Конференцияның пленарлық отырысын облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ашып, жүргізіп отырды.
ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова шараның маңызына тоқталып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
– Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен осымен сегізінші рет ұйым-дастырылған «Тарихқа тағылым – өткенге тағзым» халықаралық жобасы 2010 жылы алғаш рет Астана қаласында өткізілген еді. Зұлматты жылдар құрбандарын еске алуға арналған халықаралық жоба онан кейін Қарағандыда, Талдықорғанда, Шымкентте, Семейде, Оралда және Жезқазғанда жүзеге асырылып, осы жолы Қызылорда облысында жалғасын тауып отыр.
Қызылорда – мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуында ерекше орны бар оның алғашқы астаналарының бірі болған тарихи қала. Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Әрбір жұрт тарихтан өзінше тағылым алады, ол әркімнің өз еркіндегі шаруа. Біреуге өзіңнің көзқарасыңды еріксіз таңуға болмайды, бізге тарих туралы өздерінің субьективті пайымдарын тықпалауға да ешкімнің хақысы жоқ. Өйткені жиырмасыншы ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлматты ғасыр болды» деп атап өткен.
Қазақ халқының басындағы қуғын-сүргін, ашаршылық, яғни ел басындағы нәубет Сыр жұртшылығын да айналып өткен жоқ. Қолда бар мәліметтерге қарағанда, тоталитарлық жүйе тудырған ауыр кезеңде облыс бойынша 4038 отбасы саяси қуғынға ұшырап, 1153 адам атылған. Тарихшылардың айтуынша, саяси қуғын-сүргін бел алған зұлмат заманда біздің халқымыздың төрттен бірі бас сауғалап шетелдерге көшкен. Елде қалған ардақтыларымыз атылды, итжеккенге айдалды, түрмелерге қамалды, ар-намысы тапталды. Бұл өткен ғасырдың 20-30 жылдары кеңестік кезеңнің алғашқы ширегінде орнаған әкімшіл-әміршіл жүйе тудырған ақылға сыймайтын, бір жағынан саяси әлімжеттіктің, екінші жағынан қорғансыздықтың көрінісі болатын. Сондай-ақ, көшпенді, жартылай көшпенді шаруашылықтарды күштеп отырықшыландыру, байларды зорлық-зомбылықпен тәркілеу, кулактарды тап ретінде жою саясаты да ұлтты әлеуметтік-экономикалық құлдырауға ұрындырды. Осы күні еліміздің барлық өңірінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шаралары жүргізіліп жатыр. Сол заманның оқиғаларын есте сақтау – бүгінгі ұрпақ үшін қасиетті парыз. Қуғын-сүргін құрбанына айналған 100 мыңнан астам адам туралы ақпарат қамтылған мемориал вебпорталы іске қосылып, әрбір облыста «Аза» кітабы шығарылды. Мәселен, Қызылорда облысы бойынша ішкі істер департаментінің архив істерінде сол жылдары қозғалған алты мыңнан астам қылмыстық істің құжаты бар. Бұл тарихшы, зерттеуші, ғалым, журналистер үшін құнды дерек болып табылады. Облыста архивтің жаңа ғимараты салынуда екен. Бұл өте маңызы зор ғимарат болмақ, – деп Мемлекеттік хатшы конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Онан соң ҚХА төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай сөз алып, атаулы күннің маңызы жөнін¬де айтып өтті.
– Бүгінгі конференцияның «Тарихи жады және тағылым-рухани жаңғырудың негізі» деп аталуында үлкен мән бар екені айқын. Елбасы өзінің тарихи мақаласында: «Жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа ұрпақтың жаңғыруының ең басты шарты сол ұлттық кодыңды сақтай біл. Егер жаңғыру елдің ұлттық рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды. Бұл қазақ тарихының жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиегін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы» деп атап көрсетті. Қазақ елінің санғасырлық тарихында қабырғаң қайыспай еске алу мүмкін емес ақтаңдақ тұстар жетіп-артылады. Соның ішін¬де жиыр-масыншы жылдардағы ¬саяси қуғын-сүргін. Біздің ендігі жердегі борышымыз, сол қанқұйлы жылдардың оқиғасын, сол кездің жазықсыз құрбандарының есімін есте сақтау, – деді Дархан Мыңбай. Сонымен бірге ол еліміздің алғашқы астанасы болған Қызылорданың тарихтағы рөліне тоқталды және ¬сая¬си қуғын-сүргін жылдарын зерттеуде өзінің ұсынысын айтты.
