КҮШТЕП КӨШІРІЛГЕН КӨШ

КҮШТЕП КӨШІРІЛГЕН КӨШҚызылорда облысына Ұлы Отан соғысы жылдарында
қоныс аударылған ұлттар

Қазіргі Қазақстан Республикасы өзінің территориясы жағынан әлемде 9-шы орынды алады, ал халқы жағынан 62 орында тұр. Халқы аз болғанымен, Қазақстанда 140 этнос өкілі тұрады. Мұншама этнос өкілдерінің қазақ жерінде шоғырлануы негізінен ХІХ ғасырдың екінші жартысында, Столыпиннің аграрлық реформасы дәуірінде, Ұлы Отан соғысы қарсаңында және соғыс жылдары Кеңес басшылығына ұнамаған халықтарды күштеп Қазақстанға, Сібірге, Орта Азияға қоныс аудару нәтижесінде болды.
Ұлы Отан соғысы қарсаңында Қазақстанның этно-демографиялық жағдайы үлкен өзгерістерге ұшырады. 30-шы жылдардың басында аштық қырғыны Қазақстан халқын біраз күйзеліске ұшыратып, санын азайтып тастаса, соғыс алдындағы репрессия, ұлттық интеллигенцияны жоқ қылды деуге болады, ал басқа халықтарды күштеп Қазақстанға көшіре бастау, онсызда қиналып жатқан халықты одан сайын күйзеліске түсірді. Күштеп көшірілген халықтар негізінен ауылды елді мекендерге көшірілгенге байланысты ауылдың этно-демографиялық жағдайы, әсіресе бұрын қазақ ұлты ғана тұратын Оңтүстік Қазақстанның этно-демографиялық жағдайын күрт өзгертті. 1939 жылғы санақ мәліметтері бойынша Қазақстанда 6151102, ал Қызылорда облысында 328067 тұрғын болған.
Ұлы Отан соғысы қарсаңында Кеңес үкіметі басшыларының КСРО-ның шекара аймақтарын негізгі отаны КСРО-дан тыс жерлерде орналасқан халықтардан тазарту жұмыстары нәтижесінде Қазақстанға Карелиядан 8423 фин, Қиыр Шығыстан 98 454 корей, КСРО-ның батыс шекараларынан 28 580 неміс, 35 739 поляк көшірілді. Бұларға қоса Кавказдың шекаралас аймақтарынан 1121 армян және курд, 2010 иран жанұялары көшірілді, бір жанұяда 5 адам деп есептесек, Кавказдан орта есеппен 15 655 адам көшірілген екен. 1939 жылы Польша Германиямен КСРО бөлінісіне салынғасын тағы 60 667 поляк Қазақстанға көшірілді.
Кесте 1. Ұлы Отан соғысы алдында Қазақстанға күштеп көшірілген халықтар.

ҰлтыСаныКөшірілген жылы
Финдер84231935
Немістер28 5801936
Поляктар35 735
60 6671936
1940
Корейлер98 4541937
Гректер2001937
Армяндар мен курдтар1121 жанұя1937
Ирандықтар 2010 жанұя1937
Барлығы:247 718 адам


