Өткен ғасырдың 20-30-шы жылдары қазақ халқы ерекше геноцидке ұшырады. Ұлт, халық қамын ойлағандардың «саясатқа қайшы» пікірлері мұқият қадағаланып, сталиндік «ерекше папкаға» түсіп отырды. Осы жылдары тоталитарлық езгі машинасы үздіксіз жұмыс істеді.
Голощекин саясаты – сталинизмнің Қазақстандағы айқын көшірмесі болатын. Голощекин патша отаршылық саясатын кеңестік тәсілмен пәрменді түрде жүргізген Қазақстандағы кіші Сталин еді. Патшалық Ресейдің екі ғасыр бойы іске асыра алмағанын коммунистік жүйе сегіз-ақ жыл ішінде жүзеге асырды.
Демографтардың нақты деректеріне сүйенсек, 20-30-шы жылдардың ойраны анау «ақтабан шұбырындыны» екі орап алардай тым алапат. Сонда тұтас бір халықтың тоз-тозын шығарып, ұлы сүргінге душар еткен кім? Ол ел жадында «Қужақ» деп аталып кеткен кәдімгі Филипп Исаевич Голощекин еді.
1913-1914 жылдары Турухан өлкесіне Селивановск селосына жер аударылған Я.Свердлов пен Ф.Голощекин бір жылдай бірге тұрды. Яков Свердлов өз естелігінде Голощекинге мінездеме бере отырып, оның сол кезде-ақ мәселенің байыбына бармай, тырнақ астынан кір іздейтінін жазған еді.
Байырғы революционер Я.Свердловтың Голощекинді «мизантроп» деуге мәжбүр болуы көп нәрсені аңғартады. Ал Қазақ өлкелік партия комитетінің хатшысы болған кезде серіктесі Г.Зиновьевтің «Қазақстан Голощекинге басы байлы берілді», – деп айтуы оның диктаторлық өктемдігіне бар мүмкіндіктің туғанын білдірсе керек-ті.
Қазақ тарихшыларының зерттегеніндей, Голощекиннің шынайы жендеттік бейнесін ағылшын журналисі Р.Вильтон төмендегідей суреттейді:
«Шая Голощекин Свердловпен өте жақын қарым-қатынаста болған. Олар саяси себеппен Сібірге жер аударылып, ондағы күндерін бірге өткізген. Әлі де болса жас екеуіне большевиктік құлшыныс тән еді. Шая Орал Кеңесін басқарды. Патша отбасын ұрып-соғуды олар сол жерде егжей-тегжейлі белгілеген еді. Жаратылысынан қатыгездікке жаны құштар ол құрбандарды азаптағандықтары туралы жантүршігерлік әңгімелер тың¬дау¬ға құмар еді. Ал өзі қорқақ болғандықтан, ондай азап¬тауларға тікелей қатыспайтын.
Төтенше комиссияның мүшесі ретінде большевик¬тердің әлде бір сормаңдай құрбандығын өлімге не азапқа кескен Шая төсегіне жайғасып, жендеттің оралуын тағатсыздана күтетін, жендеттің құрбанды қалай азаптағаны жайындағы әңгімесін рахаттана тыңдап, басқа да егжей-тегжейлерді білгісі келіп мазасызданатын». («Заң газеті», 1997, 12 наурыз).
Саясатта Сталиннің шәкірті бола тұра Голощекин қатыгездік жағынан ұстазынан асып түсер басбұзардың өзі болды. Бұған Екатеринбургта оның Романовтың бүкіл отбасын, оған қоса патша отбасының күтушілерін, аспазын, дәрігерін, барлығы 11 адамды атып тастау жөніндегі бұйрыққа қол қойғаны дәлел. Тіпті, қылмысының ізін жасыру үшін терең шахтаға тасталған патша мәйітін, оның әйелі мен ұл-қыздарының денесін шыңыраудан қайта алдырып, өліктердің үстіне жермай, күкірт қышқылын құйғызып, өртеткен де осы Голощекин болатын. Ол 1923 жылдың қыркүйегінен Қазақстанға келгенге дейін Самара губерниялық атқару комитетінің төрағасы болған.
