АРАЛ МӘСЕЛЕСІН БІРЛЕСКЕН КҮШ-ЖІГЕР ЖЕҢЕДІ

АРАЛ МӘСЕЛЕСІН БІРЛЕСКЕН КҮШ-ЖІГЕР ЖЕҢЕДІ30-31 мамыр күндері Қызылордада бірінші Арал халықаралық  тұрақты даму форумы болып өтті. Форумның мақсаты – Арал өңірінің экологиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы кеңірек ақпараттандыру, өзекті мәселелерге әлемдік қауымдастықтың назарын аудару. Форум жұмысына Қазақстан Республикасының Мем¬лекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, Парламент депутаттары, Қазақстан Республикасының және Орта Азия елдерінің орталық және жергілікті мемлекеттік органдарының басшылары, Қазақстан Республикасындағы дипломатикалық өкілдіктердің басшылары, халықаралық ұйымдар өкілдіктерінің жетекшілері, ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
Форумды ашқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев оның жұмысына қатысушы меймандарға Елбасының Алаштың анасына балаған қасиетті Сыр еліне келуіне байланысты ізгі тілегін жеткізіп, айтулы шараның ашылуымен шын жүректен құттықтады. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Арал проблемасы жеке бір аймақтың, бір елдің ауқымынан асып, әлемдік проблемаға айналып отырғанын бірнеше рет атап өткенін еске салды. Бұл планетаның барлық прогресшіл күштерінің бірлесіп шешетін мәселесіне айналды. Сарапшылар сөзіне сенсек, Арал теңізі табанынан көтерілген тұз Антарктидадағы пингвиндердің қанынан және Гренландия мұздақтарынан табылып отыр. Бұл жайында Елбасымыз БҰҰ-ның трибунасынан айтқан болатын.
Аймақ басшысы форумның экологиялық проблемалардың танылғанына 25 жыл толуымен сәйкес келіп отырғандығын атап өтті. Осыдан ширек ғасыр бұрын, 1992 жылы 18 қаңтарда ҚР Жоғары Кеңесінің «Арал өңірі тұрғындарының өмір сүру жағдайын түбегейлі жақсартудың бірінші кезектегі шаралары туралы» қаулысы қабылданды.
Содан бері, әрине, көп нәрсе өзгерді. Біз экономика салаларының  динамикалық дамуын қамтамасыз еттік. Тұрғындар өмірінің деңгейі мен сапасы жоғарылады. Елбасы бастамасымен Солтүстік Аралды қалпына келтіруге бағытталған Дүниежүзілік банк қолдаған САРАТС жобасы дүниеге келді.  
Жобаның бірінші кезеңін жүзеге асырудың нәтижесінде Арал өңірі қайта түрлене бастады. Жоба басталғанда Арал қаласынан 75 шақырым қашықтықта тұрған  теңіз енді 17 шақырымға жақындады. Судың келуімен тұздылық деңгейі төмендеп, балық өндірісі қайта жанданды. Тек соңғы 4 жылда өңірде балық аулау 65 пайызға, оны өңдеу 2,5 есе, ал балық өнімдерінің экспорты 3 есеге өсті. Сонымен бірге экология да жақсара түсті.
Облыс әкімі форум Арал теңізін сақтап қалу және қалпына келтіруге ғана үлесін қосумен шектелмейтінін, сонымен қатар болашақ ұрпақтың қолайлы өмір сүруіне үлесін қосатынына назар аударды. Бұл іске әрқайсысымыз үлесімізді қосуға тиіспіз. Иоганн Вольфганг Гетенің «табиғат өз қозғалысында тоқтауды білмейді және қандай да бір әрекетсіздікті кешірмейді» деген пікірін естен шығармауымыз қажет, – деп форум жұмысына табыс тіледі. 
Халықаралық форумға қатысушыларды ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова құттықтады.
Байырғы Сыр өңірінде өткізіліп отырған тұрақты  даму жөніндегі Арал халықаралық форумына қош келдіңіздер, – деген Мемлекеттік хатшы келелі жиынның маңыздылығына тоқталды.
– Жаңа мыңжылдықта әлемдік қауымдастықтың күн тәртібінде тұрған ауқымды мәселелердің бірі – экологиялық проблемалар екені ақиқат. Соның ішінде, Арал тағдыры да – барша адамзатты алаңдатқан түйткілдердің бірі. Бүгінгі таңда Жер шарының әр түкпірінде орын алған  шөлейттену мәселелері, табиғи ортаның бұзылуы және экологиялық тұрақсыздық сияқты сын-қатерлер жаһандық қауіпсіздік үшін үлкен маңызға ие болып отыр.
Бұл сын-қатерлерді еңсеру үшін түбегейлі өзгерістер қажет. Осы орайда Арал халықаралық форумын ұйымдастырудың өзектілігі зор деп білемін.
