
Жұмада Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС компаниясының 20 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын болып өтті. Оған аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев қатысып, үздік мамандарға облыс әкімінің «Құрмет» грамотасын табыстады. Мұнайшылар мерейтойы орталық алаңдағы Қала күніне арналған Гала-концертке ұласты.
«ҚазГерМұнай» БК» ЖШС компаниясының 20 жылдық мерейтойына аймағымыздағы ірі мұнай компаниялары өкілдері мен Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Ақтөбе және Орал қалаларынан келген мерейтой қонақтары қатысты. Салтанатты жиында осы компанияда ұзақ жылдардан бері еңбек етіп, қажырлы еңбегімен дараланған мұнайшылар мен ең үздік қызметкерлер Алғыс хаттар және «Құрмет» грамоталарымен марапатталды.
Шынтуайтында, азаттықтың алғашқы жылдарындағы қиын-қыстау кезеңде халқымыздың үміт артқаны да, сол үмітті ақтап елімізді қолтығынан демеген де осы мұнай мен газ саласы. Күллі қазақ даласының шартарабына шапағаты тараған «қара алтын» - халқымызға табиғаттың берген таңғажайып тартуы, ерекше сыйы.
Еліміздің экономикалық әлеуетінің артуында республикамыздың батыс өңірі мен Қызылорда облысындағы мұнай компанияларының, ондағы еңбек етіп жатқан мұнайшылардың үлесі зор.
«ҚазГерМұнай» БК» ЖШС 20 жылдығына арналған салтанатты шара компания тарихын баян еткен деректі фильмнен басталды. Жиынды Мая Веронская мен Сағынай Абдуллин жүргізіп отырды.

Сахна төріне шыққан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мерекелік лебізін былайша өрнектеді: – Құрметті мұнайшылар, құрметті қала тұрғындары! Сонау 1986 жылы өңірде мұнай өндіру ісін Еркін Әуелбеков батыл қолға алды. Сонан бері Сыр мұнай ел экономикасының дамуына зор үлес қосып келеді. Қазіргі таңда облысымызда мұнай өндіретін 23 компания бар. Бүгінде 7 мыңға жуық тұрғын осы компанияларда еңбек етеді. 2007 жылдан бері «ҚазГерМұнай» БК» компаниясы жылына үздіксіз 3 млн. тонна «қара алтын» өндіріп, еліміздегі көшбасшы кәсіпорындардың үздік ондығына енді. Компанияның 20 жылдық мерейтойы бәріміздің ортақ қуанышымыз!
Мұнайшыларға толағай табыс тілеген аймақ басшысы Қ.Көшербаев компанияның ең үздік қызметкерлеріне облыс әкімінің «Құрмет» грамотасын табыс етті.
Нақты кезеңде аталған компанияда барлығы 720 адам еңбек етеді. Дүбірлі мерекеде 200-ден астам мұнайшы мен қызметкерлер мерекелік медальдармен және алғыс хаттармен марапатталды.

Салтанатты жиында өнер майталмандары Нұржамал Үсенбаева мен Жәмила Серкебаева және Ескендір Хасанғалиев өнерін көрсетіп, көрермендердің ықыласына бөленді.
Мұнайшыларды марапаттау рәсімінен кейін орталық алаңда қалалықтар мен қала қонақтары үшін «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС компаниясының 20 жылдық мерейтойы мен Қызылорда қаласының 195 жылдық мерекесіне арналған Гала-концерт ұйымдастырылды. Онда «Орда» тобы, «Алдаспан» тобы, Жеңіс Ысқақова, Жеңіс Сейдулла секілді эстрада жұлдыздары мен Ресейдің «Дискотека Авария», Украинаның «Горячий шоколад» тобы өз өнерлерін көрсетті. Концерт соңы мерекелік отшашуға ұласты.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.