ШЫҒАРМАСЫНА ШЫНДЫҚТЫ АРҚАУ ЕТКЕН

ШЫҒАРМАСЫНА ШЫНДЫҚТЫ АРҚАУ ЕТКЕН«Сыр елі – жыр елі» деген қанатты сөз қашанда өмір шындығымен үндесіп, өзіндік мән-мағынасынан танған емес. Соның бір дәлелі, Арал өңірінің тумасы, қарымды қаламгер Мырзан Кенжебайұлының 70 жасқа толуына орай аймақ басшысы арнайы қабылдап, сый-құрмет көрсеткен болатын. Шығармашылық әлемінде шындықпен өрілген сыршыл өлеңдерімен танылып, оқырмандарының ыстық ықыласына бөленген азаматты өңір басшысы Қызылорда облысының «Құрмет грамотасымен» марапаттады.
А.Тоқмағамбетов атындағы қала¬лық мәдениет үйінде өткен ақынның шығармашылық кешінде облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов құттықтау сөз сөйледі.
– Әдебиет әлемін алып көш деп атайтын болсақ, сол көштің иінін үзбей, сабақтап келе жатқан шығармашылық керуен көшінде  қазақ поэзиясының шоқтығы биік. 
Халқымыз ауыз әдебиеті арқылы осынау киелі өнердің алғашқы іргетасын қалаған. Оның ішінде поэзия – сөз өнерінің бастауы деп пайымдасақ, өлең дегеніміз – сөзбен сурет салу. Осынау сырлы әлемге құмартып, арман-мақсатын асқаралы Алатаумен ұштастырған  жерлесіміз, «Құландысын» құлай сүйген ақын, қаламгер Мырзан Кенжебай 70 жасқа толып отыр. Шығармаларын шындықпен өріп, ұлттық мүдденің үдесінен шығып жүрген ағамыздың әрдайым абырой биігінен көрінуіне тілектеспіз, – деді Р.Рүстемов. Сонымен бірге, ақын Мырзан  Сахиұлына  облыс әкімінің «Құттықтауын» құрметпен табыс етті.
Келесі кезекте ақынның қаламдас достары ҚР Мемлекеттік сыйлығының  иегері, ақын Есенғали Раушанов, ҚР Президенті сыйлығының иегері, «Өлке» баспасының директоры Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Толыбай Абылаев  сахна төріне көтеріліп, шығармашылық кеш иесі Мырзан Кенжебайдың  шынайы бітім-болмысын, әдебиеттегі алар орнын айшықтап атап өтті. Кеш қонақтары ақынын ардақ тұтқан Сыр еліне ыстық ықыластарын білдірді. 
Кеш барысында өзінің өмірі мен шығар¬машылығы жайлы қысқаша айтып өткен ақын Мырзан Кенжебай, көрермен қауымға көңілін тербеп, көкірегінен төгілген жыр шумақтарын оқып берді. 
Енді бір сәт талантты жастар ақын өлеңдерін жатқа оқыса, ҚР Еңбек сіңірген әртісі ¬К. Қалым¬бетова, термеші А.Үсенов әдеби кешті ән-жыр¬ларымен әрледі.

Ғазиза ӘБІЛДА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 мамыр 2017 г. 699 0