«Бастау» бизнес орталығында «Қазгермұнай» БК» ЖШС-ның қолдауымен «Society of Petroleum Engineers» мұнай-газ өнеркәсібі инженерлері қоғамы Қызылорда секциясының екінші технологиялық күні өтті. Секция жұмысына өңірдегі мұнай-газ кәсіпорындарының басшылары, облыс әкімдігінің, жоғары оқу орындарының қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты. Басқосуда жергілікті және өңірлік эксперттерге өндірілетін мұнай көрсеткішін ұлғайту, мұнай өндірісін тұрақтандыру және аймақтың дамуына бағытталған технологиялық жетістіктерді қолдау мен дамыту жайы талқыланды.
Секция жұмысы «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ өкілі және SPE Қызылорда секциясының төрағасы Әділ Мұқанов пен «Қазгермұнай» БК» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Медет Кәрімнің құттықтау сөзімен басталды. Жиын барысында «Қазгермұнай» БК ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Медет Кәрім аталған саланың өзекті мәселелерін талқылау және тәжірибе алмасу үшін осындай басқосудың маңызды рөл атқаратынын жеткізді. Сондай-ақ, ол өңірлік ішкі жалпы өнімнің өсуінде мұнай өнеркәсібі белсенді жұмыс жасап жатқанын атап өтті.
– Қызылорда облысында аймақтың ішкі жалпы өнімінің 80 пайызға жуығын мұнай өнеркәсібінен түскен табыстар құрайды. Бұл – үлкен көрсеткіш. Сондықтан, өңір қазынасына экономиканың басқа салаларынан түскен табыстың үлесі өспейінше, біз аймақтың экономикалық тұрақтылығын сақтау бағытында өзіміздің күш-жігерімізді жұмсай беретін боламыз. Жоғары табыс біздің компания жұмысының алға жүруіне өз ықпалын тигізді. Мұнай бағасы төмендеген кезде аталған мәселелер сыртқа байқала бастады. Міне, осы түйткілдер біздің компанияны басқаруға деген көзқарасымызды өзгертуге, сайып келгенде компанияны басқарудың жаңа тәсілдерін, жаңа технологияларды өндірістік үдеріске енгізуге қатысты жолдарды іздестіруге мәжбүрледі. Әлбетте, мұндай ауқымды мақсаттарға қол жеткізу үшін компанияның жүйелі іс-қимыл жоспары және жақсы дайындалған даму стратегиясы болуы қажет. Бұл компания үшін не істеу қажеттігін айқындап алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, шаралар кешенін белгілеу алдағы уақытта осындай жоспарланған көрсеткіштерге жетуге, мүмкін болатын әртүрлі сілкіністерге дайын болуға жол ашады, – деді Медет Сәпиұлы.
Сондай-ақ,ол секцияның негізгі жұмысы шеңберінде жасаған «Мұнай-газ компаниясының стратегиялық дамуы» атты баяндама жасап, бірқатар мәселеге кеңінен тоқталды. Стратегияны жасау мен оны орындауды қамтамасыз ету өте ұзақ және күрделі үдеріс болып табылады. Ол компания қызметкерлерінің бірлесіп іс-қимыл жасауын қамтамасыз етеді. Бұл межеге мекеме ұжымы толықтай қол жеткізген. Мәселен, компания 2012 жылы жұмыс тиімділігін арттырудың маңызды екені айқындап, стратегиялық даму жоспарын қабылдауды ұйғарды. Аталған мақсатқа жету үшін негізінен 4 міндет белгіленді. Міндеттелген төрт бағыттан тұратын аталған жоспар алдымен компанияның болашақта қандай деңгейге жетуі керектігін айқындап берді. Ол үшін осал буындарды анықтап, оларды жетілдіру мақсатында еңбек етудің тиімді тәсілдерін игеру мәселелері жан-жақты пысықталған. Осылардың негізінде компанияға стратегиялық басқарудың жүйесін енгізу жоспарланды. Әрине, мұның барлығы ұжымның күш-жігерін бір арнаға тоғыстырып, жұмылдырусыз мүмкін болмайтынын айқын түсінеді. Аталған міндеттерді жүзеге асыру үшін іс-қимыл бағыттары айқындалды. Ол үшін дәйекті түрде 5 кезең белгіленген. Бізден меншік иелері не күтеді деген сауалға жауап беру үшін компания ұжымы қажетті міндеттерді айқындап үлгерді. Бұл орайда мемлекет белгілеген шарттарды ұмытуға болмайды. Медет Кәрім секцияның негізгі жұмысы шеңберінде жасаған «Мұнай-газ компаниясының стратегиялық дамуы» атты баяндамасында кеңінен тоқталды.
