«Достық үйінде» Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы облыстық Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Дәстүрлі құндылықтар және рухани жаңғыру» тақырыбында форум өтті. Оған жазушы-этнограф, отбасылық құндылықтарды, дәстүрлі дін мен ұлттық салт-дәстүрді насихаттаушы, Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова қатысты.
Облыстық, аудандық Аналар кеңесінің мүшелері, көпбалалы аналар, этномәдени бірлестік өкілдері мен қала тұрғындары қатысқан шараны Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы облыстық Аналар кеңесі төрайымының орынбасары, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Нұрсәуле Мұсаева жүргізіп отырды.
Форумды ашқан облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов Ұлы Отан соғысында батырлығымен аты шыққан Бауыржан Момышұлының азаматтық тұлғасы, қаһармандық қасиеті жайында айтып өтіп, батыр бабаның тағылымды тәмсілдерін кейінгі толқынға жеткізуші, ұлттық құндылықтарымызды халық арасында насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіріп жүрген Зейнеп Ахметованың өлшеусіз еңбегіне ризашылығын білдіріп, форумның маңыздылығына тоқталды және қазақы қонақжайлылығымызбен иығына камзол жауып, басына ақ жаулық салып құрмет көрсетті.
Айта кету керек, Зейнеп Ахметова Бауыржан Момышұлының соғыстан кейінгі жылдардағы өміріне арналған «Шуақты күндер» атты естелік-кітаптың және «Әзіліңді сағындық», «Бабалар аманаты» еңбектерінің авторы.
Шара барысында Зейнеп Асқарбекқызы отбасылық құндылықтар, дәстүрлі дін, ұлттық салт-дәстүр, қазақ қызының болмысы, келіннің әдебі, қоғам қалыптасуындағы ана-әжелердің рөлі туралы кеңінен әңгімелеп, ойларын ортаға салды.
– Қазақта небір керемет адамдар, небір керемет келіндер бар. Менің танымал болуым, маңдайлы келін атануым атаның арқасы. Ондай кісінің келіні болу – үлкен жауапкершілік. Сондықтан мен де сол кісінің атына ұят келтірмеуге тырыстым. Яғни, мені халық тәрбиеледі. Қайда жүрсем де, сол кісінің рухына дұға жасап, сол кісінің тағылымды сөздерін айтып жүремін,– деп ағынан жарылған Зейнеп Ахметова ұлттық құндылықтар, ұлттық тәрбие, салт-дәстүр жөніндегі ойларымен бөлісті.
Жиын барысында қатысушылар мәртебелі мейманға көкейлеріндегі сауалдарын қойып, алғаусыз ақ тілектерін арнап жатты, бірі естелік үшін қолтаңба алса, енді бірі жүрекжарды лебізін білдіріп, сый-сияпатын жасады. Жас ақын Толқын Қабылша ардақты анаға өлең арнады. Шара соңында Зейнеп Асқарбекқызы «Өзіңіздей ананың жолын берсін» деп ниеттеніп, форумға арнайы келген жандардың көңілін қимай қос бүлдіршіннің тұсауын кесті.
Айнұр БАТТАЛОВА.