– Саяси қуғын-сүргін соңы 1932-1933 жылғы алапат аштыққа алып келді. Бір деректерде 2,7 млн, келесі бір деректе 3,5 млн адамнан айырылыппыз. Бұл сол кездегі қазақ халқының тең жартысы. Егер 1917-1926 жылдардағы азамат соғысынан болған қырғынды, аштықты қоссақ, жоғарыдағы көрсеткіш бұдан да толыға түсер еді. Сондықтан мынаны ұсынамыз. Бірінші, саяси қуғын-сүргін, жаппай репрессия деген ұғымды айтқанда оның хронологиялық ауқымын сонау 1916 жылдан бастап 1939 жылдар деп көрсеткен орынды. Екінші, репрессиядан қырылған қазақтардың саны мен сапасын анықтағанда бүгінгі Қазақстан көлемінде қалмай, Ресейде, Қырғызстанда, Өзбекстан, Түркіменстанда, Иран, Ауғанстан, Моңғолия, тіпті Қытай, тағы басқа елдерде жазықсыз қырылған қан-дастарымызды да енгізгеніміз жөн. Үшінші, қырғын кезіндегі бауырластық пен этносаралық дос¬тықты да ұмытпағанымыз дұрыс. Мысалы, 1916 жылы қырғыз хал¬қының жүздеген мың өкілі Шығыс Түркістан, Қытай асқанда Алаш ¬зиялылары көмек қолын созған, – деп түйіндеді Дархан Мыңбай.
Конференцияның пленарлық мәжілісінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев зұлматты жылдардың ел тарихындағы өшпес рөлі жайында айтып, егемен еліміздің бүгінгі дамуына тоқталды.
– Бүгін – халқымыздың та¬рихын¬¬дағы ең қасіретті күн. Осы зұл-мат¬ты кезең туралы ¬Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Күллі ХХ ғасыр рево¬люциялық сілкіністерге толы болды. Бұл осы аумақтағы барша ұлттарға мейлінше әсер етіп, бүкіл болмысын өзгертті. Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды», – деп ерекше атап өтті. 1992 жылы осы мәселені арнайы зерттеген Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі Төралқасының комиссиясы өзінің қорытындысында: «Қазақ елі аштықтан және соған байланысты індеттерден, сондай-ақ, табиғи өлім деңгейінің ұдайы жоғары болуынан 2 млн 200 мың адамнан, яғни, барлық қазақ халқы¬ның 48 пайызынан айырылды», – деп жазды. Аштықтан негізінен жас балалар мен әйелдер қырыл-ғандықтан, қазақтардың өсуі қатты тежелді. Кейін бұл аштық «Қызыл қырғын», «Голощекиндік геноцид» деген атауға ие болды. 1925 жылы қыркүйекте Қазақ¬станға басшылық қызметке Голощекиннің жібе¬рілуі жағдайды ауырлата түсті. Оның жүргізген саясаты шын мәнінде ұлт зия¬лыларын жаппай қуғындауға ұласты. Оған ашық қарсы тұрған Қазақстанның белгілі мемлекет қай¬раткерлері Ж.Мыңбаев, С.Сәдуа¬қасов, Т.Рысқұлов, Н.Нұрмақов, С.Қожанов, тағы басқалары қыз¬меті¬¬нен алынып, республикадан қуыл¬ды. Осы кезеңде тұтқындалған 44 алашордашылардың үшеуі – Ж.Аймауытов, Ә.Байділдин, Д.Әбілов ату жазасына кесіліп, үкім орындалды, – деп атап өтті облыс әкімі хабарламасында.
