БІЛІМ САЛАСЫНДА ЖАҢҒЫРҒАН ЖҮЙЕ ЖЕТЕРЛІК

БІЛІМ САЛАСЫНДА ЖАҢҒЫРҒАН ЖҮЙЕ ЖЕТЕРЛІКАймаққа жұмыс сапары кезінде ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев білім саласының қызметкерлерімен, жоғарғы оқу орындарының ғалымдарымен кездесті. 
Жиынның алғысөзінде облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов осы жылдың ұстаздар мен білім алушылар үшін жаңалыққа толы болғанын жеткізді. Атап айтқанда, ҰБТ-ның жаңа форматы енгізіліп жатыр, қорытынды аттестациялау жаңаланды, «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасы басталды. Е.Сағадиев Елбасы Жолдауынан туындайтын мәселелер мен білім жүйесіндегі өзгерістерге кеңінен тоқталды. 
Алдағы 3 жылда балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамтамасыз ету міндеттеліп отыр. Ал балабақша ашуда мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту маңызды. Былтыр республикада 800-ден астам жаңа балабақша мен шағын орталық ашылды. Соның 600-дейі немесе 80 пайызы – бизнес пен мемлекет байланысының жемісі. Нәтижесінде 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 85 пайызға жетті. Қалған бөлігі келер 2 жылда балабақшаға баруы тиіс. 
Қазіргі күні балабақшаларға арналған жаңа санитарлық нормалар мен ережелер қабылданды. Кезек реттілігі де күн тәртібінде тұр. Астана, Қостанай, Шымкент, Алматы қалалары осыған байланысты бағдарлама әзірледі. Ендігі жерде бүкіл балабақша кезегі бірыңғай республикалық кезекке біріктіріледі. Жолдама электронды үкімет арқылы беріледі. Осылайша ата-аналар мемлекеттік болсын, жекеменшік болсын, таңдаулы мекемені таңдай алады. 
Өткен жылы тәрбиешілердің біліктілігін көтерудің бірыңғай бағдарламасы жаңартылды. 2019 жылға қарай мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру саласына даярлық сыныбы қатар енгізілмек. 
– Даярлық сыныбы – он екі жылдық жүйенің алғашқы баспалдағы. Қазіргі күні балалардың 85 пайызы 1 сыныпқа қабылданбай тұрып әріп таниды, оқи алады. Әйткенмен, мұғалімдерге оңай емес. Көпшілікті «Әліппенің» қайда кеткені мазалайды. «Әліппе» даярлық сыныбынан бастап оқытылады, – деді министр. 
Орта білім беру жүйесіндегі басты өзгеріс – жаңартылған мазмұнға көшу. Еліміздің бас педагогы Қазақстанның бұл бастамаға кештеу ілескенін жеткізді. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының құрамындағы 35 мемлекет 15 жыл бұрын бастап кеткен. Өйткені олар заман талабын, нақтырақ айтқанда, әр 2 жыл сайын ақпараттың екі еселенетінін, ал 5 жылда кейбір мамандықтардың жойылып кететінін түсінді. Жаңартылған мазмұнға көшу жағдайында функционалды сауаттылыққа ерекше мән беріледі. 
– Өткен жылы 1 сынып оқушылары жаңартылған мазмұнмен оқи бастады. Биыл 2, 5, 7 сынып балаларын көшіру көзделіп отыр. Осылайша 2019 жылы аяқтаймыз. Жаңа бағдарламаны игеру үшін 2016 жылдың жазында 74 мың мұғалім кәсіби біліктілігін арттырды. Педагогтармен жұмыс істеу жыл бойы жалғасып келеді. Биыл тағы 75 мың мұғалім оқытылады, – деді Е.Сағадиев. 
Министр үштілділік, оның ішінде мемлекеттік тіл жайына тоқталды. Айтуынша, биыл ҰБТ-ны қазақстандық түлектердің 80 пайызы, сырбойылық бітірушілердің 98 пайызы қазақ тілінде тапсыруға ниетті. Ендігі мәселе – он бір жыл бойы оқыса да, орыс мектептеріндегі балалар бір ауыз қазақша білмей шығады. Оның себебін министр әдістеме сапасының төмендігіне әкеп тіреді. Министрлік орыс тілінде білім беретін мектептерде қазақ тілін оқытудың ғылыми негізделген, коммуникативті әдіске сүйенген деңгейлі бағдарламасын әзірледі. Бұл әдістеме биыл жекелеген мектептерде пилоттық жоба ретінде қолданысқа енгізіледі. Қазақстанда бірінші рет ауызекі сөйлеуді дамытуға арналған жиілік сөздік шығарылды. Мұнда бұрынғыдай оқып, мәтін аудару деген болмайды. 
Ағылшын тілін білу – заман талабы. Биыл ағылшын тілінде сабақ беретін 5 000 мұғалімді 9 айға дейін тереңдетілген курстарда оқыту жоспарланған болатын. Оның орнына физика, химия, IT және биология пәндерінен сабақ беретін 12 000 адам жазылып, қосымша қаржыландыру мәселесі шешілді. Келесі жылы тағы 12 000 мұғалім білімін шыңдайды. Пәндерді ағылшын тілінде оқу ерікті түрде жүреді, ол үшін ата-ананың жазбаша рұқсаты керек. Е.Сағадиев осы жылы көп сұрақтың жауабы табылатынын, атап айтқанда, дайындық уақыты, оқыту сапасы, мұғалімдер мен балалардың дайындығы сынды мәселелер шешілетінін айтты. Өйткені аталған жұмыстың қорытындысына сай жоғарғы сыныпта 4 пәнді ағылшын тілінде оқыту кестесіне көшу 2018 жылдың аяғында аяқталады. 
Бұл өзгерістерден бөлек, министр еліміздегі мектеп оқушыларына берілетін үй тапсырмасының көлеміне қатысты мәселені көтерді. Балалардың үй тапсырмасын орындауға жұмсайтын уақыты жөнінен Қазақстан 65 елдің ішінде 4-орында. Ал халықаралық зерттеу нәтижелері үй жұмысының көлемі мен білім саласындағы табыстың арасында тікелей байланыс жоқ екенін көрсетеді. Бұл мәселені ұстаздар мен сала мамандары кеңінен талқылап, қорытындысында үй жұмысын жеңілдетудің екі нұсқасын ұсынды. Біріншісі бойынша үй жұмысы барлық пәннің, екіншісі бойынша жекелеген пәндер есебінен қысқаруы тиіс. Екі нұсқа бойынша да үй тапсырмасын орындау уақыты орта есеппен күніне бір сағатқа кемиді.
Министрліктің мектеп мұғалімдерін оқу процесінен тыс жұмыс пен жүктемеден босату үшін тиісті шаралар қабылдау туралы қадамын кездесуге жиналған ұстаздар қауымы қуана қолдады. 
Кездесуде Е.Сағадиев сала өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Ал сапардың екінші күнінде министрдің Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарындағы апатты мектептердің орнына жаңадан салынған білім ошақтарының ашылу және соңғы қоңырау салтанатына қатысуы жоспарланған. 

Назерке САНИЯЗОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 мамыр 2017 г. 840 0