Облыс әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтіп, оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев төрағалық етті.
2012 жылғы «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында Президент: «Мемлекет тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілік принципін ұстануға тиіс. Дамыған қоғам барлық жерде тәртіп пен реттілік орнатудан, жайлы подъезден, жинақы ауладан, таза көшеден және жарқын жүзді адамдардан басталады», – деді. Сөйтіп, мемлекеттік органдарға ауқымды міндет жүктеді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау бағытында облыста жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. 2013-2017 жылдар аралығында ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, сала қызметкерлерінің заманауи қажеттіліктерін қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен 6,5 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Учаскелік полиция инспекторларын орталық және қажетті бекеттермен қамтамасыз етуге 277 млн теңге жұмсалды. Биыл ішкі істер және прокуратура органдарының бірлескен жобасы аясында Қызылорда қаласында 14 стационарлы жылжымалы полиция пунктін орнатуға бюджеттен 128 млн теңге қаралды.
– Жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары қолданған шаралар нәтижесінде осы жылдың І тоқсанында облыс бойынша тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар 12,8 пайызға төмендеді. Дегенмен, қылмыстардың ішінде өсу тенденциясы байқалған жекелеген қылмыстар бар, – деді аймақ басшысы.
Облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы Бауыржан Ибраевтың айтуынша, 2017 жылдың алғашқы тоқсанында 9 641 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Соның 3674-іне 29 млн 765 мың теңге айыппұл салынып, оның 10 млн 245 мыңы өндірілді. 266 адам әкімшілік қамауға алынып, 127 адамға ескерту жасалды.
– Біздің мақсат азаматтарды әкімшілік жауапқа тарту емес, керісінше, құқық бұзушылықтардың алдын алу. Осыған орай жергілікті атқарушы органдармен бірлескен профилактикалық шаралар өткізіліп келеді, – деген Б.Ибраев бейнебақылау камералары орнатылғалы бері халықтың сақ жүруге көшкенін айтты.
Қырағы құрылғылар көмекшіге айналды. Қазір облыс орталығында 272 камера бар, көбі көпқабатты үйлердің ауласында, көше қиылыстарында тұр. Ал жедел басқару орталығындағы осындай құрылғылардың көмегімен 53 қылмыс ізі суымай ашылып, 8906 құқық бұзушылық анықталды. Оның 7958-і жол ережесін бұзу деректері. Облыс әкімі тәртіп сақшыларының қыруар қаржыға сатып алынған бейнетіркегіштерді сөндіріп тастаған жағдайларын жайып салды. Жергілікті полиция қызметінің бастығы мұны мойындап, тексеру кезінде нысанаға іліккен 21 қызметкер мен 19 басшылық құрамға қатаң жаза қолданылғанын жеткізді.
Осы төрт айда аймақта кісі өлтіру қылмысының 20 дерегі тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 есе жоғары және барлығы толық ашылды. Облыстық ІІД бастығының орынбасары Нұрлан Анарбаев қылмыстың 85 пайызын түн жарымында жұмыссыздар мас күйінде жасағанын айтты. Араққа сылқия тойып алған адамнан бәрін күтуге болады.
– Бүгінде араққұмарлыққа шалдыққан 70-ке жуық адамның құжаттары дайын. Бірақ мамандандырылған емдеу-профилактика мекемесінде орын жеткіліксіз. Оларды еріксіз апару учаскелік полиция инспекторларына оңай тимей тұр. Құжаттар жинауға кем дегенде 7-10 күн кетеді. Медициналық тексеру кезінде ол адамның басқа ауруы анықталса, емдеуге жіберу мүмкін болмайды, – деді Н.Анарбаев.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сүйенсек, 45 мыңға жуық адам еш жерде тіркелмеген, бірақ табысы бар. Ал 17 100 адам жұмыс істемейді, соның ресми тіркелгені – 4578 ғана. Ал айналысатын тірлігі жоқ адам қате басуға бейім. Мысалы, жыл басында 40 мың теңге үшін такси жүргізушісін травматикалық тапаншамен атып өлтірген жағдай жаға ұстатты. Қылмыскер – жұмыссыз. Азын-аулақ ақшаға бола қолын қанға былғады.
Облыс әкімі Қ.Көшербаев халықты, әсіресе, маргинал жастар мен түрмеден босап шыққандарды жұмыспен қамту мәселесіне назар аударып, тиісті сала басшылығына жұмысты күшейтуді тапсырды. Одан бөлек, учаскелік полиция инспекторларына да жүктелген жауапкершілік орасан.
Келесі мәселе есірткі бизнесіне қатысты өрбіді. Департамент бастығының орынбасары Н.Анарбаевтың сөзінше, нашақорлыққа қарсы шараларға биыл жергілікті бюджеттен 9 млн 745 мың теңге бөлінді. Соған қарамастан, соңғы бес жылда есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстардың өсу тенденциясы байқалып отыр. Өткен жылдың өзінде 355 қылмыс анықталды. Заңсыз айналымнан 1 тн 505 кг есірткі тәркіленіп, 211 адам құрықталды. 77 есірткі алқабы анықталды. Одан бөлек, орман шаруашылығындағы 9 аумаққа есірткі егілген. Биыл 1 маусым-30 қазан аралығында республикалық «Көкнәр-2017» жедел-профилактикалық шарасының нұсқаулық жиыны Қызылорда қаласында өтеді. Оған басқа өңірлерден орган өкілдері, «Бүркіт» арнайы жасағының әскери қызметкерлері мен тікұшақ техникалары тартылмақ. Қазіргі уақытта «Дельта-Сырдария» бөлінісі құрылып, материалдық-техникалық база нығайтылып жатыр.
Аймақ басшысы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына, аудан мен қала әкімдеріне жер телімдерінің мақсатты түрде пайдаланылуын қамтамасыз етуді, әйтпесе, тиісті шара қолдануды, ішкі істер органдарының басшыларына аталған ауқымды шараны жоғары деңгейде өткізуді міндеттеді.
Назерке САНИЯЗОВА.