Бүгін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Финляндия, Швеция елдерінің Қазақстандағы елшілері Илкка Райсанен және Христиан Камиллді қабылдады. Кездесуде екі жақты ынтымақтастықты одан әрі арттыру жайы сөз болды.
Қос мемлекет елшілерінің облысқа келудегі басты себебі – аймақтың даму қарқынымен танысу. Сондай-ақ, олар өзара дипломатиялық байланысты нығайтып, түрлі салаларда бірлескен шараларды жүзеге асыруға мүдделі.
– Біз Сыр өңірінде ауыл шаруашылығы саласының даму деңгейі жоғары екенін байқадық. Одан бөлек қала құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Маусым айында әлемдегі ірі ғарыш айлағының бірі – Байқоңырды көру үшін Швеция Парламентінің спикері, аэроғарыш агенттігінің төрағасы келеді деп жоспарлануда. Сол сапар барысында келіссөздер жүргізіледі, – дейді Швеция елшісі Христиан Камилл.
Сонымен бірге, ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Финляндиядан Астанаға арнайы делегат келмек. Олар халықаралық шара барысында Сыр өңіріне де ат басын бұрады деп күтілуде. Аталған елдің Қазақстандағы елшісі Илкка Райсанен Сыр өңіріне деген қызығушылығы зор екенін, алдағы уақытта екі ел компаниялары арасында серіктестіктің күшейетіндігіне сенім білдірді.
Мади ҚҰРМАНӘЛІ,
Бағдат ЕСЖАНОВ (сурет)