ОБЛЫС ӘКІМІ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫ АРАЛАДЫ

ОБЛЫС ӘКІМІ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫ АРАЛАДЫБүгін Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев  "Атамекен" балалар ауылында, облыстық балалар ауруханасында және «Шағбан» инклюзивтік балабақшасында болды.
31 мамыр күні аймақ басшысы, ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова  және Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Дархан Мыңбаймен бірге отбасы үлгісіндегі «Атамекен» балалар ауылына барып, ондағы тәрбиеленушілерді мерекесімен құттықтады.  Бүлдіршіндерге музыкалық аппаратура сыйға тартты. 
 Ал,«Атамекен» ауылының кішкентай тұрғындары мәртебелі меймандар назарына арнайы әзірлеген концерттік бағдарламасын ұсынды.
 1 маусым күні облыс әкімі облыстық балалар ауруханасында болып, ондағы онкогематология, паллиативті емдеу бөлімшелеріндегі емделушілермен кездесіп, оларға сыйлықтар табыс етті. Сонымен қатар, неонаталдық хирургия және сәулелік терапия бөлімшелерінің жұмысымен танысты. 
Естеріңізге сала кетейік, Қызылорда қаласында 300 орындық балалар ауруханасы өткен жылы ашылған болатын.
Сондай-ақ,  Қырымбек Көшербаев «Балапан» бағдарламасы аясында  салынып, 2014 жылдың шілдесінде өз жұмысын бастаған «Шағбан» инклюзивтік балабақшасында болды.
Тәрбиеленушілердің тезірек сауығуы үшін мұнда заманауи емдеу тәсілдері кеңінен қолданылады. Мысалы: аутизм және басқа да науқас балалар үшін «ТАМЕТИСТ» бағдарламасы, иппотерапия (жылқы арқылы емдеу) және т.б. 
Балабақшадағы тәрбиеленушілерді облыс әкімі мерекемен құттықтап, сыйлықтар табыс етті. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі балаларға деген қамқорлықтары үшін балабақша қызметкерлеріне алғысын білдірді.
 - Қызылорда облысында 5062 мүмкіндігі шектеулі бала болса, соның ішінде 2238 бала инклюзивтік біліммен қамтылған. Сіздер ата-бабамыздың дәстүрін насихаттап, балаларды атқа мінгізу арқылы сауықтырып қана қоймай, сонымен қатар үлкен өмірге жол ашып беріп отырсыздар. Біз «Шағбан» балабақшасының тәжірибесін облыс көлемінде насихаттап, қолдап, оның жұмыс аясын кеңейтуге мүдделіміз. Алдағы уақытта облыстық әкімдік тарапынан бұл жұмысты зерттеп, тәжірибенің әрі қарай жұмыс жасауына мүмкіндіктер жасаймыз, - деді облыс әкімі.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 маусым 2017 г. 794 0