Кіндік қаны Қап тауында тамып, қалған өмірі қазақ елінде өткен шешен қарияның бүгінде жасы сексеннің сеңгіріне шықты. Аты-жөні – Мамади Каунаев. Жаңақорған кентінде тұрады. Қасында Раушан кемпірі отыр. Екеуі 11 бала, 24 не-меренің, 12 шөберенің сүйікті ата-әжесіне айнал¬ған. Бәрі жи-ылғанда бір қауым ел болады. Олардың пікірі: туған жеріміз – Қазақстан, тіліміз – қазақ.
Біздің шұғыл шаруамызды шамалаған Мамади ақсақал уақытты оздырмай өткенге ой жіберді, осылай оның әңгімесіне ұйып кеттік.
– Сонау 1943 жылы аштық пен соғыс астасқан ауыр күнінде анам Нарзудың етегіне жабысқан бес бала қызыл вагонға тиеліп, Қазақстанға қарай жер аударылдық. Мен сегіз жасармын, бірақ ерте есейдік пе, бәрін де білемін. Саясаттың сойылы солай болар, тау халқын Бесарық станциясынан бір-ақ түсірді. Қайда келіп, қайда барамыз, белгісіз. Абыржып тұрмыз. Әйтеуір колхоз бастықтар атқа міңгестіріп, Қосүйеңкі колхозының Ынтымақ деген шағын ауылына алып барды.
Ол кездегі қосүйеңкілік қазақтардың да жағдайы жетісіп тұрған жоқ. Жартылай аш. Сөйте тұра, қаңғырған шешенге құрмет көрсетіп, төрін ұсынды. Колхоз тарапынан әр отбасыға 7-8 уақ малдан таратты. Осы ауылда інім өлді. Соны жерлеуге шал-шауқан барды. Бас көтерер азамат түгел майданға кеткен.
Күндер өте келе «шешеннің отбасы¬сы аман қалсын» ¬деді ме, Ағаділ ұста анам ¬Нарзуды тоқалдыққа ал¬ды. Өзінде төрт бала, біз төртеу болып үстіне қосылдық. Шешем ұстадан Аманбек есімді қазақ ұлды дүниеге әкелді. Біз барынша біте қайнаса бастадық. Қайырымды ұста шешен балаларын өз баласынан артық көрмесе, кем көрмеді. Әке мейірімі дегенді осы кісіден сезіндік. Содан бастап Ағаділдің баласы болып кеттік,– деді ол.
Мамади Каунаевтың қазақ атануының сыры осында. Бүгінгі таңда сол зұлмат жылдардың куәсі болған Мамадидың бауырлары Адым мен Аманбек Ағаділовтер Қосүйеңкіде, ал Ылым Алматы шаһарында тұрады.
Ол біз қайтарда бір ауыз тілегімді ¬айтайын деді. Тыңдап тұрмыз. – Қазақ елінің бірлігі, татулығы артып, Елбасы, еліміз мәңгі жасасын, – деп батасын берді. Бұл елге деген ризашылығы еді.
Қ.ҚҰРБАН.