ҰСТАЗ АМАНАТЫ

ҰСТАЗ АМАНАТЫДенесі жерде болғанымен, өнегесі елде қалар адамдар қатарынан орын алар   профессор Мұстафа Матайұлының қайтыс болғанына 40 күн толуда.
Мұстафа Матайұлы кәсіби философ, ұстаз, аға, әке ретінде  бұл өмірде түйгенін уақыт тезінен өткізіп, айтып та, жазып та қалдырды.  Оларда оның ұстаздық жолы, ұстаз тұлғасы өмірлік деректер арқылы ашылып, тәлімдік, өнегелік, ғибратты   тұжырымдар жасалған.
Мен бүгін шәкірті ретінде марқұм ағамыздың өмірінің ұстанымына айналған біршама өмір, білім, тәрбие, дос туралы ой-түйіндерінің бір топтамасын жариялауға ұсынып отырмын.  Бұл бір жағынан ол кісінің көп қырларын аз да болса ашуға тиек болар деп ойлаймын.
Әр адамның өз тағдыры бар

Қалай дегенде де адал еңбек етіп, шын тер төккен пендесіне деген Алланың шапағаты бөлек болары анық.

Адам баласы өзі көрген, түйсінген нәрседен әсер алады. Жақсы әсер де, жаман әсер де сол адамның ойында қалуы мүмкін. Кейде сол жақсы әсерің кейінгі әсерлерден биіктеу тұрады екен.

Өмір дегенің қиындығы мен қызығы, қуанышы мен қайғысы, ұтқаны мен ұтылғаны, жеңісі мен жерге қарағаны бірін-бірі алмастырып, сапырылысып жатқан дүние емес пе?!

Тоқсаныншы жылдар біреуге қатты, біреуге тәтті тиген сындарлы шақ-ты.

Оңаша ой кешу. «Жастықта бейнетіңді, қартайғанда зейнетіңді бер» деп тілейді екен ілгерілер. Құдайы салған пенде осы мақсатына жететін көрінеді. Аллаға шүкір деп айтамын, өзіңнен төменді көріп тәубеге келесің, тәубе, жасаған ием, тәубе. Бүкіл өміріңде жар жағалап, қанша адам зарығумен өтті. О да құдайдың пендесі емес пе еді?
 
Өмір қаза-тойсыз болмайды, ол төрт мезгілді таңдап келмейді, бұйырған мерзімде басыңнан өткізесің.

Өмірде оқтай түзу жол қайда,  табаныңның асты ойлы-қырлы, башпайдан іліп қалатын томар-томаша көп.

Елдің, тілдің, жердің қадірін түсінгісі келген қазақ шет елдің дидарын бір көріп қайтса, артық емес. Әр нәрсеге қасында тұрып қарағаннан гөрі тау басынан көз салған дұрыс. Айналшықтап қасыңнан шықпаған дүние, өмір адамды шатастырады. «XVII ғасырда өмір сүрген француздың ұлы ойшылы  Француа де Лорошфуко «Дүниеқұмарлық ақылды адамды – ақымақ,  ақымақты ақылды етеді» деп біліп айтқан. Адамдардың қоғамдағы рөлі де, орны да ауысып кетеді. Адам «Бақыттымын» деп өз-өзін қанша алдағанмен, бақытсыз екенін жүрегі сезеді. Содан ғой Демокриттің: «Бақыт дегенің – қанағатшылдық» дейтіні. Бұл туралы да түсінік әр тарапты. Біреу қоғамның әділеттігін, екіншісі байлығын, үшіншісі лауазымын бақыт деп санайды. Түсі-нік сан тарапқа қашқан сайын қоғамдағы ішкі рухани алауыздық күшейе түседі.

Кейбіреулер ұлттың өсіп-өркендегенінен бұрын өз жағдайын ойлайды. «Дүние қызыл түлкі қырдан қашқан» демекші, әркімнің өз қуған жолы бар. Бежірей болатыны, кекірей болатыны сондықтан.

Экономикалық тауар айналымы арқылы ақша біздің тағдырымызды шешеді. Атақ та, абырой да байдың қолында. Аюға кәмпит берсең, би билеп бермей ме? Тіліміз алашұбар болатыны – ол сатылып кеткен.

Үлкейген адамнан көп нәрсе қашады. Біріншісі – тамаққа деген тәбеті қашады, екіншісі – ұйқы қашады. Ол екеуі қашқасын адамнан маза кетеді.

Адам жақсы өткізген 
әр күнін алтынға балайды

Қайтаруға болмайды, ұмыту мүмкін емес. Тек өмірдің әр сәті тағылымға, өнгеге, тәлімге толы еке¬нін естен шығармаңыз.
"Мен ырзық-несібемді ғылымнан, ұстаздық қызметтен тердім, білігімді, тәжірибемді кейінгі ұрпақ тәрбиесіне жұмсадым". 
"Білгеніңді, өмірден түйгеніңді, өмірден алған сабағыңды кейінгілерге бермесең, оларға жеткізбесең- оның несі құнды?"

