Ертең Қызылордада Арал өңірін тұрақты дамыту жөніндегі халықаралық форум өз жұмысын бастайды. Форумның басты ұйымдастырушылары – Қызылорда облысының әкімдігі, «Астана» халықаралық ғылыми кешені және Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстан Республикасындағы Атқарушы Дирекциясы.
Форумның серіктес ұйымдастырушылары – Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, Энергетика министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі.
Алқалы жиынның басты мақсаты – Арал өңіріндегі экологиялық және әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша баршаның танымын арттыру, тұрақты дамудың ғаламдық мақсаттарына сәйкес әлем жұртшылығының назарын оның өзекті мәселелеріне аудару болып табылады.
Екікүндік форум жұмысына ҚР Орталық мемлекеттік атқарушы органдар басшылары, Орта Азия, Ресей, АҚШ, Италия, Жапония, Корея, Белоруссия, Иран мемлекеттерінің дипломатиялық өкілдіктерінің басшылары және халықаралық ұйымдар өкілдіктерінің басшылары: БҰҰ, ОБСЕ, Дүниежүзілік банк, Қазақстандағы Еуропалық қайта құру және даму банкі, басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысады.
Арал теңізі өңірінің дамуына арналған инвестициялық және гранттық жобаларды жүзеге асыруға халықаралық ұйымдар мен бизнес құрылымдарының қызығушылықтары артады деп күтілуде. Форум шеңберінде Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық және экологиялық мәселелірін шешуге бағытталған бірқатар Ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылатын болады.