Қазіргі кезде экологиялық проблемалар тіршілік атаулыға айтулы зардап әкелетіндей деңгейге жетті. Сондықтан экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарына жетудің өте маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. 
Арал трагедиясы Жер шарындағы ең ауқымды экологиялық апат және оның зардаптарымен күресу – күллі әлемнің ұжымдық жауапкершілігі.  
Біз барлығымыз бұл апаттың бүкіл Орталық Азия аумағының тұрақты дамуына, онда тұратын адамдардың денсаулығы мен болашағына  үлкен қатер төндіретін экологиялық-климаттық, әлеуметтік-экономикалық және гуманитарлық салдары туралы білеміз. Арал теңізі құрғауынан болған келеңсіздіктер қоршаған ортаны қорғау мен адамзаттың есен-саулығының арасындағы теңгерімді сақтаудың маңыздылығын көрсетіп берді. Дәл осы себепті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында прагматизмге мән беріп, «өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу» деп атап көрсетті.  
Мемлекеттік хатшы Арал экологиясын сауықтыруға байланысты кеңінен тоқтала отырып, өзекті мәселелерді атады. Бұл жөнінде: – Орталық Азия елдері тәуелсіздік алғаннан бері «Арал дағдарысы» зардаптарының алдын алу шараларын қабылдап, Арал теңізі бассейні проблемаларына ерекше назар аударып келеді. 24 жылдан бері осы аумақ елдерін Халықаралық Аралды құтқару қорының алаңы біріктіруде. Осы форумның Қызылорда қаласында өтуінің мәні зор. Өйткені, 1993 жылдың наурыз айында Орталық Азия елдерінің мемлекет басшылары Арал теңізі мен Арал аймағы проблемаларын бірігіп шешу келісіміне қол қойып, жоғарыда аталған қордың жұмысы басталған еді. Қор Арал теңізі бассейніндегі экологиялық жағдай жақсартудың нақты 2 бағдарламасын жасап іске асырды. Қазіргі уақытта 3-ші бағдарлама жүзеге асуда. Бұл бағдарламаларға айтарлықтай қаржылық, интеллектуалдық және басқа да ресурстар тартылған. Елімізде ортақ проблеманы шешу үшін жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Дүниежүзілік Банктің қолдауымен Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіруге қол жеткіздік. Осы ретте көмек қолын созған барлық халықаралық ұйымдарға, шет мемлекеттерге, сарапшылар мен ғалымдарға алғысымды білдіремін.   
«Арал дағдарысының» тамыры тым тереңде болғандықтан, алдымызда әлі де ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Сондықтан қордаланған проблемаларды шешуде  халықаралық қауымдастықтың  қолдауына үміт артамыз және Орталық Азия елдерімен әрі қарай  күш біріктіреді деп сенеміз.   
Қатысушылар тізіміне қарап отырып, форум Арал теңізі аумағында жағымсыз үдерістерді те¬жей¬тін нақты, жүйелі және бірізді шараларға оң әсе-рін тигізеді деп ойлаймын. Форум әртүрлі сипବты және салдары бар аймақ мәселелерін шешуде тұ¬рақты даму қағидаларына негізделгендіктен, оның маңызы зор. Сәйкесінше, проблемаларды шешу жолдары бір векторлы болмауы мүмкін. Арал теңізімен бай¬ла¬нысты мәселелерді шешуде энергетика, ирригация, экология, денсаулық сақтау және әлеуметтік-эко-номикалық дамуды қамтитын кешенді тәсіл керек, – деді.   
Шындығында, Арал апат аймағы көптеген сарап¬шылардың зерттеу нысанына айналды. Олар¬дың арасында шетелдік сарапшылар да бар. Сон-дықтан осы форум білім мен тәжірибе, қолданбалы идеялар алмасатын, кейін оларды іс жүзіне асыратын алаңға айналды. Мемлекеттік хатшы атап өт-кендей, форум аясында Арал бассейні проблемаларын шешудің тиімді жолдарын іздеуде ғылыми қауымдастықтар, аумақтағы мемлекеттер, халықаралық және шетелдік донорлар арасында сындарлы және прагматикалық диалог орнайды деп үміттенемін.  Бүгін күн тәртібіне қойылған ұсыныстар Халықаралық Аралды құтқару қорының Арал аумағының әлеуметтік-экономикалық мәсе¬лелерін шешуде, экологиялық сауықтыруда өзара әрекет ететін маңызды тұғырнама ретіндегі рөлін арттыру, жұмысын одан әрі нығайту үшін назарға алынатын болады.
Аралдың көкейкесті проблемаларын талқылауға және оларды шешудің оңтайлы жолдарын айқындауға арналған осындай алқалы құрамдағы форумды өткізу игілікті дәстүрге айналатынына сенімдімін.
Cөзінің соңында Мемлекеттік хатшы форум жұмысына сәттілік тіледі.
Мұнан кейін Сенат депутаты Бекмырза Еламанов Сенат төрағасы Қасымжомарт Тоқаевтың құтықтауын оқып берді. 