Мына тірлік дегеннің тіні үйрену мен үйретуден тұрады екен, яғни бірі –  ұстаздық та, екіншісі - шәкірттік. Бізде ұстаз деген сөзге қатысты тек мұғалім деген ұғым бар. Ал, шындығында, өмірдің өзі – ұстаз, ата-анаң – ұстаз, ортаң, достарың – ұстаз, мектепте, оқу-орнында мұғалім – ұстаз, қойшы, әйтеуір, мына жалғанды білуіңе, өмірді тануыңа, өнер, ғылым, білім үйренуіңе және т.б. кім тырнақтай болса да үлес қосса, соның барлығы ұстаз екені даусыз.

Білімді де, медальді де алып жатқан, жеңілдігін де пайдаланатын біз, ал жанын салып ұрпақ үшін қызмет жасаған ұстаздарға не қалды? Абырой ма, ол да уақытша нәрсе, қазір сол кісілердің  есімдерін бізден басқа кім біледі? Бірақ ізінде өшпестей қылып адамгершіліктің өнегесін қал¬ды¬рады ғой. Адами, азаматтық қатынас деген осы емес пе?! Бұл екінің бірінің қолынан келетін нәрсе емес.

Ғылымның мехнатын 
шынайы ғалым ғана біледі

Ана тілден кейін әлемнің барлық тілін неге үйренбейді?
Ана тілің тұрғанда өзге тілде сөйлеу – рухқа  қорлық, - дейді Хасен Оралтай. Міне, ұлтыңа адалдық, міне, намыстылық!

Құдайға шүкір делік, 
о баста армансыз оқу еді

Біздегі байлық – жер көлемі. Бұл факторды молынан пайдалана түсуіміз керек. Өз топырағымызда өндірілген азық-түлікке не жетеді?! Бәрін шет елден әкеліп, толтырып қоюдың қажеті не? Ұлтымызды таза, табиғи өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз  жоқ па? Ұлан-байтақ жеріміз, өзен-көліміз бар, мал бағып, егін егіп, бау-бақша өсіруге тарлық етіп жүр ме? Он алты миллион халық екенбіз, соны молынан асырайтындай хал бар бізде, бірақ қолда барды үлгірту, ұсақтау кемшін. Ойланайықшы...

Ал тәрбие басы ата-ана екені тағы да шындық. Ата-ана дұрыс болса, тәрбие дұрыс болса, ел көшінің бағыты да дұрыс болатыны сөзсіз.
Баласын дұрыс жолға, оң істерге бағыттай алмаған, дұрыс тәрбие беріп, нағыз адам ретінде қалыптасуына үлес қоса алмаған, сәби кезеңнен-ақ баласының нені қалайтынын, неге бейім екенін білмейтін ата-ананы баласының, ұрпағының келешегіне бас ауырмайтын адам деп тануымыз керек.

Адамның көзін жеткізіп ұғындыру – ұрпақ тәрбиесіндегі ең негізгі әдістің бірі.  Жалпы, басқа әдістердің барлығы да осыған негізделуі тиіс. Олай болатыны ол баланың сана-сезімін қалыптастырады.

Менің ойымша, ең алдымен имам молдалардың, яғни дін қызметкерлерінің діни білім алуына ғана емес, тәрбиесіне де назар аударған жөн. 
"Дүмше молда ел бұзар" демей ме қазақ? Сол сияқты дін жолына түсем деген талапкердің ата-анасы да өз мойнына үлкен жауапкершілік алу қажет. Имам мен молдалар – ел адамы.
Әке мен бала арасындағы ішкі үндестік, ішкі ұғысу болса ғана отбасы берекесі, ұрпақ жалғастығы, әулет дәстүрі дегендер мәңгі жасайды екен. Ал бұл дегенің ұлт, ел келешегі емес пе?!

Баланы бала дегенмен, ол барлығын да біледі, түсінеді. "Олай істеме, былай істе" деп мың мәрте айтқанмен, бала ата-анасының сол айтқанды өздері қалай атқаратынына қарайды. Ата-ана балаға "Жақсы бол" деп сан рет айтқанмен, өзі төңірегіне жамандық істеп отырса, әлгі әңгіменің не құны қалады, ата-анада не бедел болады?

