ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ ДЕМОГРАФИЯ

ҚАЗАҚСТАНДА  ІЖӨ ӨСІМІ КҮТІЛУДЕ 
Бірнеше жылдан бері әлемді шарпыған экономикалық дағдарыс салқыны біршама бәсеңдей бастаған сыңайлы. Сарапшылардың пікірінше, 2017 жылдың ақпан-наурыз айларында 2016 жылдың тиісті кезегі¬мен салыстырғанда Қазақстан экономикасында біршама өсім нышаны сезіле бастады. Әсіресе өнеркәсіп өнімінің көлемі ұлғайды. Үстіміздегі жылдың 4 айында оның өсімі Қазақстанның 13 өңірінде байқалған. Сонымен бірге жаңа жылдың алғашқы 4 айында елімізде құрылыс қарқыны салыс¬тырмалы түрде алғанда біршама өскен.
ҚР Қаржы министрлігі кеден комитетінің мәліметі бойынша 2017 жыл басында Қазақстанның сыртқы тауар айналымы 21,1 пайызға өсіп, 5,2 млрд АҚШ долларын құраған. Сол сияқты экспорт көлемі 18,9 пайызға өсіп, 3,2 млрд долларға жеткен. 2015-2016 жылдары әлемді шарпыған экономикалық дағдарыс салдарынан Қазақстанның негізгі көрсеткіштері күрт төмендегенін ескерсек, аталған өсім алдағы уақытта үмітке жетелейтінін атап өткіміз келеді.
Сарапшылардың болжамы бойынша, әлем эконо¬микасының орташа даму өсімі алдағы уақытта жылына 3-3,3 пайыз құрайтын болады. Даму қарқынын үдету үшін Қазақстан ішкі жалпы өнімінің өсімі алдағы жылдары бұдан біршама жоғары болуы тиіс. Бұған қол жеткізу үшін Қазақстан экономикасында қосымша құны жоғары өнімдер шығаруға бетбұрыс жасалуы керек, дейді маман сарапшылар.

ӨЗБЕКСТАНМЕН ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАТЫНАСТЫҢ ЖАҢА
КӨКЖИЕГІ АШЫЛДЫ

Өзбекстан президенті Ш.Мирзиеевтің Қазақстанға сапары кезінде Қазақстан президенті Н.Назарбаевпен келіссөздері барысында өзара ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері ашылды. Атап айт¬қанда, «Өзбекмұнайгаз» бен «Қазақмұнайгаз», «Казтрансгаз» бен «Казтрансойл» арасында Ресей мұнайын Өзбекстанға тасымалдау, бұл орайда «Омбы-Павлодар-Шымкент» тасымал құбырын пайдалану жөнінде түпкілікті келісімге қол жеткізілді. Бұл Ресей мұнайын Өзбекстанның мұнай өңдеу зауыттарына жеткізу үшін тиімді тасымал жолы болып табылады.
Ресми деректер бойынша осыған дейін Өзбек¬станда сұйық көмірсутегі шикізатын өңдеу бірнеше есе төмендеп кеткен еді. Өзбекстанның Бұқара, Фер¬ғана, Алтыарық мұнай өңдеу зауыттарының жалпы өндірістік қуаты жылына 11 млн тоннадан астам көлемді құраса, бүгінге дейін олар өздерінің 60 пайыз қуатында жұмыс істеп келген болатын. Мамандардың пікірінше, бұл Өзбекстан үшін тиімді келісім болып табылады.


РЕСЕЙДЕ ЕКІНШІ БАЛАҒА – 453 МЫҢ РУБЛЬ

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Ресей федерациясында әлеуметтік қақтығыстардың, экономикалық дағдарыстың салдарынан халық саны күрт төмендеп, ол бар-жоғы оншақты жылдың ішінде 160 млн адамнан 140 млн-ға дейін кеміді. Демократиялық ахуалды жақсарту үшін Ресей билігі шұғыл шаралар кешенін қабылдады. Арнайы бағдарлама қабылданды. 2017 жылдан бастап осы бағдарлама бойынша Үкімет Ресейде екінші бала туған анаға 453026 рубль көлемінде ана капиталын төлеу жөнінде сертификат береді. Бұл Қазақстан валютасына шаққанда шамамен 2,3 млн теңге құрайды. Ескерте кетейік, бұл сертификат 2007-2018 жыл аралығында екінші бала туған аналарға беріледі. Сертификатты тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында пайдалануға болады. Сондай-ақ мұндай қаржылай қолдау үшінші, төртінші және одан да көп бала туған аналарға қарастырылып отыр.

Әзірлеген Ж.ӘЛМАХАН.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 мамыр 2017 г. 661 0