ТӨЛ ҚОЛӨНЕРДІҢ ТӨРГЕ ШЫҚҚАН КҮНІ

ТӨЛ ҚОЛӨНЕРДІҢ ТӨРГЕ ШЫҚҚАН КҮНІҚызылорда қаласының 195 жылдық мерекесі аясында ұйымдастырылған шаралардың бірі – "Қолөнер – сырлы өнер” атты республикалық көрмесі. Ә.Тәжібаев атындағы кітапханада ашылған көрмеге еліміздің әр аймағынан 40-тан астам шебер келген. Облыс әкімдігі мен "Қарлығаш” қолөнер шеберлер орталығының "Байқоңыр” ӘКК демеушілігімен ұйымдастырған шеберлер басқосуы республикалық деңгейде бірінші рет өткізіліп отыр.
Көрмені аралап көрген облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бұл шараның қолөнер өндірісін дамытуды ынталандыруға, өскелең ұрпақты ата-бабалар өнеріне баулуға септігін тигізетінін айтты. Қазақстан қолөнершілер одағының төрайымы Айжан Бекқұлованың айтуынша, еліміздегі қолөнер шеберлері жасаған туындылар шетелдерде өткен көрмелерге тұрақты түрде қойылып келеді. Халқымыздың әрбір ою-өрнегі тек сәндік үшін емес, олардың астарында терең сыр жатыр. Кейде сөзбен жеткізе алмаған сезімді киізге, кілемге, шиге, ағашқа түсіру бағзы заманнан бері келе жатыр. Бүгінгі мақсат – заманауи технологияларды пайдалана отырып, уақыт жаңалығын, игілігін, бояуын қосып ескі жәдігерлерді жаңғырту, сапалық, дизайн жағынан жетілдіру.  
ТӨЛ ҚОЛӨНЕРДІҢ ТӨРГЕ ШЫҚҚАН КҮНІКөрмеде ерекше көзге түсетін бұйымдар жетерлік. Түркістан қаласынан келген Қалмырза Тасов әжелеріміз таққан қарсы ілгек, тұмар сияқты әшекейлерге қазіргі заманның сәндік үлгілерін қосқан. Күнделікті тағып жүруге ыңғайлы. Ал шымкенттік Болатбек Бейісбектің қолынан шыққан сылдырмақ, шүмек, емізік сияқты бұйымдар көздің жауын алады. Сондай-ақ шебер баланың тұсауын кескенде пайдаланып жүрген ала жіпті насихаттауда үлкен іс тындырған. Ала жіп күн мен түн, жақсылық пен жамандық, ақ пен қарадан тұратын өмірді бейнелейді. Төрт ақ тиынның тағылуы, "төрт құбылаң түгел, төрт түлігің сай болсын” дегенді білдіреді. Тұсау кесетін ала жіптен басқа да бұйымдарды брендке айналдырған шебердің заттары сұранысқа ие болғандықтан, кәсібін де дөңгелентіп отыр.
ТӨЛ ҚОЛӨНЕРДІҢ ТӨРГЕ ШЫҚҚАН КҮНІКөрмеде керамикадан, табиғи тастардан, ағаштан жасалған, бізкестемен тоқылған бұйымдар да қойылған. Өскемендік шебер Байболат Долентаев табиғи тастардың қасиеті, олардың адам денсаулығына пайдасы туралы мағлұматтар айтты. Жергілікті шеберлер Жаныбек Махамбетов, Пахрадин Садықов ағаштан жасалған түрлі бұйымдарымен көпшілікке танымал. Көрік басқан Құдайберген Құлмамбетовтің қолынан шыққан әшекейлердің бәсі жоғары. Алматылық Сержан Баширов жасаған әшекейлерге де әдемілікке құштар нәзікжандылардан сұраныс көп. Абай Рысбаевтың қолынан шыққан кәдесыйлар Қорқыт ата, Қожа Ахмет Яссауи кесенелеріне келуші туристердің қызығушылығын тудырып жүр.
Қолөнер көрмесіне келушілер және ондағы бұйымдарды сатып алушылар легі күні бойы толастамады.  

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 13 қазан 2013 г. 1 711 0