен аниматорлар қызықты көріністер қойып, кішкентай қызылордалықтарға керемет әсер сыйлады. 
– Жаймашуақ жаздың бірінші күні өзімен бірге тамаша мерекені ала келді. 1949 жылы Әйелдер халықаралық демократиялық федерациясының ұсынысымен, БҰҰ-ның қолдауымен Балалар¬ды қорғаудың халықаралық күні мейрамы пайда болды. Сол уақыттан бері бұл мереке бүкіл дүниежүзінде аталып келеді. Елбасы "Қазақстан-2050” Стратегиясында да елде атқарылып жат¬қан шаралардың барлығы болашағымыз – балалар үшін екенін айтып келеді. Сол айтқандай, жазғы демалыстарыңыз ұмытылмастай жақсы әсерлерді сыйласын! Төбе¬мізден әрқашан күн жарқырап тұрсын! Бақытты балалық шақ тілеймін! – деді орталықтың бөлім меңгерушісі Ғазиза Жүнісова. 
Еліміздің түкпір-түкпірінде кеңінен аталып өткен мерекелік шара осылайша есте қалар қуанышты сәттерге толы болды. Көңілді шара соңында мерекеде топ жарған бір топ бала марапатталып, ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлық табысталды.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 маусым 2017 г. 558 0