2017 жылы 30-31 мамырда Қызылорда облысында «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты халықаралық форум болып өтті. Форумға ҚР Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықова, КХА Төрағасының орынбасары Д.Мыңбай, облыс әкімі Қ.Көшербаев, сонымен қатар бірқатар зиялы қауым өкілдері мен Оңтүстік Корея, Түркия елдерінен және республика өңірлерінен келген ғалымдар мен форум делегаттары қатысты.
Жалпыұлттық тарихи сананы қалыптастыруға, ұлттық бірлікті нығайтуға, тарихи жадыны жаңғыртып, келер ұрпаққа мирас етуге, сондай-ақ, осы мақсаттағы азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы ықпалдастықты арттыруға үлес қосу мақсатында ұйымдастырылған бұл шара Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен 2010 жылдан бері ұйымдастырылып келеді.
Биылғы форум жұмысы облыстағы 15 мекеме мен білім беру ұйымдарында өткізілген бейбітшілік сабақтарынан бастау алды.
Форум аясында «Тарихи жады және тағылым – рухани жаңғырудың негізі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
– Сондай-ақ, «Алжир» деректі фильмінің көрсетілімі; «Қазақстан тарихы. Құжаттар мен материалдар (1917–2012)» хрестоматиясының таныстырылымы; «Тар жол-тайғақ кешу» тарихи-деректі көрмесі; Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Қайырымды ел» қайырымдылық шарасы; Сырдария ауданы Нағи Ілиясов атындағы ауылдың Қоғамдық келісім кеңесінің жұмысына қатысу сынды бірқатар шараларға қатысты.
Сонымен бірге, Форум делегаттары ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған, қайта жаңартылған Мемориалдық ескерткіш жанында өткен «Азалы тарихқа тағзым» атты митинке қатысты.