– Бұрын қазақта қазіргідей үлкен-кіші, еркек-әйел жаппай сүйісіп амандаспайтын, – деді ата мен сусын апарғанда.
Әлгінде Бәкеңнің кішкентайдан бірге өскен, бірге оқыған досы келіп, екеуінің орысшалап сүйісіп сәлемдескенін көрген болатын. Мына айтқан сөзіне сол сүйісу түрткі болды-ау деймін...
– Әсіресе батпандай ер-азаматтардың кездескен жерде сүйі¬сіп амандасуы деген қазақ қауымында бұрын атымен жоқ еді. Осы сүйісу Хрущевтің билік құрған кезінен кең етек алып, жайылып кетті. Жақсыны да, жаманды да алаламай тез қабылдай қоятын «талантымыз» бар. Бастықтың әр қимылын қалт жібермей, қайталап кәукелектейтін жағымпаз жампаңдығымыз тағы бар. Сөйтіп, жалпаңдап жүріп, жапалақ болып кетер ме екенбіз, құдай білсін... Ер-азаматтар қолдасып амандасушы еді. Сағынысып көріскенде құшақ айқастырып қауышатын. Міне, осыларды «еркекше сәлем¬десу» дейді. Ал әйелдер өзара құшақтасып, сүйісіп амандаса беретін. Қариялар өзінің баласындай, немересіндей жастарды жақсы көріп еміренгенде құ¬шағына қысып, арқасынан қағатын. Осы жерде бір нәрсеге тоқтала кетейін. Бұрын қазақтар ер баланы еркелеткенде басынан сипамаған. Арқасынан қаққан. «Басына сипау ұл баланы аяп, мүсіркеу сезімдерін туғызады, төмен қарап жүретін жасық болып қалады» деп түсінген. Ата-ана, ел-жұртына қорған болатын, шаңыраққа ие болатын ұлдың көзін жерден алмайтын жігерсіз, есіркеуді тілеп тұратын ынжық болғанын қаламаған. Ал арқасынан қаққанда ер бала батылданады, жігерленеді, еңсе¬сін тік ұстап, тура қарауға дағдыланады. Неге болса да тайсалмай қарайтын қайратты, батыл болып ержетсін деп ұлды арқадан қағыпты. Ал қыздарды керісінше басынан сипаған. Қыз – жатжұрттық, қыздың бағы – үйде емес, түзде. Қыз басқа босағаны аттап, өзге үйдің отын жағады, ұрпағын өсіреді. Қызды «кететін бала ғой» деп еркелетеді. «Алдында не күтіп тұр екен, тағдыр-талайы қалай болады» деп басынан сипап аялаған. Қыз баланы басынан сипағанда басы еріксіз еңіс тартады, көз жанары төмен түсіп, жасырынады. Кісі бетіне бажырайып қарамайтын әдетке үйреніп, қызға лайық -биязы мінез қалыптасады. Арқадан қағу мен бастан сипаудың осындай талғамды астары, тәрбиелік мәні бар екен.
Ал енді әжелер мен апалар жасы кіші жақындарын жақсы көргенде ұл болсын, қыз болсын, оларды құшақтап, маңдайынан не қолынан сүйеді. Қазір де ел ішінде жиі болмағанымен, бұл әдет сақталып келеді. Жас балалардың маңдайынан иіскеп не сүйіп: «Үлкен азамат бол!», «Бақытты бол!», «Өркенің өс¬сін!», «Өмір жасың ұзақ болсын!» - деп тілектерін қос қабат айтып жатады. Тегінде қазақ жас баланы, әсіресе кішкентай сәбиді бетінен сүймейтін, қызы¬ғып қарамайтын, таңданып сұқ¬танбайтын. Бұлар – тыйымдар. Ертеден келе жатқан осы ырым-тыйымдар негізсіз емес. Сәби құстың бала¬паны сияқты, нәзік әрі сыртқы әсерді өзіне тез қабылдайды. Ересек адамдар баланы мейірленіп сүйгенде әр адамның бойындағы әртүрлі деңгейде болатын биоөрісті сәби көтере алмайды. Сәбиде қорғану күші әлі жетілмегендіктен науқастанып қалады. «Көз тиді», «сұқ өтті», «аш кірді» деп жатамыз ондайда. Бұрын халық емшілері сумен ұшықтап, адыраспан, аршамен аластап, тұзбен емдеп жататын. Әрине, ешкім де жас баланы әдейі ауыртайын демейді. Көп адамдар өзінің бойында, көзінде қандай дәрежеде өріс бар екенін біле бермейді, ол тіпті ойына да келмейді. Сондықтан сәбиге қатысты жерде үлкендердің абайлап, сақ болғандары жөн. Өте еміреніп жақсы көру зардапсыз емес, балаға қауіп болуы ықтимал, - деді ата.
Мен осы әңгімеден соң ойланып қалдым. Атаның өзі жас балаларға онша жұғыса бермейді. Балаға үйірсектігі шамалы. Бір қарағанда баланы ¬жаратпайтын секілді әсер қалдырады. Өзге адамдар сияқты жас баланы құшақтап, елжіреп сүйгенін өз басым көрген емеспін. Біреудің баласына керемет көңіл бөлгенде «жақсы бала екен ғой» немесе «жігіт екен ғой өзі» деп қана қолынан ұстап, арқасынан қағып қояды. Жас балаға тура қарамай, басынан, иығынан асыра назар салады. Атаның тіке қараған отты жанарына бала түгілі ересек адамның төтеп беруі екіталай.
Өзгені былай қойғанда, 59 жасында алғаш көрген немересін де көпе-көрнеу жақсы көре бермейді. Алғашқы кездерде атаның осы салқындығын түсінбейтінмін әрі жүрегіме тікендей қадалатын. Біз атаның қолына көшіп келіп, бірге тұрған соң ғана сырын ала бастадым. Ата баламен ойнауды білмейді, олармен үлкен адамша сөйлеседі. Немересінің толып жатқан бітпейтін сұрауларына жалықпай жауап береді. Бала қиялын жетелеп, оны әдейі сөзге салып, ойлау қабілетін өрістетеді. Қате кеткен бұрыс жерін сол замат түзеп, түсінік береді. ¬Керек жерінде солдат құсатып қақ¬шитып тұрғызып қойып, қаталдығын да көрсетіп жібереді. Бірақ қорқытпайды. Атаның көп қолданатын әдісі – қайталау. Немересіне әлденені үйреткенде осы әдісі арқылы нәтиже шыға¬рады. Ержанға деген аталық пе¬йілін айналып-толғанбай-ақ өзіне тән ерекше табиғатымен жеткізеді. Сырттай көрсеткісі кел¬мегенімен бір ауыз сөзінен, бір қимылынан, көзқарасынан бұлтты жарып шыққан күндей жарқ ете қалатын аталық мейірімі бәрбір анық та айқын байқалатын.
«Бабалар аманаты» кітабынан үзінді.
Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы-этнограф «Шуақты күндер», «Бабалар аманаты» және «Әзіліңді сағындық» кітаптарының авторы Зейнеп Ахметова Қазақстан халқы ассамблеясы облыстық Аналар кеңесінің форумына құрметті қонақ болады. Бала тәрбиесі, отбасы құндылықтары, дәстүрлі дін туралы тұшымды әңгіме тың¬дағыңыз келсе, 19 мамыр күні сағат 11:00-де Достық үйінде, сол күні сағат 16:00-де Жалағаш ауданында, 20 мамыр күні сағат 10:30-да Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапxанада өтетін оқырмандармен кездесуге келіңіз.