«Құрметті форумға қатысушылар! Қызылорда облысында өтіп жатқан Арал өңірінің тұрақты дамуына арналған форумының ашылумен құттықтаймын! Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев әлем қауымдастығын жаһандағы ірі апат айлағы деп мойындалған Арал теңізі айдынындағы экологиялық апаттың қоршаған ортаға және өңір тұрғындарына тигізетін кері әсерін еңсеру жолында күш-жігерін біріктіруге үндеп келеді. Елбасы бастамасымен Арал теңізінің және Арал аймағының проблемаларын шешу, Арал аймағының экологиясын сауықтыру және әлеуметтік дамуын қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимылдар туралы келісімге қол қойылып, Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылды. Бүгінгі таңда экологиялық түйткілді, Арал тағдырын шешу жолында Қазақстан БҰҰ-мен және халықаралық қауымдастықпен тиімді ынтымақтастықта жұмыс жүргізіп келеді. Дүниежүзілік банкпен және республикалық бюджеттен қоса қаржыландыру арқылы жүзеге асырылған «ғасыр жобасы» атанған САРАТС жобасы Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың мүмкіндіктер беретіні сөзсіз. Форум жұмысы халықаралық қауымдастықпен бірлесе отырып, Арал теңізін одан әрі сақтап қалу жұмыстарын тереңдетуге оң септігін тигізеді деп сенемін. Сыр елінің халқына өсіп-өркендеуге және форум жұмысына табыс тілеймін». 
Қырғыз Республикасының 3 дәрежелі мемлекеттік кеңесшісі, Қырғыз Ұлттық Ғылым Академиясының ғалым-хатшысы Қалнұр Ормушев: «Арал проблемасы көп жылдардан бері экологиялық, экономикалық, әлеуметтік, ең соңында адами, яғни гуманитарлық зардаптарымен белгілі», деді. Ол кезінде Арал теңізіндегі бактерологиялық сынақтардың зардаптары бүгінгі күні де табиғатқа, тіршілік иелеріне зардабын тигізіп жатқанын атап өтті. Ғалым Валентин Распутинның «Экология туралы айтқанда өмірді өзгерту емес, оны құтқару деп түсінуіміз қажет» деген  пікірін келтірді.
Тәжікстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ализода Назирмад осы форумды ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Форум бұрыннан күш біріктіріп, шешуге тырысып келе жатқан мәселелер бойынша алға жылжуға септігін тигізетін болады. Елші Тәжікстанның Арал теңізінен қашықтықта жатқаныменен оның экологиялық дағдарыс аймағына кіретінін жеткізді. Соңғы кезеңдері Памир тауларындағы 14 мұздақ жойылып кетуіне Аралдан ұшқан тұздың әсері болғаны сөзсіз. Сондықтан да   Тәжікстан мемлекеті аймақтық экология мәселесінен еш тыс қала алмайды. Сол себепті де  1992 жылы мемлекетаралық су жолдары туралы келісімге қол қойса, 1993 жылы Халықаралық Аралды құтқару қорына мүше болды. А.Назирмад Амудария және Сырдария бассейндеріне қатысты ақылдасар мәселелер жетерлік екеніне назар аударды. Ол өзен бассейніндегі егіншілікті суландырудың заманауи тәсілдеріне көшпей болмайтынын айтты. Өйткені, егіндіктерге жіберіліп жатқан судың 30-40 пайызының ғана пайдасы тиюде, қалғаны далаға кеткен есеп. 
Түркіменстанның Ауыл және су шаруашылығы министрінің орынбасары  Гюзгелді Байджанов форум көтеретін экологиялық мәселелер тек жақын аймақ елдері үшін ғана емес, дүниежүзі елдері үшін де маңызды екеніне тоқталды. Қазіргі кездегі табиғаттағы өзгерістер, мұздақтардың еруі аймақтың су ресурстарына әсерін тигізуде. Аймақтағы елдердің халық санының өсуіне, экономикалық дамуына орай су пайдалануда да өзгерістер пайда болуда. Соған байланысты Орта Азия мемлекеттерінің басшылары кездесулерінде бұл мәселе маңызды орын алады және шекаралық өзендерді пайдалануда өзара тиімді шешімдерге келуде екенін жеткізді. 
– Арал проблемаларына қатысты алғашқы шешімдер Қызылорда қаласында қабылданды. Міне, сол кездегі құжатта ең бірінші кезекте шешілуі тиіс мәселелерді дәл анықтай білген біздің мемлекеттеріміздің басшыларының даналығын атап өткен жөн, – деді Өзбекстанның Ауыл және су шаруашылығы министрінің орынбасары Шавкат Хамраев сөз басында. Ол Өзбекстан мемлекетінің басшысы Шавкат Мирзиёв  елді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бес стратегиялық басымдықты айқындағанын, онда бес басымдықтың бірі – Арал теңізі құрғауының зардаптарын жеңілдетуге бағытталған шаралар болып табылатынын атап өтті. Сондай-ақ, елде Арал өңірін дамытуға арналған арнайы бағдарлама да қабылданған. Бұл бағдарлама бойынша осы аймақтағы тұрғындардың өмірін жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, табиғатты қорғау секілді басқа да көптеген игілікті шаралар жүзеге асырылатын болады.
