
10-қазанда «Қала күні» мерекесі аясында «Сыр ана» ескерткіш монументінде «Ән тербеген Қызылорда» атты ән фестивалі өтті.
Онда өнерсүйер қауым құлақтан кіріп, бойды алатын әсем әндермен сусындады. Сыр бойын әнге бөлеген айтулы шараны тамашалауға келген көрермендер қатарында еліміздің белгілі танымал тұлғалары – кино және театр майталманы Асанәлі Әшімов, айтыс өнерінің жанашыры Жүрсін Ерман, белгілі сазгер Кеңес Дүйсекеев және «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп болды.
Ән кеші «Наз» мемлекеттік би театрының орындауында «Сырдағы той» хореографиялық композициясымен басталды. Кешті облыс әкімі Қырымбек Көшербаев сөз сөйлеп ашты. Салтанат сахнасына көтерілген аймақ басшысы қала тұрғындары мен қонақтарын айтулы мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Құрметті қызылордалықтар, қадірлі қала қонақтары! Сыр өңірінің бас шаһары «Қала күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Ежелгі Сыр өңірі талай қазаққа, талай ұлтқа пана болған құтты мекен. Ұлт зиялыларының көшбасы осы жерде қалыптасты. Қызылорда қаласы Қазақстанның алғашқы астанасы ретінде ұлт тарихында алтын әріптермен жазулы. Біз сол атаққа, мәртебеге сызат түсірмес үшін аянбай еңбек ете бермекпіз. Осы мақсатта талай тірліктер атқарылуда. Қаланы жандандыру, жаңа, замануи үлгідегі шаһар орнату, Сырдарияның сол жағалауын жайқалту бағытында бірқатар шаруалар жасалуда. Қызылорда әлі талай көрген жұрттың көзжауын алатын қала болады. Қымбатты жерлестер, туған қаламыздың көркеюіне әрқайсыңыздың елжандылық қолтаңбаларыңыз өте қажет. Қала күні құтты болсын, қадірлі жерлестер,– деп облыс әкімі ізгі тілегін арнады.
Онан соң кеш жүргізушілері – Сыр түлектері Дана Нұржігіт пен Ғани Құлжанов Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағанбетовтің Қызылорда қаласының 195 жылдық мерейтойына арнаған құттықтау хатын оқыды.
Туған жерге ән сәлемін ала келген қазақ эстрадасының жұлдыздары.
Бақтияр Тайлақбаев, Жеңіс Ысқақова, Жеңіс Сейдоллаұлы, Елена Әбдіхалықова, Мәдина Сәдуақасова, Гүлнұр Оразымбетова, Алмас Кішкенбаев, Өмірқұл Айниязов, Эльмира Жаңабергенова әуелеткен әсем әндер мереке көркін қыздырып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Ән кеші тосын сыйларға толы болды. Соның бірі белгілі сазгер Рамазан Таймановтың ән шырқауы еді. Р.Таймановты тек сазгер ретінде танитын өнерсүйер қауым ол кісінің әншілік қырына да қанықты. Сондай-ақ, сазгер Кеңес Дүйсекеевтің «Туған жер» атты әнінің тұсауы кесілді. Сиясы кеппеген жаңа әнді қызылордалықтар тұңғыш рет танымал әнші Мәдина Сәдуақасованың орындауында тыңдады. Кеш соңы отшашумен қорытындыланды.
Айнұр БАТТАЛОВА.