1925 жылдың желтоқсанында Қызылорда қала¬сында V өлкелік партия конференциясы өтті. Өлкелік комитеттің есепті баяндамасын Сталиннің Қазақстанға арнайы жіберген өкілі Ф.Голощекин жасады. Алғашқы конференцияда-ақ ол партия қатарына өтушілердің көп-шілігі шаруалар мен интеллигенттер екен, жұмысшылар жоқ екен, демек коммунистермен нақты жұмыс жүргізу керек деген сияқты қызыл сөзге ұрынды.
Голощекин «Ауылда Совет өкіметі жоқ, тек байдың үстемдігі мен ру билігі бар» дей келіп, осы оқтай атылған бір-ақ сөзбен екі қоянды соғып алмақшы болды. Біріншіден, автономиялы республика партия ұйымының бұған дейінгі жұмысының бәрін мансұқ етті. Екіншіден қазақ сахарасында тезірек «кіші Октябрь» идеясын жүзеге асыруға негіз қалады.
Голощекиннің әміршілдік-әкімшілдік жұмыс әдісі етек алып, өрістей бастаған кезде республикалық партия, совет активі оған қарсылық та көрсете бастады. Қарсы шыққандарға неше түрлі жала жабылды. Т.Рысқұлов, Н.Төреқұлов, С.Сейфуллин, О.Жандосов, Н.Нұрмақов, С.Сәдуақасов, С.Қожанов, С.Мендешев, М.Мырзағалиев, Ә.Әйтиев сияқты партия, совет қызметкерлерінің атына ғайбат сөз айтушылар, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов және басқалардың соңына шам алып түсушілер көбейді.
Міне, осы тұста әккі әкімшіл, өктем Ф.Голощекин оппозицияның қанатын бірден қырқу үшін жаңа саяси бағытты дәлелдеп, Сталинге хат жолдады. Голощекиннің хаты жауапсыз қалмады. Көп ұзамай оның арандатушылық саясатына тоқтаусыз жол ашқан: «Тов. Голощекин. Я думаю, что политика, намеченная в ностаящей записке, является в основном единственно правильной политикой. И.Сталин» деген жауап та келіп жетті. Ал Сталиннің бұл жауап-хатына Голощекин оның атына Қазақстанда «Кіші Октябрь төңкерісін» жасау керек екендігін негіздеп, осы шараны жүзеге асыруына «келісім» сұраған болатын. Бірақ Голощекин Сталиннің дегенін мәймөңкелікпен орын¬даушы болды. Қажет болғанда, ол мәселенің тонын айналдырып кигізуден де тайынбады. Сталиндік-голощекиндік бағыттың бұра тартқан арнасымен жүргісі келмеген партия қайраткерлерімен аяусыз күрес бастады.
Голощекиннің көп күш салуының нәтижесінде өлкелік партия комитетінде дертті жағдай қалыптасты. Жік-жікке бөлініп, бір-бірін аңду басталды. Партия қызметкерлерінің көп уақыты бір-бірлерінің арасындағы айтыс-тартысты шешуге кетіп жатты. Дәл осындай тартысты жағдай кезінде бір-бірінен өш алу, ыңғайға көнбейтін бірбеткей адамдардың мойындарына саяси қарғыбау таға салу ыңғайлы еді.
Елдегі азық-түлік дағдарысын сейілту үшін шаруа¬лардың да қарсылығын жеңу қажет болды. Ал мұны мүлтіксіз орындай алатын адамға жүктеу арқылы жүзеге асырып, ауылдардағы қайта құрудың жоспарын орындау мен азық-түлікті неғұрлым молырақ жинап алуды қамтамасыз етуге болатынын Сталин жақсы түсінді. Сөйтіп, оның таңдауы қазақ халқының мүддесінен алшақ және қатыгез, тәкәппар адам-тіс фельдшері Филипп (Шая) Голощекинге түсті.
Бұл зұлым, қатыгез саясаттың кейін қандай қасіретке әкеліп соққанын қазақ халқы жақсы біледі. Голощекин ақыры өзі құрған жүйенің құрбанына айналып, 1941 жылдың қазан айында атылып кетті.
Тарихшылардың
зерттеу мақалаларынан дайындаған
Ж.ӘЛМАХАН.