Жаппай жазалау үзіліс¬сіз жүр¬гі¬зіліп, 1937 жылдың 30 шіл¬де-сінде КСРО Ішкі істер халық комиссариатының бұйры¬ғы¬мен қы¬рып-жою операция¬сы бұрын-соңды болып көрмеген қарқынмен кү¬шей-тілді. Деректерге сүйенсек, осы уақыттан 1938 жыл аралығында Қазақстанда 25833 адам партиядан шығарылып, олардың 8544-і «Халық жауы» не олардың «сыбайласы», «әлеуметтік жат элементтер» ретінде айыпталды. Белгілі қазақ зиялылары, Алаш қайраткерлері түгелге жуық жазаланды. Қуғын-сүргін басталған жылдан Сталин дүниеден өткенге дейін Қазақстанда 103 мың адамға саяси айып тағылып, оның 25 мыңы ОГПУ-НКВД үштігі үкімімен, сот үкімімен атылған.
Сыр бойында сол сұрапыл ке¬зеңде жазықсыз азаматтардың үсті¬нен 2 мыңнан астам қылмыстық іс қозғалып, тіпті бір іс бойынша бірнеше адам тартылып, 200 адам ату жазасына кесілген.
– «Орнында бар оңалар» дейді халық даналығы. Кешегі қуғын-сүргіннің зардабын тартқан ұлттар бүгінгі күні қазақ халқымен бірге өмір сүріп, біте қайнасты. Қазіргі кезеңде олар Тәуелсіз Қазақстанды, Сыр өңірін гүлдендіру, көркейту мақсатында берекелі бірлікте, тату-тәтті тірлікте тізе қосып, еңбек етуде. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адам¬дарға қатысты әділеттілікті қалпына келтіру, осы қуғын-сүргіннің барлық құрбандарын ақтау, оларға тигізген моральдық және материалдық залалды қазіргі уақытта барынша мүмкін болатын өтеуді қамтамасыз ету мақсатында 1993 жылғы 14 сәуірде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заң қабылдады. Ел Президентінің Жарлығымен 31 мамыр – ¬Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп белгіленді. Бүгін біз сол қасіретті де азалы күндерімізді ұрпағымыз ұмытпасын, бабалар басынан өткен зұлматты жылдарды жадында сақтап, құрметін білдірсін деген ниетпен Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш-белгіні реставрациядан өткізіп, қайта аштық,– деді аймақ басшысы.
Конференция тақырыбына байланысты баяндамалар оқылды. Атап айтқанда, «Орталық Азияның этностық корейлерінің Кеңестік және посткеңестік кезеңдегі өмірін өркениетті зерттеу» тақырыбында Ханкук университеті Орталық Азия институтының профессоры Сангчел Кимнің, «Тарихи жады және қоғамдық сананы жаңғырту: қазіргі заманғы қазақстандық қоғамның дамуының ең маңызды факторлары» туралы Түрік технология және бизнес университетінің профессоры Тогрул Исмаилдің, «Халық жады – рухани жаңғырудың ірге¬тасы» тақырыбында ҚР Прези¬денті Архивінің директоры, ¬тех¬¬¬ника ғылымдарының докторы Борис Жапаровтың, өзге де ¬бірне¬ше ғалымдардың баяндамалары тыңдалды. Конференция соңы секциялық жұмыстарға жалғасты.
* * *
«Тарихи жады және тағылым – рухани жаңғырудың негізі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы кеше түстен кейін секция отырысына ұласты. Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін, ашаршылық және жер аудару кезеңін тарихи талдау тәжірибесіне арналған секция жұмыстарына жиырмаға жуық баяндама келіп түскен. Еліміздегі іргелі оқу орындарының ғалым¬дары осы тақырыпты арқау етіп, өз ойларын ортаға салды.
