Қазақта қасиет дарыған сөз көп. «Өлемін деп құлшылық қыл, өлмеймін деп тіршілік қыл» деген ақылдылар. Яғни, біздің асыл дініміз бай болудан, бар болудан шектемейді. Алла берген ризықпен, адал еңбекпен байлығы еселенген талай адамдардың тарихта ізі жатыр. Кешегі өткен ағайынды Мырқы, Мінәйдар, Аппаз аталарымыздан бастап бүгінгі Бауыржан Оспановқа дейінгі Атымтай жомарттардың Алаш жұртына жасаған қайырымдылық істері – адамдықтың алтын қалыбы болып әр жүректің төріне сәуле түсіріп тұр.
Осы заманда біз қанша айналып өткіміз келсе де, жаман әдеттермен күн сайын жолығысып қаламыз. Соның бірі – ысырапшылдық. Байлық пен ысырап ымыраласпайды. Солай ғой дегенмен, байлардың ысырапшылдығына көз жұма қарап жүрген басымыз, енді отбасы несібесін жырып, несие алып астатөк кәде жасағандарды көріп жаға ұстайтын жағдайға кез болдық. Әрине, ысырап¬шы¬лдық байға жарасады деген сөзден аулақпыз. Бұл жөнінде қасиетті Құранда: «Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап қылмаңдар. Шындығында Алла тағала ысырап қылушыларды сүймейді» – деп тәп¬сірленген.
Еліміздің өркендеуі мен даму тұрғысындағы түзу жолды тағы бір нұсқаған Елбасы Н.Назарбаев¬тың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында да осы мәселеге арнайы орын берілді. Бұл жөнінде Елбасы прагматизм деген терминді қолдана отырып, оның негізі ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, болашақты жоспарлау, ысырапқа, астамшылыққа жол бермеу екенін атап өтті.
Осыған орай облыстық «Сырдария-Ақмешіт» мешітінің бас имамы Т.Омаров бастаған дін өкілдері облыс халқына арнап үндеу жариялады. Үндеуде ас, садақа, еске алу жиындарының дастарханына – бауырсақ, шелпек, май, ағарған, майсөк, тамақ пен сусынның қойылғаны дұрыс деген пәтуа айтылды.
Сонымен бірге үндеуде жаназа намазын шығарудан бұрын арнайы қонақасы беруге болмайды деп көрсетілген. Үндеу баспасөзде, сайт¬тарда жарияланды. Ендігі мәселе – жерлестеріміздің осы ұстанымға имамға ұйығандай берік болып, оны орындауы.
Бірақ, жасыратын несі бар, біздің бойымызды «жұрттан кем түспейін немесе артық көрінейін» деген бәселекестік пиғыл басады да тұрады. Бұл пиғылды бойымыздан да, ойымыздан да алып тастау керек.
Үндеудегі қонақасы мәселесі бірінші рет көтеріліп отырған жоқ. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, абыз ақсақал Сейілбек Шаухаманов дәл осы жайды ел жақсылары бас қосқан алқалы топта талай мәрте айтты. «Е, осылай екен-ау» деген біреуді көрген жоқпыз. Негізі қонақасы қазақта бар ғұрып. Бірақ ол аты айтып тұрғандай, алыстан келген қонақтарға берілетін ас. Ал бізде қонақасы 200-300 кісіге жасалады. Біреу азаланып жатқанда біреудің ас жеп, қайғысыз қонақ кейпінде отыруы қандай сауапқа жатады? «Орны табылмай берілген садақа – ысырап» деген хадис бар. Ысырап жасау¬шы¬лар¬ды Алла сүймейтін болса, біз дәл сол кезде сауап аламыз деп, Алланың айтқанына қарсы келіп жат¬қа¬нымызды өзіміз білмейді екенбіз.
Әрине, садақа беру – амалдардың абзалы. Алайда, оның да өз жөн-жосығы бар. «Құтқаратын үш нәрсенің бірі – бар кезде де, жоқ кезде де, байлықта да, кедейлікте де – үнемдеушілік» делінген Құранда. Бұл – ысырапшылықтың ақы¬реттегі сұрауы бар деген сөз.
Дінді ділінде сақтаған қазақ үнемшілдікті ілгеріден-ақ екі сөзінің біріне қосқан. «Тарта жесең, тай қалады», «Бармын деп тасыма, жоқ¬пын деп жасыма», тағы-тағы...
Баяғыда баласы да, малы да көп бір би бір жиында баласы жоқ, малы жоқ кедей биге: «Жал¬ғызбын деп жалтақтамай, жарлымын деп жалпақтамай, турасын айт» депті. Сонда кедей би: «Құдайдың маған берем десе, малы мен баласы жоқ па? Сенің барыңды адам десе, бәлесі жоқ па?» депті. Осы бір ауыз сөзден-ақ біз бірінші бидің ысырап пен астамшылыққа бой алдырған адам екенін танимыз.
Абзалы, барға қанағат, жоққа сабыр қылғанға не жетсін?!
Елбасы өзінің әйгілі мақаласында бұл мәсе¬леге орынды тоқталып, қалың жұртқа ой тастады. Өйткені, ысырапшылдық, астамшылық сияқты бейсауап әдет ел ішінде етек алып кетті. Ысырап – тек малшашпақтың маңайында ғана емес, ол уақытты пайдалану мен ауыздағы сөзді аңдап айтуда да бірге болатын жаман қасиет. Бұл туралы асыл Пайғамбарымыз «Сөз және қарым-қатынаста шектен шығып, шамадан тыс кеткендер опат болды» деген.
Маңдайдың көзімен оқығанда қаріп, көкірек¬тегі көзбен оқығанда ғибрат болатын сөздер әркімнің алтын сандығында сақталғанда ғана бағасын жоймайды, ысырап болмайды.
Д.АЯШҰЛЫ.