Жиында Медет Кәрім әлемдік қауымдастықтың ықпалымен болып отырған мұнай бағасының төмендеу факторынан туындайтын шектеулерді ескеру керектігін атап өтті. Осы межелерді сараптан өткізгенде компанияның стратегиялық жоспарының негізгі қағидалары өмірге келді. Мұнан соң ол бірқатар мәселеге ерекше тоқталып, мекеменің көптеген проблемаларды шешуге атсалысқанын мәлімдеді.
– Іс-қимылдың екінші кезеңінде мүмкін болатын қауіп қатерлердің алдын алу жұмыстары қарастырылған. Біз компанияның ішкі және сыртқы жағдайларына қатысты туындаған проблемаларды електен өткіздік. Егер тосын жағдай орын алған жағдайда бізге өнім жеткізушінің сырт айналуы мүмкін екенін де ескердік. Мұнай бағасы өзгергенде не болады? Оның бізге ықпалы қандай? Осы сауалдардың жауабын да қарастырдық. Ішкі ортаның жағдайын талдаудан өткізгенде олардың ішіндегі қандай үдеріс барынша ықпал жасайтынын зерттедік,– деді Медет Кәрім.
Барлығын талдаудан өткізгенде компания жұмысына ықпал жасайтын бірқатар сындарлы фактор айқындалған. Сондай-ақ, олардың ішінде сатып алу үдерісі сапасының төмендігі айрықша байқалған. Сондықтан, әрбір теріс ықпал жасайтын факторлар бойынша тиісті іс-қимыл жоспары жасалды. Әрине, стратегияны жүзеге асыру үшін оның орындалуына жүйелі түрде бақылау орнату қажет. Ол үшін мекеме ұжымымен компанияда стратегиялық даму жөніндегі комиссия құрылды. Бұл комиссия әрбір тоқсан сайын кеңес өткізіп тұрады. Сондай-ақ, ол жерде стратегиялық даму жоспарының ағымдағы есептері тыңдалатын болады. Осы отырыстардың қорытындысы бойынша стратегиялық шаралардың орындалу барысы жіті қадағаланады.
Стратегия ұзақ жылдарға арналып қабылданады. Сондықтан, алдағы жылдары мүмкін болатын барлық жағдайды талдап, ескере білуіміз қажет деп отыр. Бүгінде жаңаланған технология лезде өзгеріске ұшырап, олардың орнына жаңасы келеді. Сондықтан, қызметкерлер барлық жағдайға бейім болып ол үшін ұдайы оқу үдерістерін меңгеруі қажет. Бұл тұрғыда өндіріс орны әрдайым өз қызметкерлерін жаңа технологияларға бейімдеп отырады. Олардың көбісі қазіргі таңда менеджментті игерген мамандар. Осындай берік ұжым мекемені алдағы уақытта тиісті жетістіктерге жеткізері сөзсіз.