Бұл тізімге әлеуметтік жағдайы мен саяси көзқарастарына байла¬нысты жекелеп сотқа тартылып, Қазақстанға қоныс аударылғандар мен түрмеге жабылғандар кірген жоқ.
Соғыс алдында немістер шекаралас аудандардан көшіріліп, 1939 жылы Германиямен келісім-шарт жасасқасын немістерді қудалау тоқта¬тылғанымен, олар туған жерлеріне қайтарылмады. Ал, Ұлы Отан соғысы басталған соң жағдай күрт өзгерді. Кеңес әскерлерінің  соғыс¬тың алғашқы кезеңіндегі жеңілістері Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының бірсыпыра аудандарында ұлтаралық қатынас-тың нашарлауына әкелді. Германияның үгіт-насихат машинасы көп ұлтты Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы халқын бір-біріне қарсы қойып, Кеңес үкіметінің билігін әлсіретуге тырысты. Осы орайда Кеңес үкіметі қайтадан халықтар депортациясын бастады. Осы жерде айта кететін бір нәрсе, бұндай саясатты сол кезеңде тек КСРО ғана қолданбады. Мысалы, жапондар Американың Перл Харбор әскери теңіз базасын бомбалап соғыс ашқанда, АҚШ үкіметі өз территориясындағы 110 000 жапондарды, оның ішінде 62% Американың азаматтығы бар тұрғындарын 10 арнайы лагерьге жинақтап, соғыс соңына дейін сонда ұстап тұрды.
1941 жылы Қазақстанның жағдайы да қиын болды. Қазақстанда өнеркәсіп орындары аз болғандықтан азаматтары «сыпырылып» әскерге жіберіліп жатты деуге болады. Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстаннан әскерге толық емес мәліметтер бойынша 1366 мың адам алынған екен, бұлардың ішінде 1938, 1939, 1940, 1941 жылдары соғыс қарсаңында әскерге алынғандар да бар. Осылардың 600 мыңы ұрыс далаларынан елге оралмады. Қазақстанның ұрыс далаларындағы адам шығыны соғыс өрті әрлі-берлі өткен Украина, Белоруссия, Ресейден кейін төртінші орында тұр. Ұлы Отан соғысына депортацияланған халықтардың өкілдері алынбады. Олар Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстанда құрылған 700 мыңдық еңбек армиясының қатарына алынып, Қазақстанның, Оралдың, Сібірдің өндіріс орындарында еңбек етті. Тарихтың тәлкегі дегендей, сотталғандардың, қудаланғандардың еңбегін жаппай түрде пайдалануды КСРО-ның жұмысшы шаруалар инспекциясы Халық Комиссарының орынбасары Н.М.Янсонов 1928 жылы Сталинге ұсынған екен. Ал 1938 жылы Н.М.Янсонның өзі репрессия құрбаны болды.
Ұлы Отан соғысы кезіндегі халықтардың депортациясы қатаң түрде, мыңдаған адамдардың өлімінің арқасында жүрді. 1937-1944 жылдары бір адамына дейін қалдырмай толық көшірілген, мемлекеттік белгісі, автономиялық құрылымдар жойылған 12 халық бар екен. Бұлардың депортациясы классикалық түрде жүргізілген халықтарға қарсы геноцид деуге болады. Бұлар соғыс кезінде тек ауыр жұмыстарға пайдаланылды. НКВД өзінің барлық күштерін пайдаланып, бұлардың барған жерінде жергілікті халыққа сіңісіп кетпеуін, достасып кетпеуін қадағалап отырды.
1941 жылдың 12 тамызында Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының Халық Комиссарлар Кеңесінің және БКП (б) Орталық Комитетінің бірлескен № 2060-935сс «Волга бойы аудандарында тұратын немістерді көшіру туралы» қаулысы қабылданды. Волга бойындағы немістердің автономиялық республикасындағы немістерді көшіретіндігі туралы республика немістері алдын ала білген болатын. Бұл туралы Ольховск ауданының «Рассвет» ауылы кеңесінің төрағасы Э.Ф.Дайнес былай дейді: «Маусым айында бізді аудандық атқару комитетіне шақырып алып, қазіргі тұрып жатқандай, колхоздар мен селоларға көшірілетініміз туралы ескертті. Алайда қай жерге нақты көшетініміз туралы айтқан жоқ», – деді. Л.П.Берияның Ішкі Істер Халық Комиссариаты басқармасына жіберген хатында «Оларды көшіріп орналастыру керек, қалада тұратындарды – қалаларға, ауылдық жерлерде тұратындарды, колхоздар мен совхоздарға және немістер тиеген эшелондарды жөнелтуді 1941 жылдың 3 қыркүйегінен бастау керек», – делінді. 
1939 жылғы санақ бойынша КСРО-да 1 427 222 неміс ұлтының өкілі тұрған екен. Оның 92 мыңы Қазақстанда қоныстанған. 1941 жылдың күзінің соңына қарай – Қазақстанға, Орал өңіріне, Сібірге 1120 мың немістер көшірілді. Бұл 1939 жылғы санақта көрсетілген немістердің 84 пайызы еді. Жоспар бойынша 1941 жылдың 25 қазанына дейін Қазақстанға 467 мың немісті, оның 15 мыңын Қызылорда облысына көшіру белгіленді, бірақ та мұрағат деректері бойынша Қазақстанға 420 мыңнан 444 005 неміс ұлтының өкілі қоныстандырылды. Олардың 3145-і Қызылорда облысының Арал және Қазалы аудандарына орналастырылды, Арал ауданына – 1291, Қазалы ауданына – 1854 неміс. Бұлармен бірге облысқа 1938 жылы Германияға күшпен қосылған Австрияда туылған 14 австриялықтар қоныстандырылды. 
Немістердің басқа жерлерге көшіп-қонуы, барған жерлерге сіңісіп кетуі, өте қиын жағдайларда өтті. Кеңес үкіметі немістердің көшіп-қонуына 3,5 миллион сом ақша, 1680 тонна ұн, 60 тонна қант, 3500 пар аяқ киім, тағы басқа заттар бөлді, бірақ бұл заттар жеткіліксіз болды және көптеген жағдайларда дұрыс жұмсалмай, әр түрлі құйтұрқы істер нәтижесінде талан-таражға түсіп, қолды болып отырды.
1941 жылы Қазақстанға көшірілген немістермен бірге Севас¬топольден 15-20 грек те әкелінді. Олар Ақмола облысына қоныс-тандырылды. 1942 жылы сәуір-қазан айларында 4 мыңға жуық грек Краснодардан Қазақстанға әкелінді. Краснодардан әкелінген гректер Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе, Ақмола, Қарағанды облыстарына қоныстандырылды. 1942 жылы Майкоптан көшірілген гректер Қазалыға жайғастырылып, Қызылорда облысына қоныстанды. Олардан кейін 1944 жылы Қырымнан 1240 грек Гурьевке әкелініп, Казнефтекомбинат өндіріс орындарында қоныстандырылды. Олар, қарапайым сөзбен айтқанда, еңбек майданына алынды. Осылай әскер қатарына алынғандар есебінен туындаған жұмыс қолының жетіспеушілігі жойылды.
Айтжан ОРАЗБАҚОВ,
ҚР Педагогика ғылымдар академиясының
корреспондент мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты.

(жалғасы бар).

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 мамыр 2017 г. 4 378 0