Сейсенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова және Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай Қармақшы ауданында болды. Сапар барысында бірнеше мәдени нысанды аралап, жұмысымен танысты.
Қонақтар ең алдымен Қорқыт ата мемориалды кешеніне ат басын тіреді. Қайта жаңғыртудан өткізілген бұл мәдени орын мен Байқоңыр ғарыш айлағы ЭКСПО-2017 көрмесі аясында туристерді қабылдайтын нысандардың тізіміне енген. Бүгінде бұл тәу етер жер шетелдіктерді қабылдауға толықтай дайын. Онда келушілерге бірнеше бағытта қызмет көрсетілетін болады. Кешеннің музейі тарихи құнды жәдігерлермен толықтырылған. Қонақтар мұражайды аралап көріп, аймақтың тарихы мен Қорқыт атаға қатысты құнды деректермен танысты. Сонымен бірге мұнда зиярат ету орталығы жұмыс жасайды. Түркі жұртының тәу етер орталығы өңірдегі туристік аймақтардың бірі саналады. Сондықтан Астанада өтетін халықаралық көрме барысында кешен көпшілік назарына ұсынылмақ.
Аймақ басшысы өңірдегі тарихи ескерткіштерді зерттеуге үнемі көңіл бөлініп отырғанын тілге тиек етті. Бүгінде облыс әкімдігі жанынан республикаға танымал ғалымдардан тұратын арнайы комиссия құрылып, жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Кешенмен толықтай танысқан Мемлекеттік хатшы қасиетті орынның қайта жаңғыртылғанына көңілі толды. Сондай-ақ, тамыры бір туыс халықтарға ортақ осындай киелі жерлер рухани байланыс байламы болатынын атап өтті.
Одан соң мәртебелі меймандар Жосалы кентіне бет бұрды. Аудан орталығындағы Көшеней Рүстембекұлы атындағы Жыраулар үйінде болып, мәдениет үйінің жұмысымен танысты. Қармақшы – жыраулық өнерде өз мектебін қалыптастырған, дүлдүл дастаншылар мен шайырлардың мекені. Бір ауылдан 100 жырау түлеген қасиетті өлке. Шайыр Тұрмағамбет пен жырау Көшенейдің ізін жалғаушы жас өнераздар бүгінде жалындап шығып келеді. Киелі өнердің қалпын бұзбай, одан әрі жалғастырушылар өсіп келеді. Солардың бірі Елбасы батасын беріп, домбыра сыйлаған 8 жасар Арай Оңғарқызы осы мектептің тәрбиеленушісі. Ол әйгілі Тасберген жыраудың ұрпағы. Алты жасынан қолына домбыра алып, көмейден күй төгілте бастады. Бүгінде 20-дан астам жырды жатқа соғады. Жас өнерпаз қонақтарға арнап «Елін сүйген Елбасы» атты толғауды нақышына келтіре орындап, тыңдаушыны сүйсінтті. Сонымен бірге, мәдениет үйінің жас өрендері Тұрмағамбеттің жырларын төгілтіп, көмеймен құйқылжытты. Аудандық Жыраулар үйінің директоры Серік Жақсығұлов жыраулық өнер жайлы кітап табыстады. Дәстүрлі өнерді дәріптеген өнерпаздарға разы болған Мемлекеттік хатшы алғысын білдіріп, ұжымға шығармашылық табыс тіледі.
Жосалы кентінде құнды жәдігерлер қоры сақталған аудандық тарихи-өлкетану музейі жұмыс жасайды. Аймақтың өткені мен бүгінінен сыр шертетін мәдени орын жаңаша безендіріліп, соңғы үлгіде жарақталған. Онда археологиялық мұралардан бастап елімізге белгілі тұлғалардың тұтынған заттарына дейін сақтаулы. Келушілер аймаққа қатысты құнды мәліметтермен таныса алады. Сонымен қатар, жастарға патриоттық тәрбие беріп, рухани азық сіңіруде музейдің артықшылығы зор. Мәдениет ошағын аралап көрген Мемлекеттік хатшы мұндай орындар ең алдымен ұрпақ тәрбиесіне жұмыс жасауы қажет деген пікірін білдірді. Кемел келешекке бағыт алған жастардың өткеннен өнеге сіңіруінде мұражайлардың ерекше орын алатынын атап өтті.
Сонымен бірге, сапар барысында мәртебелі меймандар елге танымал жыраулар Алмас Алматов, Бидас Рүстембеков бастаған ауданның зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өлкедегі өрелі істерді тілге тиек етіп, мәдениет саласындағы жетістіктердің зор екенін атап өтті.
– Республикада бір ауылдан 100 жырау шыққан ауыл кездеспейді. Бұл жердің өнер қонған өлке екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Бүгінде бұл дәстүрлі өнерді дамытуға барынша жағдай жасалып келеді. Елбасының рухани жаңғыру, сананы түлету идеялары осындай мәдени құндылықтарымызға қамқорлық жасау арқылы жүзеге асады, – деді аймақ басшысы.
Ұлы өнердің ұлықтаушысы, даңғайыр жырау Алмас Алматов Сыр өңіріне қадам басқан меймандарға ізгі тілек білдірді. Мыңжылдық мәдениет тоғысқан, Елбасының өзі Алаштың анасы атаған қасиетті өлкедегі сапарға сәттілік тіледі. Жыраулық өнері ерекше дамыған өлкеде дәстүр жалғастығы сақталғанын, бұл рухани жаңғыруға бастайтын бірден-бір жол екенін жеткізді.
Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова да жыр қонған өңірдегі жылы жүздесуге ыстық ықылас білдірді.
– Сыр өңірі дәстүр жалғастығын сақтап, ұлы өнерді ұлықтауда үнемі алда жүреді. Соның ішінде Қармақшының жыраулық мектебін ерекше айтқым келеді. Республиканың талай жерлерін аралап көрдім, дегенмен, сан-салалы саф өнер осы аймақта ерекше сақталған. Бұл – кешегі Елбасы айтқан рухани жаңғырудың бірден бір кілті. Ұрпағымыз ұлағатты сөзбен тәрбиеленсе, ел ертеңін ойлайтын азамат боп өсері сөзсіз. Сонымен бірге, Қызылорда облысы тек мәдениет жағын ғана емес, экономикалық, әлеуметтік саланы да дамытып келеді. Түрлі жобаларды жүзеге асырып, Елбасы тапсырмасын орындауда өңірдегі құрылыс қарқынын, индустриалды ілгерілеушілікті көріп, осындай баға бердім, – деді мемлекет хатшысы.
Мәди ҚҰРМАНӘЛІ,
Бағдат ЕСЖАНОВ (сурет).