КӘСІПКЕРЛІКТІ ӨРКЕНДЕТУДЕГІ ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕНІ БҮКІЛ ЕЛГЕ ТАРАТУҒА БОЛАДЫ

КӘСІПКЕРЛІКТІ ӨРКЕНДЕТУДЕГІ ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕНІ БҮКІЛ ЕЛГЕ ТАРАТУҒА БОЛАДЫ«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев Қызылордаға жасаған жұмыс сапары барысында жергілікті кәсіпорындардың жұмысымен танысты.
Алдымен «Нұр-строй» ЖШС-ның Қызылордадағы филиалына барды. Қарқынды дамып келе жатқан кәсіпорынның негізгі кәсібі – көпсалалы құрылысқа арналған темірбетонды бұйымдар мен конструкция шығару. Кәсіпорынның жылдық қуаты 60 мың текше метр өнім дайындауға жетеді.
Зауытта қалыптық, арматуралы, бетон араластыратын, шикізаттық және механикалық жөндеу цехтары жұмыс істейді. Бүгінде 220 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр, әрі жұмысшыларының әлеуметтік жағдайына ерекше көңіл бөледі. Зауыт директоры Нұрлыбек Қалекеевтің айтуынша, өңірдегі құрылыстың қарқынды дамуы өнімге сұранысты арттырып отыр. Зауыт өнімі Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында кеңінен танылған.
Одан әрі меймандар ерлер жейдесін тігетін фабриканың жұмысымен танысты. Тігін фабрикасының жетекшісі, «DALATEX» ЖШС директоры Ділмұхамед Абизов кәсіпті қалай жолға қойғанын баяндады
Фабрикада барлық технологиялық процеске қажетті заманауи озық жабдық қойылған. Қазіргі таңда өндіріс көлемі айына 7-9 мың жейде тігуге дейін жетті. Келешекте айына 10-12 мың өнім дайындау жоспарланып отыр. Бүгінде мұнда 40 жұмысшы еңбек етеді. Жетілдірілген, компьютерлендірілген қосымша құрылғылар сатып алынуда. Сатып алушыларға ыңғайлы болу үшін еліміздің өзге де өңірлерінен сауда қоймаларын ашу жоспарланған. Бүгінде кәсіпкер ресейлік әріптестермен ынтымақтастық орнатып отыр. Оның стратегиялық жоспарына сәйкес болашақта ТМД елдеріне арнап жейде түрлері шығарылады.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының алаңында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев, басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтың қатысуымен өңірлік кеңес отырысы өтті. 
Кәсіпкерлік палатасы құрылғалы бері облыс әкімдігімен бірігіп аймақта бизнесті өркендетуге бағытталған мақсатты жұмыстар атқарылып келеді. Өңірдегі шағын кәсіпкерліктің даму деңгейіне шолу жасаған аймақ басшысы кәсіпкерлік субъектілерінің мүддесін қорғаудың, олардың ұсыныстары мен көтерген мәселелерін шешудің қалыптасқан жүйесі туралы айтты. Мәселен, облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірігіп жасалған «Микробизнес Қызылорда» арқылы 840 млн теңгенің 132 жобасы қаржыландырылып, 429 жаңа жұмыс орны ашылды. Қазіргі күні қаржының қайтарымы 100 пайызды құрайды. Қызылорда қаласы мен барлық ауданда өз ісін бастаушыларға қызмет көрсететін, «бір терезе» қағидасымен жұмыс істейтін Кәсіпкерлер үйлері, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылған. Онда кәсіпкерлер қажетті кеңес алады, құжаттарын қысқа мерзімде рәсімдейді. 
Облыста жаппай кәсіпкерлікті дамытудың Жол картасы әзірленген. Ол бойынша әр ауданда, әр ауылда атқарылуы тиіс жұмыстардың бағыты белгіленген. Мәселен, қай ауылдарда шаштараз, монша сияқты тұрмыстық нысандар ашу тиімді, қай ауылда наубайхана ашуға болатыны жіті зерттелген. Бүгінде аталған Жол картасы облыс әкімдігінің қатаң бақылауында. Алдағы күндері белгіленген жұмыстар алға жылжымаса, осыған жауапты тұлғалардың өз қызметтерінде қалу мәселесі қаралатын болады. 
Одан әрі сөз алған Т.Құлыбаев Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бизнес пен билік арасына диалог құру мақсатының Қызылорда облысында толық орындалғанын айтты.  Өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту мен қолдауға қатысты шараларға жоғары баға берді. Бизнесті бастау мен дамыту жөніндегі мәселені шешу үшін облыс орталығы мен аудандарда Кәсіпкерлер үйі мен Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылған.
Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында бос жатқан жер учаскелері туралы, инженерлік желілер туралы электронды форматта ақпарат алуға, сондай-ақ техникалық талаптарды жасатуға және сәулет пен жер мәселелері бойынша рұқсат құжаттарын рәсімдеуге болады. Облыс әкімдігі Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын ашу,  жер кадастры, газ, жылу, электр қуаты және сумен жабдықтау жөніндегі мәліметтер базасын цифрлық жүйеге көшіру үшін қаржы бөлді. 
Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен өткен жылы отандық өнімді өткізу үшін және мемлекеттік органдар, мұнай компаниялары мен квазимемлекеттік сектордың тауар, еңбек және қызмет түрлерін сатып алуларында жергілікті қамту үлесін арттыру мақсатында Жұмыс комиссиясы құрылды. Өңірдегі құрылыс материалдарын шығаратын және жеңіл өнеркәсіп саласындағы 50 компанияға қолдау көрсетілді. Мемлекеттік сатып алуларда отандық тауар өндірушілердің әлеуетін пайдаланудың қызылордалық тәжірибесі өзге өңірлерге де таратылмақ.
