ЖАҢА ДӘУІРДІҢ КЕМЕЛ КЕЛБЕТІ

ЖАҢА ДӘУІРДІҢ КЕМЕЛ КЕЛБЕТІҚорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстағы хатшылығының ұйымдастыруымен дөңгелек үстел отырысы өтті. Онда Елбасының Қазақстан халқына арнаған  кезекті Жолдауы талқыланды.
Басқосуға аймақтағы этномәдени орталықтардың жетекшілері мен өкілдері, ғалымдар, саясаттанушылар қатысты. 
Шараны ашқан Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстағы хатшылығының меңгерушісі Асылбек Жұмабаев биылғы Жолдаудың мән-маңызына тоқталып, ондағы Елбасы айтқан ел дамуының басым бағыттары жөнінде әңгімеледі. 
– Өздеріңізге белгілі, кеше Елбасы қазақстандықтарға өзінің дәстүрлі Жолдауын жолдады. Бұл тарихи құжатта да мемлекет дамуының басым бағыттары айқындалған. Атап айтқанда 2050 стратегиясының жүзеге асырылуы, Қазақстанның 30 дамыған елдер қатарына қосылу жайы нақтыланған. Бұл бағытта Елбасы 10 ілкімді идеяны атап айтты. Олар – отансүйгіштік,  геология, ғылым, экономика, ауыл шаруашылығы, инновация, аумақтық даму, транспорт, энергетика, шағын және орта бизнес. Сонымен қатар, Елбасы Жолдауда «Қазақстан 2050 жылға дейін өмір сүру үшін ең қауіпсіз және қолайлы ел болу керек» деп атап көрсетті. Бұл мақсаттар қазақстандықтарды қанаттандырады, қуанышқа бөлейді деп ойлаймын,– деді хатшылық меңгерушісі. 
Басқосуда, сонымен бірге, «Болашақ» университетінің проректоры, саясаттану ғылымының кандидаты Мұрат Насимов сөз алып, Жолдаудың ерекшелігіне тоқталды. Ғалым, әсіресе, ондағы Елбасы нақтылаған «Мәңгілік Ел» патриоттық құжатының маңыздылығына мән берді.  Оған қоса, қазақ тілі жайындағы Елбасы сөзіне тоқталды. Әсіресе, Елбасының «Қазақ тілі ғылым мен интернет тіліне айналды, тіл мәселесін даудың емес, ұлттың ұйытқысы үшін пайдалануымыз керек» деп қадап айтқанын үлкен қуанышпен жеткізді. 
Сонымен қатар, дөңгелек үстел отырысында «Славяне» этномәдени орталығының жетекшісі Галина Щербакова Елбасы Жолдауын өз араларында талқылап, онда нақтыланған басымдықтардың жүзеге асырылуына өз үлестерін қосатындықтарын жеткізді. 
– Елбасының жыл сайынғы Жолдауын үлкен үмітпен тағатсыздана күтетініміз рас.  Биылғы Жолдау да өз ерекшелігімен қуантып отыр. Әсіресе, студенттер шәкіртақыларының 2016 жылы 25 пайызға көбейетінін естіп қуанып қалдық. Сондай-ақ, Елбасының «еліміз дамыған 30 елдің қатарына кіру керек» деген сөзі де көңілімізді өсірді. 2050 стратегиясының орындалуына, Жолдауда айтылған басым бағыттардың жүзеге асуына біз де хал-қадірімізше өз үлесімізді қосатын боламыз,– деді ол. 
Басқосуда сонымен қатар өзге де бірқатар этномәдени орталықтардың өкілдері  сөз алып, Жолдаудың жаңалығы мен маңыздылығы жөнінде жан-жақты әңгімеледі. 
Айнұр БАТТАЛОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 18 қаңтар 2014 г. 1 493 0