Ғылыми отырыс кезінде баяндамашылар түрлі тарихи деректер келтірді. Бұрын айтылмаған, архивтерде ашылмай қалған құнды құжаттарды зерттеу жөнінде пікірлерін білдірді. Сонымен қатар, сол кездегі қазақ зиялыларының қилы тағдыры, қайшылықты өмірі жайында жаңаша көзқарастар қалыптастыру қажеттігі сөз болды. Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры Құрманғали Дәркенов осы төңірегінде баяндама жасады.
– Шығармашылық қызметтегі қазақ зиялыларының рухани-мо-ральдық дағдарысы 1937 жылғы қуғын-сүргін жылдарында айқын көрінді. Олардың шығармаларынан, ой-пікірлерінен ұлтшылдық пен байшылдықты көру белең ал¬ды. Сонымен бірге, сол кездегі қазақ зиялылары арасында да түсініспеушіліктер болып, қайшы көзқарас орын алып жатты. Газет беттерінде бір-бірін сынға алған мақалалар жарық көрді. Мұнымен тарихи тұлғаларымыздың бірі жақсы, бірі жаман деп баға бере алмаймыз. Бұл – сол кездегі саясаттың салқыны, – деп сол ¬кездерде жазылған мақалалардан үзінді кел-тірілді.
Сондай-ақ, секция отырысында ашаршылық кезеңі жайында кеңінен айтылды. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Людмила Гривенная 1920 мен 1930 жылдар басындағы ұлы жұт жайында тың деректерге қанықтырды. Сол кезеңдерде қырылған қазақ жұртының санына қатысты мәліметтерді ортаға салды.
Ал ҚР Президенті архивінің бас маманы Айнаш ¬Сейсенбаева мұрағаттағы есімнамалық мәлі¬меттер базасы жайында баяндама жасады. Сол кездегі демографиялық опаттың, саяси режимнің тұтас этносты жойып жіберуге әкелген қаупі жайында атап өтті.
– Ашаршылықтың құрбандары қарапайым ауыл ¬адамдары болған¬дықтан, күні бүгінге дейін есімдері белгісіз күйінде қалып келеді. Қасіретті жылдар туралы халық жадына ғана сүйену жеткіліксіз. Өйткені оқиға куәгерлері азайып, одан кейін 3-4 ұрпақ ауысқандықтан естеліктер санадан шықты. Деген¬мен, еліміздің ғалымдары 90-жылдардың басында арнайы экспедиция ұйымдастырып, республиканы аралап, көзкөргендерден деректер жинаған. Алайда, барлығын қамту мүмкін емес. Бүгінде сол құжаттар қатталып, архивте сақтаулы тұр. Оларды жүйелеп, құрбан болған азаматтардың аты-жөнін анықтап, республикалық бірыңғай электронды мәліметтер базасын жасау жұмыстары жалғасуда. Одан бөлек архивте ашаршылықта құрбан болғандар жайында зерттеген ғалымдар мен жекелеген адамдардан алынған мәліметтер бар. Бұл зұлмат жылдар жайындағы деректерді одан әрі толықтыра түсуге сеп болады, – дейді А.Сейсенбаева.
Сонымен қатар, бүгінде Президент архивіндегі комсомол қор-лары зерделену үстінде. Одан бөлек, ауылдық кеңес пен балалар үйлерінің құжаттары да жан-жақты қаралуда. Тарихымызға қатысты дәйектердің қай-қайсысы да маңызды. Осы арқылы ұрпаққа өткеніміз жайында ұлағатты ой айта аламыз.
Ғылыми жиында Х.Досмұхам¬медов атындағы Атырау мем¬л嬬-кеттік университетінің Қазақ¬стан тарихы кафедрасының мең¬¬¬¬ге¬рушісі Серік Қуаныш, С.То¬ра鬬ғыров атындағы Павлодар мем¬лекеттік университетінің тарих ғылымдарының докторы Сәуле Мамытова қазақ даласындағы бай¬лардың кәмпескеленуі мен жер аударылғандар жайындағы ойларын ортаға салды. Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік уни¬верситетінің ғалымы Эльвира Абланова «Маңғыстау халқы репрессия жылдарында» атты мақаласында Адайлар көтерілісі мен зұлмат жылдардың зоба-лаңына тоқталды.
