Кеше жалағаштықтар саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, кент іргесіндегі «Халқымен қайта қауышқан есімдер» аллеясына гүл шоқтарын қойды. Шарада аудан әкімі Талғат Дүйсебаев сөз сөйледі.
– Түрлі зобалаңды басынан кешірген қазақ елі үшін 31 мамыр – аза күні. Ақылға сыйымсыз қудалау, жазалау кезінде қазақтың маңдайындағы марғасқа ұлдары опат болды. Оларға «халық жауы» деген айып тағылды. Ұлт зиялылары атылды, асылды, итжеккенге айдалды. Олар халқын сүйген, елім деп еңіреген ерлер еді. Мына алдарыңыздағы құлпытасқа есімдері жазылған адал да абзал азаматтар сол бір солақай саясаттың құр¬баны болғандар. Біз «ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды» деп өскен ұрпақпыз. Жазықсыз жазаланған ата-ағалар есімі ұрпақ¬тар есінде мәңгі сақталады, – деді аудан басшысы.
Санғасырлық тарихы бар қазақтың басынан талай қиындық өтті. Соның ең қасіреттісі 1931-1932 жылдардағы ашаршылық пен 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін. Сол кездегі қызыл солақай саясатының кесірінен миллиондаған қазақ құрбан ¬болса, тағы 1 миллионнан астам халық өзге елден пана іздеп кетті. Өскелең ұрпақты тарихпен тәрбиелейміз. Олар осы заманның қалай келгенін білу керек. Осы жөнінде әңгімелеген аудан ардагерлері мұнан соң аудан¬дық тарихи-өлкетану музейінде «Реквием сағатын» тамашалады.
Н.АЛПЫСБАЙҰЛЫ.