"Тарихтан тағылым – өткенге тағзым” халықаралық жобасының эстафетасын бұл жолы сырбойылықтар қабылдап алды. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Дархан Мыңбай, шетелдік және отандық ғалымдар, өңірлік ҚХА хатшылығының меңгерушілері, репрессия және депортация құрбандарының ұрпақтары қатысуда.
Форум қонақтары алғашқы қадамын сұлу Сырдың көрікті жерлерін аралаудан бастады. Жоғары оқу орындары, колледждер мен мекемелерде ҚХА мүшелерінің, ЖОО-ның профессорлық-оқытушылық құрамы, студенттердің қатысуымен өткен бейбітшілік сабақтарына белсене араласты. Қазақстандық бірегейлік пен бірлікті дамытуды, ұлттық кодты тарихи сана арқылы жаңғыртуды көздеген сабақта ҚР Президенті Архивінің директоры Борис Жапаров, Қазақстан халқы Ассамблеясы Оңтүстік Қазақстан облыстық хатшылығының меңгерушісі Мұратәлі Қалмұратов "Мәңгілік Ел” идеясы, Елбасы ұстанған бейбітшілік пен келісім, тұрақтылық саясаты жайлы баяндама жасады. Алаш ардақтылары мен күштеп жер аударылған халықтардың тарихына қатысты сирек те құнды деректер алға тартылды. Сондай-ақ, делегаттар Сырдария ауданы, Нағи Ілиясов ауылындағы Қоғамдық келісім кеңесінің жұмысымен танысып, этносаясат бағытынан ақпар алды. Шаралар легі Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында "Теңдессіз сый” акциясымен жалғасты. Акция аясында кітапханаға КХА кітаптары табысталып, "Қазақстан тарихы. Құжаттар мен материалдар (1917-2012)” хрестоматиясының тұсаукерсері өткізілді.
Айта кетейік, осымен сегізінші мәрте ұйымдастырылған форумның мақсаты бір. Ол – сырға толы тарихтың қойнауына терең үніліп, шаң басқан құжаттарды зерттеу. Ұзақ жылдар бойы үнсіз жатқан құндылықтарды жарыққа шығару, қуғын-сүргін жылдарындағы адам төзгісіз ауыртпалықты жас ұрпаққа жеткізу. Ең бастысы, тәуелсіздік бізге сан ғасырлар бойғы күреспен, азаттыққа ұмтылған қайсарлықпен келгенін ұмытпау. Сондықтан, жастар да тарихқа құрметпен қарап, ел ертеңі жолында құрбан болған бабалар рухына тағзым етуді парыз етуі тиіс. Себебі, өткенсіз бүгін де, болашақ та болмақ емес.
Мөлдір СНАДИН.