ПРООН үйлестірушісі Константин Сокульский ПРООН ұйымы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бірден ынтымақтастық орнатып, одан бергі уақытта түрлі салалар бойынша көптеген бірлескен стратегиялық бастамаларды жүзеге асырды деді. Олардың бәрі Қазақстанның тұрақты дамуына бағытталған. Соңғы үш жылда Қызылорда облысы әкімдігі мен бірлесе бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Бұл байланыстың үзілмеуін мақсат тұтып, облыс әкімдігімен бірге  Арал ауданының тұрақты дамуына бағытталған жаңа жоба әзірлеп жатқанын жеткізді. Еуропа экономикалық комиссиясының қоршаған орта бойынша бөлімінің жетекшісі Марко Кайнер де өз сөзінде Арал апаты әлемдік қауымдастықтың назарында екенін жеткізді. 
Форумның бірінші пленарлық отырысында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Арал аймағының Қазақстандық бөлігінің әлеуметтік-экономикалық дамуы, экологиялық проблемалары және жағдайды жақсартуға өңірдің қосқан үлесі туралы баяндама жасады. 
– Бүгін қайраткерлер, ғалымдар мен дипломаттар, халықаралық экологиялық ұйымдар мен түрлі мемлекеттердің даму институттары өкілдерінің осы жерде бас қосып, баршаның алаңдаушылығын туғызған экологиялық мәселелерді талқылауға жиналғандарыңызға шынайы алғысымды білдіремін! 
Сіздерді тағы да Арал халықаралық тұрақты даму форумына келулеріңізбен құттықтаймын. Бүгінгі форумға жалпыхалықтық алаңдаушылық туғызып отырған мәселені талқылау үшін әртүрлі елдердің халықаралық экологиялық, даму  ұйымдары мен институттарының өкілдері, қайраткерлері, ғалымдары, дипломаттар жиналып отырғанына қуаныштымын. Бүгінгі кездесу ең алдымен біздің аймақ проблемасын, соның ішінде Арал теңізінің құрғауына байланысты пайда болған өзекті мәселелерді шешуде біздің қатынастарымыздың деңгейі жоғары екенінің айғағы болып табылады. Бүгін ұлы Сырдарияның жағасында осыдан жарты ғасыр бұрынғыдай Арал теңізін тұрақты дамыту мақсатындағы ойы бір арнада тоғысқан пікірлестер бас қосып отыр.
АРАЛ МӘСЕЛЕСІН БІРЛЕСКЕН КҮШ-ЖІГЕР ЖЕҢЕДІБірнеше ондаған жылдар ішінде біз әлемдегі ең ірі тұйықталған су айдыны жоғалып кетуінің куәсі болып отырмыз. Бұған дейін бір ұрпақтың көз алдында тұтас теңіздің жоғалып кетуі тарихта болған емес. Өкініштісі, бұл адамның табиғатқа және оның  табиғи ресурстарын пайдалануға келгендегі ойластырылмаған саясатының салдарынан орын алып отыр. Ол экологиялық жағынан теңдесі жоқ зардапқа әкеліп соқтырды. Өкінішке орай, адам табиғатпен үйлесімді өмір сүруге бейімделе алмады. Ол сол үшін бізді жазалап жатыр. Табиғат өзіне қатысты мұндай көзқарасты ешқашан кешірмейді деп өткеннің өзекті істеріне тоқтады және облыс басшысы бірнеше деректі алға тартты.
– «Арал дағдарысы» адамзат тарихындағы ең ірі экологиялық апаттың бірі болып саналады. Оның зардап аймағында осы өңірде тұратын 35 млн адам душар болып отыр. Соңғы 40-45 жыл ішінде Арал теңізі 22 метрге төмендеді, айдын көлемі төрт есеге, судың көлемі 10 есеге кеміп, судың тұздылығы 70 г/л құрады. Арал теңізі шын мәнінде «Өлі теңізге» айналды. Теңіз өз алдына дербес бірнеше су айдынына бөлінді. Тоқсаныншы жылдарға қарай көптеген жерлерде ол бұрынғы жағалаулардан 100-150 шақырымға қашықтады. 6 млн гектардан астам жер тұзды шөлге, тұзды шаңдардың  атмосфераға таралуының көзіне айналды. Жыл сайын теңіз табанынан ондаған млн тонна тұзды шаң мен улы тұздар, құмдар көкке көтеріліп, ауқымды қашықтыққа таралуда. Арал теңізінде егіс алқаптарын шайғаннан кейінгі пайда болған миллиардтаған тонна улы тұздар жинақталды. Осындай қасіретті зардаптардың салдарынан 200 түрлі балық түрінің апатты жағдайда жоғалып кетуі орын алды. Осылайша бұрын 60 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтыған жергілікті балық өнеркәсібіне үлкен соққы жасалды. Балықшылар қонысы мен шаруашылықтары жағалаудан бірнеше ондаған шақырымға алыстап кетті. Көптеген балықшы отбасылары өздерінің баспаналарын тас¬тап, басқа аймақтарға, басқа айдындарға қоныс аударуға мәжбүр болды. Тіршілік нышаны жоғалған жағалауларда қалған қоқыс басқан кемелердің «бейіті» осы қасіретті трагедияның көрінісі болып табылады.