Көпшілік алдында сөйлей, өзіңді ұстай білуің, ойыңды дұрыс жеткізіп, көпшілік көңілінен шығуың адамдардың қоғамдағы қарым-қатынасы деген мәселенің түп қазығы деп айтуға болады. Бұған үлкен ынта, қажымас жігер керек, оның сенде барына күмән жоқ. 
Адам баласының қоғамдағы орны деген аса маңызды мәселе бар. Ешкім саған "Мінеки, мынау сенің орның" деп дайындап тұрмасы белгілі. Міне, ата-ананың тәрбиесі, мектепте алған үлгің, өнегең, білімің көрінетін тұс – сенің қоғамдық жұмыстарға араласуың.

Жалпы әдеп деп отырғанымыздың өзі мәдениеттің, этика мен эстетиканың қайнар бастауы емес пе?! Ал осы әдеп ұлттық болмыспен, ұлттық ерекшелікпен әдіптелсе, біздің ел салауатты өмір салтын тез орнықтырар еді.

Ал, қазіргі кездегі мансапқұмарлық ше? Бұл бұрын да болған шығар, алайда қазіргінің беталысы сұмдық, қолынан келе ме, келмей ме, шаруалары жоқ, тек орынтаққа ұмтылу деген белең алып барады. Мұны да ойланған жөн, жас буын!

Өмірде кәсіби және рухани білім деген бар. Бұл сөздің мағынасы «адамға кәсіп үйретсең, адамгершілігін қоса үйрет» деген. Дүниеге кәсіптік көзқарас апат әкеледі.
Адами қарым-қатынас – рухани байлық. Жаттан – жақын, жақыннан туыс болу осылай басталады. Адамгершіліктің өзара тартылыс күші болады. 

Мемлекеттің тірегі отбасы дейтін болсақ, бұл мәселенің аса маңызды екені бесенеден белгілі. Ұрпақ тәрбиелеп отырған әрбір адам ойланатын-ақ дүние. Жалпы қазақ үшін ең негізгі капитал – қазақ баласы емес пе?!
Балаларға тілек: Еліміздің егемендігін жан-тәндеріңмен, алпыс екі тамырларыңмен терең сезінсеңдер екен. Тәуелсіздікті сақтап қалу – киелі ата-бабалар рухын сақтап қалу екенін ұмытпауларың керек. Кейбір жастардың үстірт мінезді өкілдері рухсыздық науқасымен сырқаттанып жүр. Олар өз тарихын білгісі келмейді, өз ата-бабаларының тірлігін мақтаныш етпейді, өз анасының тілін ұнатпайды, өз ақындарының жырларын оқымайды, өз сазгерлерінің күйін тыңдай бермейді, өз ұлтының өнеріне тамсанбайды. Мұндай «жарты адам»  күнін кешпеу керек. Бұл рухани мүгедектікті білдіреді.

Мен балаларымды бай болыңдар деп емес, адам, азамат болыңдар деп тәрбиеледім.

Қазақ халқының қастерлейтін тағы бір ұлттық қасиеті ол – үлкендік. Қай заманда да қазақ үлкенін сыйлаған.

Адамның ғұмыры өлшеулі екені, сағаты соққанда бұл дүниемен қош айтысары қашаннан белгілі. Өйткені, бұл – өмір заңы. Осы тірліктегі ең құнды сезім адамдығыңның белгісі, өміріңнің босқа өтпегенінің куәсі, тіпті кім екеніңнің, кім болғаныңның өлшеуі де достық деген құдірет сияқты маған.
Менің пайымымша, достық – құдірет, сөйте тұра гүлдей аялауды қажет ететін өте нәзік сезім. Мұның жауы – кісілік, кісімсу, өсек, өтірік және т.с.с. Шын достықты, жоғарыда айтқанымдай, Алла береді, ал осымен дос болайыншы деу, ар жағында есеп беру – шын достықтың ауылынан алыс нәрсе.
Достық көңіл – рух. Ол – дүние, қазына, не алтын, күміс емес. Одан қабаттап үй салуға, жинақтап машина сатып алуға, жібектен көйлек киюге болмайды. Достық күннің сәулесінен де мейірімді, одан әлдеқайда шуақты, шапағатты болып келеді. Сондықтан да кемеңгер деген данышпанның өзі «досың бар ма?» дегенде, «Жоқ» деп мойындапты. Оның құдіреті кез келгеннің маңдайына жазылмаған. Достық ұялас қасқырдың бірлескен жауыздығы емес, мұнда да бірлік сипаты бар. Ұжымдасып жұлып-жеуден гөрі достық қарым-қатынаста болу өте қиын. Бұл – қасиетті ұғым, оған қасиетті адамдардың ғана қолы жетеді.

***
Түйген ойыңыз, алған тәліміңіз тек адамдар арасындағы достық қарым-қатынастыққа, татулыққа, бірлікке жұмсалса екен деп тілеймін.
Дайындаған
Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,
тарих ғылымдарының 
кандидаты.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 мамыр 2017 г. 774 0