КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТТІҢ КӨРНЕКТІ ӨКІЛІ

КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТТІҢ КӨРНЕКТІ ӨКІЛІӘдебиет сыншысы Бақыт Тұрсынұлының жетпісжылдық мерейтойы туған жер төсінде атап өтілуі облыс басшылығының бастамасы болды. Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап кітапхана залында ұйымдастырылған шараның беташарын  Жаңақорған аудандық мәдениет  және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкерлері жазушы туралы тартымды театрландырылған көрініспен ашты.  Сахна төріне көтерілген мерейтой иесімен бірге филиология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек кештің еркін тақырыпта өтіп, оқырманмен ашық сырласуға сеп болды. Ал, шараның шымылдығын облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов түріп, қарымды қаламгердің  әдебиет әлеміндегі озық орнын, сыншы болудың салмағын безбендеп берді. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының өкілі Несіпбек Дәутайұлы қаламдас дос жайлы қанатты ойын білдірді. Қоғам қайраткері Ержан Уайс естеліктерге жан бітірді.
Бақыт Сарбалаев көркем әдебиеттің көрнекті сыншысы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері. Жерлестері оның қаламынан туындаған тартымды туындылар арқылы бағалап, иығына шапан жапты, құттықтау хаттарын табыстады. Кітапхана ұжымы «Сынның сырлы семсері» атты көрме ұйымдастырды. Сонау «Лениншіл жас» газетінде 1966 жылы жарияланған «Өлеңнің салмағы жүрекпен өлшенеді» сын мақаласы да көрмеден орын алған. Бір сөзбен қайырғанда, Бақыт Тұрсынұлы ел ықыласынан үлкен әсер алды.
Қ.ҚҰРБАН.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 мамыр 2017 г. 612 0