Ал А.Байтұрсынов атын¬дағы Қостанай мемлекеттік уни-верситетінің ¬философия кафе¬дра¬сының профессоры Қалқаман Жақып ату жазасына кесілген адамдарға қатысты әлеуметтік талдау жасады. 1930-1950 жылдар аралығында Қостанай облысында 1294 адам атылған. Соның ішінде құрбан болған 18 әйел адамның ең ересегі 72 жаста болса, ең жасы 19 жасқа да жетпеген. Бұл қаралы бұйрыққа іліккен азаматтардың қатарында 28 ұлттың өкілі болған. Баяндама барысында профессор Қалқаман Жақып бірнеше ұсыныс жасады. Алдымен қазақ даласындағы жаппай қуғын-сүргінге халықаралық деңгейде баға берілуі қажет деп есептейді. Сонымен бірге, ұрпақ санасына өткенімізді сіңіру үшін жаңадан түсірілген «АЛЖИР» тарихи киносы оқу орындарында көрсетіліп, дәріптелсе деген пікірін білдірді.
Сонымен бірге, секция отырысында тарихи деректерді айтып қана қою емес, оны болашақ ұрпаққа жеткізу, бүгінгі балаларды тәрбиелеудегі маңызы жайындағы мәселелер де сөз болды. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің педагогика ғылымдарының кандидаты Нығматжан Алметов осы төңірегінде ойларын ортаға салды.
– Тарихымыз жайында тың деректер шығып, көп¬шілікке ұсынылуда. Өткеніміз туралы бұрын айтылмаған дерек бүгін жарыққа шықты. Біршамасы ғылыми айналымға енеді. Одан кейін туындайтын тағы бір мәселе бар. Ол осы дәйектерді балалар тәрбиесінде пайдалану. Біз жылдарын көрсетеміз де сол мерзімде осындай болған деп, дәйектік деңгеймен ғана шектелеміз. Алайда ұрпақты рухани тұрғыдан жаңғырту жайы кейін қалып жатыр. Бала оны өзінше қорытып, қажеттісін алу үшін әдістемелерді тиімді пайдалану жағын да ойлап қоюымыз қажет, – дейді ғалым.
Жиын барысында пікір алмасулар жүріп, аталған мәселелер хаттамаға енгізілді.
* * *
Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбан¬дарын еске алу күніне орай ұйымдастырылған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция шетелдік зерттеуші ғалымдар мен әр аймақтағы қоғамдық келісім кеңесі өкілдерінің басын қосты. Конференция барысында 3 бағыттан тұратын секция¬лық жұмыс ұйымдастырылып, делегаттар еркін пікір алмасуға мүмкіндік алды.
Облыстық мәслихат хатшысы, ¬тарих ғылым¬дарының кандидаты Наурызбай Байқадамовтың модераторлық етуімен өткен «Қазақстанның Ұлы Отан соғысында жеңіске қосқан үлесі» секциясында бұрын қолжетімді болмаған мұрағат деректері қазір көптеп жарық көріп, зерттеушілер базасының кеңеюі¬не жол ашылғаны айтылды. Сондай-ақ, Қазақстан тарихының түрлі мəселелері бойынша публицисттердің еңбектерінде қызықты мəліметтер кездесетіндігі, оларды сұрыптап, шынайылығын анықтап, тарихи зерттеулерде қолдану тарихнамада бекінген тұжырымдарды қайта қарастыруға мүмкіндік беретіні алға тартылды. Адамзат тарихында үлкенді-кішілі он бес мыңға жуық соғыс өткенін, бірақ соның ішінде ауқымы мен алапаттығы жағынан ең жантүршігерлігі екінші дүниежүзілік соғыс пен оның құрамдас бөлігі – Ұлы Отан соғысы болды. Бұл туралы Қазақ ұлттық өнер университетінің ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының кандидаты Сәуле Шаймерденова баяндамасында 4 жыл – 1418 күн бойы өз жері, Отаны, келешек ұрпағы үшін жан қиған батырлар еңбегін арқау етті.