Бұл орайда Аралды суландырып тұрған Әмудария мен Сырдария өзендері бассейндерінде суландыру-мелиорациялық қайта құру жөніндегі жұмыстар бұрынғы қарқынмен жүргізілгенде ХХІ ғасырдың басында Арал теңізі жер бетінен мүлдем жоғалып кетер еді деген есептер барлығын естеріңізге салғым келеді. Арал теңізінің құрғауымен бірге экологиялық мәселеден басқа әлеуметтік-экономикалық проб¬лемалардың күрделі кешені қалыптасты. Бірақ, Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы ауыр жылдарына қарамастан, біздің елімізде Арал проблемасына айрықша көңіл бөліне бастады. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев құрғаған теңіздің зардаптарының алдын алу жөніндегі проблемаларды шешу үшін Арал өңірінің қазақстандық аумағын дамытуға айрықша назар аударды. Бүгінде Қызылорда облысы даму қарқыны бойынша еліміздегі көшбасшы аймақтардың қатарында келеді. Әртараптандыру шараларын белсенді жүргізу нәтижесінде аймақ экономикасының жаңа құрылымы қалыптасты. Облыс аграрлық аймақтан индустриалды-аграрлық өңірге айналды. 30-дан астам жаңа мұнай кеніштері ашылды. Уран өнеркәсібі дамытылуда. Әлемдегі ең ірі ванадий кеніштерінің бірі «Баласауысқандық», алтын, басқа да бағалы кен орындарын игеру қолға алынды. Әлемдегі ең ірі қорғасын-мырыш кен орны «Шалқияның»  қызметі қайта жанданды. 
Шикізаттық емес секторды дамыту жөнінде үлкен жұмыстар жүргізілуде. Соңғы төрт жылдың ішінде 16 жаңа кәсіпорын іске қосылды. Қазір тамақ, құрылыс және химиялық өнеркәсіп кәсіпорындарын дамыту бойынша жұмыстар атқарылуда. Біз өз алдымызға тұтас металлургиялық кластерді дамыту жөнінде өршіл мақсат қойдық, бұл межеге сатылап жақындап келеміз.
Қызылорда облысы Қазақстандағы күріштің 90 пайызын өндіретін ірі аймақ болып саналады. Облыстың 3 ауданында ғана өндірілетін күріш Қазақстанның бүкіл қажеттілігін өтеуге жарайды. Бүгінде күріштің өнімділігі 1991 жылдың көрсеткішінен 30 пайыз асып түсті. 
Мал шаруашылығында бүгінгі таңда мал басы барлық түлік бойынша табысты деген 1993 жылдың деңгейінен асып түсті. 
Әлеуметтік салада көп жұмыс атқарылды. Соңғы екі он жылдықтан астам уақытта Қызылорда облысында 300-ден астам жаңа білім беру және денсаулық сақтау нысандары салынды. Бірқатар қазіргі заманауи жабдықтармен жабдықталған медициналық, диагностикалық және қайта сауықтыру орталықтары салынды. Үш ауысыммен оқытылатын мектептер жойылды. Апатты мектептер проблемасы шешілді.
Тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып келеді. Аталған жылдары 4 млн шаршы метр тұрғын үй алаңы пайдалануға берілді. Тұрғындардың 63 пайы-зы табиғи газбен, 95 пайызы орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз етілді деп атап көрсетті.Бұл орайда экологияны сауықтыру жайна да мән берді.
– Әрине, табиғаттың нәзік экологиялық үйлесімі бұзылған жерде экономика қалыпты дами алмайды. Ғалымдардың мәліметінше, Арал теңізінің құрғаған табанынан жыл сайын аспанға көтерілген тұзды шаң мен улы заттар суармалы егістіктерді, жайылымдықтарды, бау-бақшаларды жауып, олардың өнімділіктерін төмендетуде, ауылшаруашылық мақсаттағы жерлер айналымнан шығуда, экологиялық жағдай нашарлап, халықтың денсаулығына кері әсерін тигізуде. Сондықтан, ең басты күш-жігер бізде тұзды шаңдардың көшкініне тосқауыл қоюға, олардың теріс ықпалының қоршаған ортаға зиянын жоюға бағытталды. 