Аталған шараларды қолдану арқылы бірқатар өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізгені айтылды. Осыған қатысты ескі және жаңа кеніш орындарын көркейту мәселелері қолға алынғанын мәлімдеді. Бұл орайда инфроқұрылымдық нысандардың, сонымен бірге өндірістік нысандардың қайта жаңғыртылуы маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Расында, аталған өндіріс орынында адам факторына айрықша мән беріледі. Осы ретте техника қауіпсіздігін және еңбекті қорғаудың ережелерін оқыту маңызды болып табылады. Медет Кәрімнің айтып өткеніндей, компанияға қорғанудың барынша жақсартылған құрал-жабдықтары сатып алынуда. Осының нәтижесінде, мекемеде жарақат алу мен оның салдарынан орын алған төтенше жағдайлар тіркелмеген. Ал, стратегияны жүзеге асыру негізінде жоғары қаржылық көрсеткішке қол жеткізіліп, компания тарапынан аймақ тұрғындарына әлеуметтік көмек көрсетуге ықпал жасалды. Осыған дейін «Қазгермұнай» БК» ЖШС демалыс паркінің, спорт алаңдарының, шіркеу мен орталық мешіт ғимарттарын жөндеуге материалдық көмек көрсетті. Сонымен қатар, Қызылорданың көркейіп-көгалдануына белсенді үлес қосып келеді. Көптеген мерекелік және спорттық шаралардың жоғары деңгейде өтуіне қаржылық көмек көрсетті. Өз қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайларын көтеруге де ұдайы қолдау білдіруде. Медициналық сақтандыру мен іргелі санаторийлерге жолдамалармен қамтамасыз ету игілікті шаралардың бірі болып табылады.
Жиында одан әрі компанияның өздері қабылдаған стратегияны жүзеге асырудың кейбір мысалдарын арнайы дайындалған көрнекі үгіт-насихат құралдарымен көрсетілді. Мұнай өндіру кезінде технологиялық шығындарды қалай азайтуға болатынына және оның әдістемелеріне кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, басқосуда «Schlumberger» компаниясының инженер-геофизигі С.Исмағұлова «Мұнайлы-газды жүйелерді үлгілеу арқылы келешегі бар аумақтарды бағалау» тақырыбына кеңінен тоқталды. Ал «Қазгермұнай» кеніштерді үлгілеу бөлімінің басшысы Ә.Лұпанов пен «Rock Flow Dynamics» үлгілеу бойынша аймақтық директоры А.Тимошенко «Заманауи технологияларды қолдану арқылы көлденең ұңғымаларды бұрғылау және игеру», «Кеніштерді геологиялық-гидродинамикалық үлгілу кезіндегі белгісіздікті бағалау және автоматтандырылған бейімделу» тақырыбында хабарлама жасады. Жиын соңында баяндамашыларға бірқатар сауал қойылды. Жалпы, басқосуда бұрғылауда заманауи технологияларды қолдану, көлденең ұңғымаларды бұрғылау және сандық технологияларды қолдану мәселесі көтерілді.
Айта кетейік, мұнай-газ өнеркәсібі инженерлері қоғамы аталған саладағы комерциялық емес ұйым болып табылады. Ол ең алғаш 1957 жылы АҚШ-та құрылған болатын. Алпыс жыл бұрын қолға алынған ұйымға бүгінде 44 мемлекет бойынша 168 мыңнан астам қоғам мүшесін біріктіріп отыр. Бұл осы салада пайда болған түйткілді мәселелерді талқылауда инженер-мұнайшылардың басын қосатын еркін алаң болып табылады. Ал секция негізінен ағымдағы жылдың 1-наурызында құрылған болатын. Бірінші секцияны осыған дейін «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ өткізсе, бүгінгі шараны «Қазгермұнай» БК» ЖШС ұйымдастырып отыр.
«Бастау» бизнес орталығында өткен екінші секция инженер-мұнайшылар арасындағы қалыптасқан мәселелерді шешуге бағытталған еркін пікірлесу алаңы болды. Онда өз баяндамасында мәлімделген идеяларымен бөліскен инженер-мұнайшылар тәжірибе алмасты. Мәселен, біздің аймақта биыл мұнайды горизонтальды түрде өндіру қолға алынуда. Бұл – Сыр өңірі үшін жаңа технология. Дүние жүзіне белгілі мұнай өндірудегі бұл тәсілдің де өзіндік ерекшелігі бар. Бүгінгі басқосуда аталған әдіс басқа компания қызметкерлерінің де қызығушылығын арттырды.
Қорыта айтқанда, осындай жиындардың негізгі мақсаты жаңа технологияларды енгізу арқылы өнім көлемін арттыру екеніне көз жеткізгендей болдық.
Кенжетай БАЛҒАБАЙ.