– Қазақ ел басына күн туғанда жалғыз жанын қу шүберекке түйген жауынгер халық болған. Ұлан-байтақ даласының бір тұтам жері үшін қорқу деген сезімді жүрегінен жұлып алып тастаған. Тіпті әріге бармай-ақ, кешегі Ұлы Отан соғысының әлі сарғайып үлгермеген қатпарлы парақтарына үңілсек, бабамыздың қанды қырғында қаймықпай соғысқанына анық көзіміз жетеді. Сол кездері батырларымыз жаңбырша жауған оқ пен қарша бораған бомбаның арасында нәзік жүрегі тасқа айналып, ғұмыры ажалдың қанды тырнағына ілікті. Бірақ, сол сұрапыл жылдары халқымыз өз Отанына, жеріне деген патриоттық сезімін дәлелдеді. 96 қазақ Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Жауға қарсы шайқастар алдыңғы шептегі ұрыстарда ғана емес, алыстағы ауыл мен кең-байтақ далада да жүріп жатты. Қазақстан миллиондаған босқындарды өз бауырына басып, эвакуацияланған завод пен фабрикаларға, майданға керекті оқ-дәрі мен азық-түлік жеткізуші үлкен арсеналға айналды. Шығанақ Берсиев сияқты еңбек ерлерімен, иығына ауыр еңбектің жүгі артылған азаматтарымызсыз Жеңісті көзге елестету мүмкін емес. Сондықтан біз олардың есімдерін ғасырлар бойы келешек ұрпақ мақтанышпен еске алатындай ардақтауымыз керек, – деді ғалым.
Келесі болып "Ржев шайқасындағы қазақстандық¬тардың ерлігі” тақырыбында баяндаған Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ҚХА кафедра¬сының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Светлана Елеуханова Ұлы Отан соғысындағы ең шешуші, ең бетбұрысты шайқас төңірегіндегі деректермен бөлісті. Естеріңізде болса, атақты қаламгер Илья Эренбургтен соғыстың 4 жылында есінде ненің сақталғанын сұрағанда, ол "Ржев” деп жауап берген-ді. Себебі, дәл осы Ржевтен кеңес әскерінің Мәскеуден Батысқа қарай шабуылдары өрістей бастаған еді. Бұл ұрыс алаңын Константин Симоновтың "өлім даласы” деп атауы да тосын емес. Дәл осы тозақ отында Алматы мен Ақтөбеде жасақталған 100-ші және 101-ші қазақстандық дербес атқыштар бригадасы жаумен қиян-кескі ұрыс жүргізіп, ортақ жеңіске зор үлес қосқан.
Секция жұмысында отты жылдарды еңсеруге атсалысқан, Сыр елінен шыққан еңбеккер әйелдер есімі де қозғалды. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Еңлік Баймұрзаеваның архив мәлі¬меттерінен көрсеткеніндей, 1945 жылдары ¬облыста 14 мың әйел еңбекке араласқан екен. Соғыс жылдарында "Тастүбек” колхозының балықшы әйелдері тоқсандық жоспарды мерзімінен бұрын орындаса, Сырдария ауданындағы "Кооператор” колхозының звено жетекшісі Алтынгүл Дәуітбаева 20 гектар күріштігінің әрбір гектарынан 40 центтнерден өнім жинаған.
Жас ұрпақ жарқын болашақ үшін жан қиып, ерлік жасаған осындай ержүрек ерлерге мәңгі қарыздар. Біздің ендігі міндет – Жеңістің іргетасын қалаған қаһармандар ерлігі туралы қасиетті естелікті мәңгі сақтау.
Айнұр БАТТАЛОВА,
Мәди ҚҰРМАНӘЛІ,
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ (сурет).