Теңіздің құрғаған табанындағы құм көшкінін тоқтату үшін жыл сайын жартылай шөлейт және шөлді ауа райына төзімді бірнеше мың гектар сексеуіл және басқа да өсімдіктер егілуде. Осының нәтижесінде теңіздің құрғаған алқабына 150 мың гектар орман дақылдары егілді, олардың жартысына жуығын орман алқаптары құрайды. 
Экологиялық проблемалардың зардаптарын жою мақсатында ПРООН, ЮНИСЕФ, ЮНЕСКО, ЮСАИД, СИДА, Джайка, ТИКА, МАШАВ, Кувейт қоры және басқалар секілді халықаралық ұйымдардың күш-жігері бағытталды. Олардың күшімен Қызылорда облысының аумағында 6 млн АҚШ долларын құрайтын 70-тен астам жоба жүзеге асырылды. Сәті түсуін пайдалана отырып, бүкіл Арал өңірі халқының атынан көрсеткен қолдаулары үшін оларға алғыс сезімімді білдіргім келеді. 
Әлбетте, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың шешімімен және Бүкіләлемдік банктің қолдауымен жүзеге асырылған, халық ұғымында «ғасыр жобасы» саналған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы Арал теңізін сақтап қалудың керемет үлгісі болып табылады. 2005 жылы РРССАМ жобасы бойынша Кіші Арал және Үлкен Арал арасында 13 шақырымдық «Көкарал» бөгеті салынып, ол күткендегіден жақсы нәтиже берді. 2006 жылдың наурыз айында Кіші Аралдың деңгейі теңіз деңгейінен көтеріліп, 42 метр деңгейде тұрақталды. Салыстыру үшін айтайық, 2002 жылы Кіші Аралдың деңгейі 38 метрден көтерілмеген болатын. Кіші Аралдың тұздылығы кеми бастады, бүгінгі таңда оның деңгейі қазіргі регрессия дейінгіден төмен.
Нәтижеде Аралдың құтқарылған бөлігінде бұрын іс жүзінде қырылып қалатын балықтың бүгінде 20-дан астам түрі өмір сүруде. Балық аулау көлемі жыл сайын өсе түсуде, Арал балығы Еуропа мен Азияның көптеген елдерінде сұранысқа ие болып, экспорт өніміне айналды. Балық шаруашылығы қайтадан облыс экономикасының маңызды саласының біріне айналды.
Арал өңірі қайта түледі. Бүгінде Арал қаласын теңізден бар болғаны 17 шақырым қашықтық бөліп тұр. Бөгет салынғанға дейін бұл қашықтық 75 шақырымды құрайтын. Әлбетте, біз көп нәрсе істедік, бірақ, Арал өңірінің проблемасы шешілді деп айтуға әлі ерте. Оны құтқарудың алғашқы қадамдары ғана жасалғанын атап өткім келеді. Арал теңізі бассейні жағдайына жүргізілген талдау біздің күш-жігерімізге қарамастан, аймақ экологиясына қауіп төндіретін факторлар көлемі қолданылып жатқан шаралардың ауқымынан жоғары екенін көрсетіп отыр. Оңтүстікте орналасқан Үлкен Арал жоғалып барады. Су деңгейі апатты деңгейде төмендеуде. Судың тұздануы жылдам өріс алуда. Оның деңгейі 150 г/литрден асып түсті. Таяу болашақта Арал теңізінің бұрынғы деңгейде қалыптасу ықтималдығы өте төмен.
Сарапшылардың пікірінше, теңіздің табанынан көтерілген улы заттар қоспалары шығысында Тянь-Шаньнан, Батыс Еуропада Скандинавияға дейінгі орасан зор аумақта шоғырланып қалады. Жүздеген мың адамдар улы ауамен тыныс алуда. Тұзды шаң көптеген өзендердің бастау алатын биік таулардың мұздақтарына сіңуде. Бұл өз кезегінде жағалауға таяу орналасқан тұрғындарды былай қойғанда, теңізден мыңдаған шақырым қашықтықта жатқан су құбырларына, құдықтарға келіп құйылатын судың сапасына кері ықпалын тигізуде. 
Әдетте, мақтадан, күріштен және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарынан жоғары өнім алу үшін оларға көптеген минералды тыңайтқыштар, улы химикаттар беріледі. Олардың көпшілігі табиғатқа тарап кетпегендіктен, адамдарға айрықша қауіпті болып табылады. Осынау пестицидтер мен гербицидтердің қосындысынан құралған қауіпті қоспалар Сырдария өзеніне түсіп, ауызсу және тұрмыстық қажеттілік үшін пайдаланатын жерүсті және жерасты суларын ластап Аралға құйылуда. Бұл осы келеңсіз факторды барынша сезініп отырған Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқан Қызылорда облысы үшін айрықша өзекті мәселе болып табылады,– деді. 
Сондай-ақ, Қырымбек Елеуұлы аймақ экологиясына қатысты мәселелерді тарқатты. 