Ұлттық палатаның жұмысындағы басты бағыт – кәсіпкерлердің құқын қорғау. Бұл ретте Бас прокуратурамен бірлескен жұмыс атқарылып, тиімділігі байқалды. Сонымен бірге кәсіпкерлер кезігетін әкімшілік кедергілердің неден туындайтыны зерттелген. Кәсіпкерлердің құқын қорғауға бағытталған шаралардың Қызылорда облысындағы нәтижелі қорытындылары жоғары бағаға лайық. 
Бүгінде өз ісін бастаушылардың рұқсат алу кезеңінде кезігетін кедергілері жойылды. Лицензиялар, рұқсат құжаттарының үштен екісі қысқарды. Осы жылдан қадағалау, бақылау функцияларын оңтайландыру басталмақ. Қазір елімізде 61 ведомство 28 мыңнан астам бақылау-қадағалау функциясын атқарады.  Мәселен, санитарлық нормалардың жартысынан астамын қысқартуға болады.  
Одан әрі Т.Құлыбаев Салық кодексін жетілдіру, адам капиталын дамыту тұрғысында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды.  Палата өз ісін бастаушыларды бизнестің негіздеріне үйретуді, өз жобасының техника-экономикалық негіздемесін жасауға баулуды жолға қойды. 
– Бизнес пен мемлекеттік органдар арасында өзара іс-қимыл жоғары деңгейге жетті. Бұл заңнамаларға өзгеріс енгізу, кәсіпкерлік желісі бойынша қаражат бөлу нәтижесінде іске асырылып отыр. Бүгінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнесті қолдау мәселелері бойынша  ел Үкіметінің толықтай серіктесі болып қалыптасты, – деді Т.Құлыбаев.
«Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Т.Құлыбаев облыс әкімі Қ.Көшербаевты «Ісіне адалдығы үшін» құрмет медалімен марапаттады.
Отырыста облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов кәсіпкерлік субъектілерінің қадамына тұсау болатын әкімшілік кедергілерді анықтау мақсатында палатада бизнес өкілдерімен тұрақты кездесулер өткізілетінін айтты. Кәсіпкерлер шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға кедергі ретінде банктер тарапынан берілетін несиелерге қолжетімсіздікті, коммуналдық қызметтердің сапасыздығын, өңірдегі мамандар біліктілігінің төмендігін, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, кеден органдары қызметінің төмендігін алға тартқан.
Аймақтағы кәсіпкерлік саласының дамуын инфрақұрылымдарға қатысты ақпараттың қолжетімсіздігі тежейтін  еді. Бұл мәселе биыл оң шешімін тапты. Облыс әкімінің қолдауымен Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылды. Жаңа орталық инженерлік коммуникацияларға қосылуға кеңес беру және көмек көрсету, яғни газ, су, кәріз, электр, жылу және телефон жүйелеріне қосылуға техникалық шарттар алып берумен айналысады. Оған қоса архитектура және құрылыс салалары бойынша сәулет-жоспарлау тапсырмасын алуға, құрылысты бастауға рұқсат алу, техникалық төлқұжат алу, тіркеуден өткізуге көмек көрсетеді. Жер мәселелері бойынша жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту, сатып алу, қосымша жер учаскесін алуға жәрдемдеседі. 
Алдағы уақытта жаңадан ашылған орталық монополист кәсіпорындардан техникалық шарттарды электрондық форматта алуды жолға қоймақ, яғни кәсіпкер үйінде отырып-ақ ғаламтор арқылы тапсырыс бере алады. Ол үшін арнайы облыс елді мекендерінің электрондық картасы әзірленген. 
Палатаға келіп қаржылай емес қолдау түрлерін сұраушы, сервистік қызмет алатын азаматтар қатары көбеюде. Ғ.Жақсылықов тауарларын экспортқа шығаратын ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерге қатысты ұсынысын білдірді. Тауарөндірушілер өз тауарларын экспортқа шығаруға дайындау барысында қажетті құжаттарды алу үшін 2-3 күн бойы 6 мекемені аралауға мәжбүр.  Осы ретте Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының тәжірибесімен, «бір терезе» қағидасымен жұмыс істейтін жұмысшы орган құру тиімді болмақ. Бұл  мемлекеттік орган болуы міндетті емес, мүмкіндігінше аталған бастаманы жүзеге асыруға жеке секторды тартқан дұрыс.
Өңірлік кеңес отырысында оған қатысушылар мемлекеттік сатып алу порталдарындағы бірегей емес, жеке-жеке талаптарды оңайлату туралы ұсыныстарын білдірді. Бұл талаптар кәсіпкерлер үшін әжептәуір кедергі. Оның үстіне ашықтық жетіспейді. Тағы бір ұсыныс жұмысшы кадрларды қысқа мерзімді курстарда оқыту турасында болды. Бұл үдеріске негізінен колледждер қатысуда. Осы курстарды өндірістік базаларда өткізудің тиімділігін ескеру керек. Ұлттық палатаның Басқарма төрағасы А.Мырзахметов өңірлік кеңес мүшелері қойған сауалдардың барлығына жауап берді.

* * *
Өңірлік кеңес отырысынан соң Т.Құлыбаевтың ресми өкілі Жігер Әзберген сапар қорытындысы туралы журналистерге сұхбат берді.
            
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 мамыр 2017 г. 618 0