ЖАСАНДЫ ДҮНИЕ ЖАРҒА ЖЫҚПАСЫН

ЖАСАНДЫ ДҮНИЕ ЖАРҒА ЖЫҚПАСЫНБүгінде біз шетелде қандай жаңалық шықса, соны өзімізге жапсыра қоймаққа құмармыз. Соның салдарынан тым еуропаланып, жасанды сұлулыққа жаппай көшіп жатқан жайымыз бар. Мәселен, қыздарымыздың шашы әуел баста қара түсті болатын. Одан сарғайып, кейін қызарды. «Шымкент шоудағы» Берік Тұрсынбеков айтпақшы, «шашымыз духовкаға салғандай» сары-ала. Сұр түсі де сәнде болды. Осылайша, заман талабына қарай шаш бір қарайып, бір сарғайып жатыр. 
Енді бет-әлпетке ойыссақ. Аппақ қыздар соляриге барып қарайса, қара торысы косметика көмегімен ағарып әлек. Сонау 60-70 жылдары апаларымыз қас арасын екі нүкте етіп бояп, үстінен қарайтып алатын. Оны кәдімгі усьманы инеге батырып жасаған екен. Сол қайта қолданыста. Қазір қыздардың басым бөлігі қасының үстінен татуаж жасатып, сұлулар қатарын толықтырып жүр. Десе де, жасанды сұлулық екені бірден білінеді. Бірақ бәрібір қарлығаштың қанатындай қиылған қасты жасайтындардың шеберлігіне қарай бірінің қасы сұр, бірінікі қара немесе қоңырқай. Енді осы дүниелердің бағасын есептесеңіз, бас айналады. «Сұлулық құрбандықты талап етеді» қағидасы осы жерде үстем. Ұсақ-түйек көрінгенімен қалта әжептеуір қағылатыны сөзсіз. Бұған біз қаладағы сұлулық салон шеберлерімен тілдескенде қанықтық.
Шаштан бастайық. Шашты сарғайту, яғни мелированиенің ең арзаны 5 мың теңгеден басталатын көрінеді. Оны кезең-кезеңімен бояп, нағыз блондинкаға айналу үшін біраз шығындалуға тура келеді. Сонда бір шаштың өзіне 15-20 мың теңге суырып бересіз. Қас татуажы да 5 мың теңгеден басталады. Найзадай кірпікті жапсыру арзан емес. Одан жезтырнаққа айналып, сояудай тырнақ жапсыру 3 мың теңге шамасында. Қабаққа сырға салу да сәнге айналуда. Ал оның қаншалықты зиян екендігіне мән берген  ешкім жоқ. Ойындағысы – жанталасып жүріп сәнге ілесу. Кейде тіпті айналаңызда сұрықсыз қыз жоқ секілді. Себебі, әдемі көріну үшін қалтасындағы соңғы тиынын санап беретіндер баршылық. Оның үстіне «қисық аяққа қызыл кебіс не теңім?» дейтіндей емес, қамыт аяқты оқтай аяққа айналдырып, жалпақ танауды кішірейтіп, беттегі қып-қызыл дақты ыдыратып, секпілді кетіріп, әжімді әдіптеп беретін қызмет орындары қаптап тұр. Денсаулыққа зияны болмаса жақсы. Жасанды дүниенің уақыт өте келе жанды жараға айналмауына ешкім кепілдік бермейді. Сондықтан көзге ұрып тұратын, сатып алған сұлулықтан гөрі табиғи сұлулықтың қадірін білген дұрыс сияқты. 
Мөлдір СНАДИН.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 мамыр 2017 г. 752 0