Ертеден жылқы малын ерекше қастерлеген халқымыз тәуелсіздік алған жылдардан бері ұлттық өнерге, ат спортына қайта ден қойып келеді. Ылдидан салсаң төрге озған небір алмауыт жүйріктерді баптаған атбегілер аламанда қиқуға қиқу қостырып, қандастарымыздың мерейін тасытқандай. Бұл өзі қанда бар қасиет болса керек. Оның үстіне жеті қазынаның бірі саналатын сұлу жылқыға әсем ат әбзелдерін жасантып, ерттеп мінген қандай?! Сондықтан да ұлттық өнердің сілемін үзілдірмей, қайта жаңғыртқан қолы алтын шеберлерге құрмет бөлекше.
Жаңақорған ауданында тұратын жас жігіт Нұрқанат ат әбзелдерін жасайтын шебер ретінде бұл күндері айналаға танылып қалды. Оның қолынан шыққан ат тартпасы мен жүгені, өмілдірік пен ноқтасы тартымды болуымен қатар, жануарға да жайлы, иесіне де қолайлы әрі әсем. Ертоқымның астында тұратын терліктің ылғал тартып, ат арқасына батпайтындығы шабандоздар арасында ерекше бағаланады. Жаратушының берген қасиеті шығар, жас шебердің қолынан шыққан әлгіндей бұйымдар ат арқасына қона қалатындығын қайтерсің?! Ішкі, сыртқы тартпалары да әдемі сырылып, көздің жауын алады. Осындай әсемдіктер үндесе келе, ер қанаты атанған жылқы малының сұлулығы мен құдіреттілігін паш етеді десек, артық емес. Еңбекке ерте бейімделіп, өз шеберлігін шыңдай түскен жас жігіттің ат әбзел бұйымдары бес-алты жылдан бері үлкен сұранысқа ие. Бұл бір жағы қолөнерді бағалау болса, екінші жағынан ауыл адамдарының нарыққа бейімделуі яғни, қолдан келер істі өрістетіп, адал кәсіппен нәпақа айыруына келер еді. Қашанда қасиет қанмен келеді емес пе, Нұрқанаттың анасы Гүлнар Жаппарова – тігінші. Жастайынан анасының ісмерлігіне көз қанықтырған ол тігін машинасын айналдыруды да теріс көрмейтіндей болып өсті. Мектеп қабырғасында жүргенде құрдастарымен бірге жаз бойы еңбек етіп, одан түскен ақшасына бір етікшінің тігін машинасын сатып алғандығы бар, міне, содан бері қайыс пен көннен құнды бұйым жасауға бейімделді.
Қазіргі кезде «Жаңақорған аргарлы-техникалық колледжінде» 2-курста оқып жүрген оның алдағы мақсаты үлкен. Арманы биік.
– Жасаған бұйымдарым алушыға ұнап, жылы сөз айтса, кәдімгідей қуанып, жаңа шабытпен екіншісіне кірісемін. Дұрыс бағыт-бағдар беріп, кәсібилікке баулып жатқан ұстазым Камал Ержановқа ризамын, айтар алғысым мол, – дейді ұлттық бұйымдарды жасау жолына түскен жас шебер.
Ұлттық өнердің жанашыры осылайша ұмыт болып бара жатқан қолөнер түрі – ат әбзелдерін жасауды қолға алуда. Ол бүгінде өңір тұрғындарының сұранысына сай қызмет жасап келеді. Айтпақшы, оның қамшы өретін де өнері бар, ол үшін тау шатқалдарынан алдырылған тобылғы бұталарын пайдаланады. Салалы да, шымыр қамшыларға көбінесе апайтөс шабандоздар тапсырыс беріп жатады.
Нұрқанат атбегілік өнерден де кетәрі емес. Әр сәйгүліктің жаратылысына сай баптай білумен де жақсы таныс. Жетінші сыныптан бастап, жылқының жалын тартып мініп, жаппай көкпар додасына да қатысып келеді. Қорасында аяғын тарпып өзі баптап жүрген қос аты тұр.
Иә, талапты ерге нұр жауар демекші, ұлттық өнерді ұлықтап, ат баптауды да қатар алып жүрген Нұрқанат Тұрсынбекке әрқашан сәттілік тілейміз. Оның да артынан ерген ізбасарлары көп болса, нұр үстіне нұр болар.
Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.
Жаңақорған ауданы.