ҒАЖАБЫҢА ҒАШЫҚПЫН, БАЛ АРАСЫ

ҒАЖАБЫҢА ҒАШЫҚПЫН, БАЛ АРАСЫДенесіне бал, тұмсығына у жинайтын бұл жәндіктің жұмбағына бойлаған ғұлама жоқ. Біздің ғылым бал араларының тек тіршілігін бақылап, қалай әрекет ететінін ғана түсіндіре алады. Бармақтай жан иесінің құпиясын Құран Кәрімнің «Нахл» сүресі ашып береді.
«Раббым бал арасына: «Таулардан, ағаштардан және адамдардың салған күркелерінен ұя жасап ал. Сосын әртүрлі жемістерден же де, Раббыңның саған ойластырған жолымен жүр» - деп уахи етті. Араның қарнынан адамға шипалы түрлі-түсті бал шығады. Әлбетте, мұнда ойланған қауым үшін ғибрат бар». Демек, бал араларының сана сәулесімен жасалғандай аса дәлдікпен орындалатын іс-әрекеттері Ұлы Жаратушының қалауымен іске асады.
Мәселен, олардың өз ұяларын алты бұрышты етіп жасауы құрылыс инженерлерін таңдай қақтырмай қоймайды. Себебі, алты бұрышты ұяға біріншіден аз материал жұмсалады. Егер ара ұясын дөңгелектеп не бес бұрыштап жасаса, онда қиюласуында бос орындар қалып қояды. Сонда  балын ұяларына құйған сәтте бос тесіктерге де құйылып, өнім ысырап болар еді. Ал, үшбұрыштап не төртбұрыштап жасаса ше? Мұндай сұрақтарға бас қатырған ғалымдар осы геометриялық фигуралардың периметрлерінің ең қысқасы алты бұрышта екенін білген. Яғни, басқа кескіндерге қарағанда алты бұрышқа құрылыс материалы аз жұмсалады және ол ең көп сыйымдылықты қамтамасыз етеді.
Анығырақ айтсақ, егер біз тақтай кесінділерін алты бұрыштап он ұяшық салар болсақ, бір қарағанда алпыс кесінді керек деп ойлауымыз мүмкін. Бірақ оны біз қырық бір кескіндіден қиюластыра аламыз. Біз мұны саналы түрде есептедік. Аралар ше? Олар қалай есептейді? Сонымен бірге аралар ұя құрылысын әр шеттен бастап, аяқтауында ортадағы бір нүктеде  тоғысады. Сөйте тұра біреуі де қателеспей ұя жасауды аса дәлдікпен аяқтайды. 
Егер біз екі тас қалаушы үйдің екі бұрышынан бірдей жұмыс бастап, дәл ортада кезіксек, бір кемшілік жібергенімізді байқаймыз. Бір кесек сыймай қалады, сосын оны сындырып жартылап, кетігін бітейміз. Араларда мұндай кемшілік жібермейді екен. 
«Раббыңның саған ойластырған жолымен жүр» - делінген Құранда. Міне, аралардың еш қателеспейтінінің құпиясы осында жатыр. Олардың түйсігінде осы сөз жазылған, содан айнымайды. Ал, біз адамдар үнемі Алланың бұйырған жолымен жүрмейміз. Әрдайым қателіктерге ұшырайтынымыздың себебі сол. Алла тағала күллі он сегіз мың ғалам¬дағы жанды-жансызды адамға қызмет ету үшін жаратты. Жындар мен періштелерге адамға сәжде қыл деп бұйырды. Араға да: «адамдардың салған күркелеріне ұя жасап ал» деді. Яғни, «адамнан алыстама, оған қызмет ет» деді емес пе? Иә, Құдіреті күштім адамға бас имеймін деп тәкаппарсынған Ібілісті малғұн шайтанға айналдырып жіберді.
Баяғыда бала күнімізде аралардың ұясын бұзып, тұра қашушы едік. Аралар гу етіп, қуып беретін, жетіп алады. Ертеңіне ерніміз дүрдиіп, құлағымыз күмпиіп жүретін. Сол кездегі шалалығымыз еске түскенде бетім қызарып, көзім жасаурап кетеді. «Бұрын түк білмегенімнен жылайтын едім, қазір көп білгенімнен жылайтын болдым» – депті Иран-Ғайып. Сол ақын ағаның сөзін жас ортасына келгенде түсіндік.
Күнге қарап жолын табатын, гүлге қонып ләззатын алатын бал арасының ғажабы ғашық етпей қоймайды. Айта берсең сусының қанбайтын сұлу сырларына сүңгіп кете бересің...
Енді мен осы әңгімеге қосып бір керек деректерді айтып өтейін.
Бір ұядағы ара саны 10 мыңнан 100 мыңға дейін жетеді.
Бір ұяда 1 ғана аналық болады. Оны жүздеген ара күзетіп, қоршап оған қызмет етіп жүреді. Аналық бір мезгілде 2,5 мың жұмыртқа туады. Олар жиырма күнде араға айналады. Қызметші аралар аналықтың туатын жерін су тасып жуып, қанаттарымен желпіп кептіріп, тазалап отырады.
Аралар басқа жәндіктер секілді қыста клиникалық өлімге ұшырамайды.
Әр араның өзіне бекітілген міндеті бар. Олар өте ауызбіршілікті.
Ара балы мың да бір кеселдің емі. Асқазан, қан-тамыр аурулары, ішек пен өтті айдағанда, бел құяңы мен сүйектің өсуіне де шипа. Араның уында да емдік қасиет бар. 
Бүгінгі медицина тек химиялық дәрілерге сеніп кеткен. Олар табиғи таза ем-домнан әлі де кемшін.
Себебі, кәсіби маман дайындайтын жоғары мектептер Құраннан  дәріс оқымайды.
Д. АЯШҰЛЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 мамыр 2017 г. 860 0