– Соңғы онжылдықта облыста мұнай және уран өндіру саласы кеңінен дамыды. Жалпы, бұл салалардың теріс зардаптарын ескерусіз қалдыруға болмайды. Оған «Байқоңыр» ғарыш айлағының  теріс ықпалын қосыңыз. Жыл сайын осы жерден барлық ғарыштық зымырандардың 30 пайызы ұшырылады. Ғалымдардың пікірінше, жанып кеткен зымыран отындары мен қышқылдарының қалдықтары 20-100 шақырым биіктіктен түскен кезде мыңдаған шаршы шақырым жерге сіңеді. Ал, зымыран отыны компоненттерінің зияны жер бетінен өздігінен жойылып кетуі үшін ондаған жылдар уақыт керек.  Мысал үшін, гептил адам организміне өкпе, асқазан-ішек, тері арқылы ене отырып, оның иммундық, жүрек-қан тамырлары жүйесін, қан мен бауырды ластайды. Қоршаған ортаның радиоактивті ластануы, гептилдің жинақталуы және оның өнімдерінің таралуы туу көрсеткішінің төмендеуіне, қан және қан айналымы ауруларының, индокрин жүйелерінің және басқа да көптеген аурулардың туындауына себепші болады.
Арал өңірі дағдарысы тақырыбына көптеген зерттеулер арналды. Меніңше, олардың ішінде өскелең ұрпақтың денсаулығына қатысты жүргізілген зерттеулер айрықша маңызға ие болады деп ойлаймын. Мысал үшін, бір зерттеуді келтірейін. Еліміздің жетекші ғылыми-зерттеу институттарының зерттеулері бойынша 1996-2005 жылдар аралығында тексеруден өткізілген 6 мың балада жетілудің аз аномалиясы, иммун тапшылығының қайталануы және басқа да патологиялар байқалған. Балалардың жартысында жүрек-қан тамырлары, орталық нерв, дәрет шығару жүйелерінің науқастануы проблемалары бар. Балалардың түгелге жуығы тыныс алу органдарының, гепатобилиар жүйесінің, ас қорыту органдарының науқасына шалдыққан.
Сәбилер өлімінің, сәбилердің өлі тууының және аналар өлімінің көрсеткіштері жоғары. Туабітті аномалия салдарынан сәбилердің өлі тууы көрсеткіші соңғы он жылда екі есе – 2005 жылғы 10,8 пайыздан 2015 жылы 23,7 пайызға өсті. Жүрек-қан тамырлары ауруы 1,6 есе, қант диабеті 3 есе, балалардың сал ауруы 2,7 есе, 14 жасқа дейінгі балалардың бронхиалды астмасы 2 есе өсті. Енді осылардың барлығын экологияның зардабы емес деп көріңіз!
Жүргізілген зерттеулердің нәтижесі бойынша Қызылорда облысының барлық аудандарындағы жердің, судың, ауаның құрамындағы химиялық элементтердің көлемі артып кеткен. Тіпті мұндай келеңсіз жағдай Арал теңізінен 400 шақырым қашықтықта, экология жағынан салыстырмалы түрде жақсы деген аймақтардың өзінде байқалып отыр. Осыған сәйкес аймақ тұрғындарының, әсіресе, балалардың қан құрамы өзгеруде, өмірлік қажеттілік элементтерінің көрсеткіштері төмендеуде, темір тапшылығы анемиясы байқалуда, балалардың өсіп келе жатқан организміне теріс ықпал жасайтын элементтер құрамы өсуде.
Әлбетте, статистиканың құрғақ деректері осы өңірде тұрып жатқан халықтардың күллі трагедиясын, олардың көңіл күй сезімдерін толық жеткізіп береді деп айта алмаймын. Бүгінде су ресурстарының жетімсіздігі, ауызсу сапасының нашарлауы, жердің азып-тозуы, ауа райының өзгеруі, тұрғындардың, әсіресе, балалар ауруының өсуі, осыдан туындайтын әлеуметтік-экономикалық және демографиялық проблемалардың күрделі кешені – Арал өңірі халқының бетпе-бет кездесіп отырған бүгінгі шындығы, міне, осындай.
Өкінішке қарай, бүгінгі таңда Арал теңізін толық көлемінде қалпына келтіру мүмкін еместігі айқындалып отыр. Сондықтан, біздің алдымыздағы маңызды міндет – Арал дағдарысының қоршаған ортаға және осы өңірде тұратын миллиондаған адамдарға тигізетін орасан зор теріс ықпалын барынша азайту болып табылады. Ол үшін терең ойластырылған атаулы жобаларды жүзеге асыру қажеттігі туындайды.
