КЕШЕНДІ ДАМУДЫҢ КЕЛЕЛІ МІНДЕТІ

Тұрақты  даму жөніндегі Арал халықаралық форумы аясында Инвестициялар және даму министрлігі  Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті республикалық мемлекеттік қала құрылысын жоспарлау және кадастр орталығының бас директоры Т.Мұсабаев Қызылорда қаласы мен аудандардың, мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесті. Кездесуде  Қызылорда облысының және Арал аймағының кешенді даму барысындағы қала құрылысы құралдары туралы әңгіме өрбіді.
Соңғы 5 жыл ішінде елімізде қала құрылысы кадастрын республикалық деңгейде құру үшін жұмыстар жүргізілуде.  Бағдарламалық қамтамасыз ету тетігі жасалып, экономиканың басты бағыттары бойынша тақырыптық деректер қоры жаңартылып отырады. Өткен жылы мемкадастрдың автоматтық-ақпараттық жүйелерінің ақпараттық қауіпсіздік және стандарт талаптарына сәйкестігі аттестацияда тексерілді.  Бес филиал мен бір өкілдік ашылды. Биыл Қызылорда облысы қала құрылысының жиынтық ақпараттық базасы жасалды. Веб портал арқылы онлайн режимде облыс аумағын  көріп отыратын қосымша орталықтандырылды. Барлық елді мекендердің электронды картасы облыстық деңгейге біріктірілді. 
Алдағы жылдары елімізде ортақ қала құрылысы кадастры енгізіліп, барлық аймақта өкілдіктер ашу жоспарланған.  Бұл сәулет, қала құрылысы нысандарының қызметі жайында толық ақпарат алуға мүмкіндік береді.
Қолға алынған жоба аясында Қызылорда облысының, соның ішінде Арал ауданының дамуына ерекше назар аударылған.  Жобада аймақтың ерекшелігі ескерілген. 2030 жылға қарай аймақ халқының саны 25 пайызға өседі деген болжам бар. Қызылорда, Байқоңыр және Аралда бәсекеге қабілетті өндірістің, инфрақұрылым мен еңбек ресурстарының шоғырлануы, индустриялы аймақтар мен кластерлердің дамуы ІЖӨ-нің өсіміне жол ашады. Мұнай өңдеу, машина жасау, құрылыс индустриясы, химия өнеркәсібі, агрокешен, энергетика саласындағы жобалар  экономиканы әртараптандыруға негіз болмақ. 
Мәжілісте өңірдің аймақаралық дамудағы мүмкіндіктері мен артықшылықтары, туризм, экожүйені жақсарту, төтенше жағдайлардың алдын алу  туралы сөз болды.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 маусым 2017 г. 460 0