Менің атап өткенімдей, Қазақстан Арал өңірі тұрғындарының жағдайын жақсартуда көп іс тындыруда. Иә, ауқымды істер атқарылды. Бірақ, біздің алдымызда әлі көптеген кезегін күткен міндеттер бар. Бұл жұмыстардың қаншалықты сәтті жүргізілуі барлығымыздың күш-жігеріміздің бірігуіне байланысты, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысының баяндамасынан кейін форумға қатысу¬шылар назарына Арал және Қазалы аудандарында жаңа білім ошақ¬тарының ашылуы және Арал ауданындағы аудандық ауру¬хана құрылысының басталуы туралы бейнематериалдар ұсынылды.
Форумда «Астана» халықаралық ғылыми кешенінің директорлар кеңесінің төрағасы РАЕН академигі, экологиялық қауіпсіздік және табиғат қорғау халықаралық академигінің мүшесі Нұрлан Сәрсенбай сөз сөйлеп, бүгінгі кездесудің тарихи маңыздылығына тоқталды. Ол осыдан 25 жыл бұрын Қызылорда қаласында Орта Азия мемлекеттері басшыларының бірлескен шешім қабылдағанын, сондай-ақ Аралды құтқару қоры құрылып, Нұрсұлтан Назарбаев оның алғашқы президенті болғанын еске салып өтті. Бұл форумды өткізу идеясы Қызылорда облысы әкімдігі, Халықаралық Аралды құтқару қоры, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің тарапынан болғанын айтып, барша әріптестеріне ризашылығын білдірді. Ол «Астана» халықаралық ғылыми кешенінің жұмысында  экология бағытындағы зерттеулер үлкен орын алатынын мәлімдеді. 
ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев өз сөзінде Арал теңізінің тартылуы ХХ ғасырдағы ірі экологиялық апат саналатынын, оның зардаптарын миллиондаған адамдар тікелей сезініп бастан өткергенін жеткізді. Арал өңірінің бүгінгі экологиялық-әлеуметтік-экономикалық жағдайының тағы да халықаралық деңгейге көтерілуі осы аймақта тұрып жатқан халықтың тұрмыс-тіршілігіне алаңдаушылық білдірудің шынайы белгісі деген ол, Қазақстан мемлекеті қоршаған ортаны қорғау саласында, халықаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында көптеген мемлекеттермен халықаралық келісімшарттарға қол қойғаны туралы айтып өтті. 
Орталық Азия өңірлік экологиялық орталығының ат¬қарушы директоры Искандер Абдуллаев форумға қатысушыларды бүгінгі таңда қоршаған ортаны жақсарту бағытында қолға алынып жатқан жобалар жайынан хабардар етті. 
Халықаралық Аралды құтқару қорының қазақстандық дирекциясының атқарушы директоры Болат Бекнияз экологиялық апаттың зардаптарын тоқтату туралы Орта Азия мемлекеттері басшыларының бас қосқанына 25 жылдай уақыт өтті деді. Одан бергі уақытта көп жұмыстар жасалды, ең бастысы, апат аймағы тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуде бірлесе шешім қабылдауды үйрендік. Қор басшысы Аралдың құрғаған ұлтанының зардаптарын азайту, адамдардың денсаулығын жақсарту мақсатында «Жасыл белбеу» жобасын жүзеге асыру ұсынылып отырғаны жеткізді. Оның ұзындығы 70 шақырым, ені 200 метрден бір шақырымға дейін жететін болады Оны Қазалы сол жағалау дренаждық коллекторынан, Ақсай мен Қуаңдария көлдер жүйесінен және Сырдария өзенінен суландыру жоспарлануда. Бұл жобаның жүзеге асуымен микроклимат жақсарып, жануарлар дүниесі көбейіп, адамдар жаңа жұмыс орындарымен қамтылатын болады. Жобаны Дүниежүзілік банк қолдап отыр. Б.Бекнияз бұл жоба жүзеге асуыменен Арал теңізінің қазақстандық бөлігінде экологиялық, әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған басқа да жобалардың дүниеге келуіне оң септігін тигізетініне сенім білдірді.  
Бірінші пленарлық отырыстың соңына таман ынтымақтастық жөніндегі меморандумдарға қол қою кезегі келді.  ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілі Ғалымжан Болатбаев, Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстандағы дирекциясының атқарушы директоры Болат Бекнияз, Халықаралық «Астана» ғылыми кешенінің директоры Нұрлан Сәрсенбай, Қазақстанның биотүрлілігін сақтау қорының директоры Асылхан Асылбеков және Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов «Арал теңізінің шығыс жағалауы мен елді мекендерде «Жасыл белдеу» құру», «Жабайы жануарларды климаттың өзгеруіне жерсіндірудің Арал өңірі орталығын құру», «Қамыстыбас» көлінің жағалауында «Арал» ғылыми-туристік орталығын құру» және «Қызылорда облысының Атласын дайындау және ГИС технологиясының негізінде Арал өңірінің интерактивті электронды картасын әзірлеу» жобалары бойынша меморандумдарға қол қойды.
Ы.ТӘЖІҰЛЫ,
Ж.АҚСАҚАЛОВ.
 


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 маусым 2017 г. 1 451 0