Мемлекеттік басқарудың заманауи жүйесі

Мемлекеттік басқарудың заманауи жүйесіОблыс әкімінің бастамасымен мемлекеттік қызметтің беделін ­арттыру мақсатында «Дамыған 30 елдің қатарына қосылуда жастардың ролі» тақырыбында аймақтық жас мемлекеттік қызметшілер форумы өтті. Шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат басшысы Саян Қылышұлы және облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов қатысты.
Жиынды ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент басшысы Абзал Мұхимов жүргізіп отырды.
Республика бойынша алғаш рет ұйымдастырылып отырған форумда Қызылорда, ОҚО, Жамбыл және Ақтөбе облысынан келген 29 жасқа дейінгі делегаттар бас қосты. Ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі жиынның маңыздылығына тоқталып, мемле­кеттік органдар қызметіндегі жобалық басқарудың маңыздылығын атап өтті.
– Аймақтық жас мемлекеттік қызметшілер слетінің республикамыздың тұңғыш астанасы болған Ақмешітте өтіп жатқанына қуаныштымыз. Бүгінгі шараның өтуіне қолдау көрсеткен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен оның төрағасы Қайрат Қожамжаровқа ризашылығымды білдіремін. Әрине, қай кезеңде де қоғамның қозғаушы күші – жастар. Сондықтан, Мемлекет басшысы кәсіби мемлекеттік аппараттың қалыптасуында жастарға ерекше үміт артады. Сіздерге мемлекеттік қызмет саласында жаңашыл да заманауи, белсенді болыңыздар деймін. Сол кезде ғана барлығына қол жеткізе аласыздар. Қазіргі таңда еліміздің бүкіл мемлекеттік аппараты нарықтық экономика жағдайында жұмыс жасайды. Нарықтық экономика – өте қатаң жүйе. Ол құр жүргендер мен материалдық игіліктер жасамайтын тұлғаларды шет­те­теді. Нарықтық жағдайда тұрақты даму үшін біз мемлекеттік басқару жүйесіне заманауи тәсілдер қолдануымыз қажет. Осындай тиімді тәсілдердің бірі ретінде мемлекеттік органдар қызметіне жобалық басқару тәжірибесін енгізу қажет. Жобалық басқарудың әлеуеті зор және бірқатар артықшылықтары бар. Бұл тәжірибе біздің ресейлік әріптестерімізге мемлекетте билік органдары қызметінің тиімділігін айтарлықтай арттыруда, сондай-ақ экономикалық басқарушылық тұрғыда оң әсерін беруде, – деді аймақ басшысы.
Ресейде осыған дейін бұл тәжірибенің тиімділігі айтылған еді. Мәселен, Белград облысында жобалық басқару оң әсерін беруде. Облыстан делегация арнайы барып, аталған өңірдің тәжірибесін зерттеген болатын. Негізінен жобалық басқару бақылау, ынталандыру және тиімділік сияқты үш бағыттан тұрады. Осындай озық тәжірибенің арқасында бұл аймақтың экономикалық әлеуеті соңғы 7 жылда едәуір жақсарған.  Бүгінде Президент Әкімшілігінің келісімімен Қызылорда облысы әкімдігі қызметіне жобалық басқару тәжірибесін енгізу бойынша жұмыстар басталды.
Басқосуда Саян Қылышұлы облыс әкімі мен барлық қатысушыларға Қайрат Қожамжаровтың атынан алғыс білдіріп, мемлекеттік қызметтің тиімділігіне тоқталды.
– Бүгінгі қасиетті Сыр еліне келген сапарымда мемлекеттік қызметтің тиімділігіне осы өңірде атқарылған жұмыстардан анық көз жеткізіп отырмын. Сондықтан осындай ілкімді істер басқа да аймақтарға үлгі болады деп есептеймін, бүгінде еліміз дамыған 50 елдің қатарына еніп отыр. Ал ең озық 30 елдің қатарына кіруде жастардың алар орны ерекше. Сондықтан, осындай жиындар мемлекеттік қызметтегі атқарылатын жұмыстардың сапалы болуына өз әсерін тигізеді деп есептеймін, – деді С.Қылышұлы.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және ­сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аппарат бас­шы­сының айтуынша, елімізде әрбір төртінші ­азамат жас буын өкілі болып табылады. Сондықтан, жас мемлекеттік қызметкерлердің белсенді азаматтық ұстанымдарын қалып­тастыруда бүгінгі басқосудың маңызы жоғары. Жиында бірқатар аймақтан келген делегация мүшелері өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, тәжірибе алмасты. Ал ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент басшысы Абзал Мұхимов қатысушыларға мемлекетік қызметтің жаңарып келе жатқанын жеткізіп, депар­таменттің аймақта атқарып жатқан жұмысына тоқталды. Мемлекеттік қызметтің әлем­дегі өзгерістерге сай жаңаруы қызмет­керлерден үлкен жауапкер­шілікті талап етеді. Ең алғаш 1995 жылдың 26 желтоқсанда мемлекеттік қызметтің жүйелі ұйымдастырылуы жайында Елбасы­ның Жарлығы шыққан болатын. Бұл заңнама мемлекеттік қызметкерлердің мәртебесі мен санатын бекітуде және еңбек­ақы төлеудің бірыңғай саясатын жүргізуге мүм­кіндік берді. Аталған құжат Тәуелсіз Қазақ­стан тарихындағы мемлекеттік қызметтің негізін қалау жолын­дағы тарихи маңызы бар саяси құжат болатын. Сондай-ақ, маңызды құжатта көрсетілен мін­деттерді жүйелі ұйым­дастыру 1998 жылы құрылған ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жүктелді.
А.Мұхимовтың ­айтуынша, мемлекеттік қыз­меткерлерге қойылатын талап­тың жоғары­лауына байланысты жарияланған конкурстарға қатысуға ниет білдірушілер саны азайған. Бірақ еліміз осы межеден көрін­ген азаматтарға әлеуметтік, мәдени және экономикалық қабілетін шыңдауға барлық жағдай жасауды қолға алып отыр. Ал өз идеяларымен жаңа бастамаларға ұмтылуда жастардың құлшынысы жақсы. Бүгінде мемлекеттік қыз­метке тұруға ынталы жастардың басым көпшілігі заңнамаларды білуге арналған тестілеуден сүрінуде. ­Облыс бойынша тестілеуге қатысқандардың 40 пайызға жуығы шекті мәннен төмен нәтижеге қол жет­кізген. Аталған көрсеткішті жоғарылату мақсатында агенттіктің тапсырмасымен арнайы сайт ашылып, онда тестілеуге қатысты барлық сұрақтар енгізілді. Сондай-ақ, өз білімін сынап көрушілерге қосымша онлайн тестілеу айдары жұмыс жасайды. Мұнда тек облыс ғана емес республикамыздың кез келген аймақ тұр­ғыны тест тапсыра алады. Сондай-ақ, аталған агенттіктің облыс бойынша департаменті ауыл шаруашылығы мен техника және қажетті басқа да тапшы мамандық иелерін қатарға қосу үшін 1-наурыздан бастап, облыс көлемінде тұңғыш рет «Жастар кадрлық резерві» жобасын жүзеге асыруды қолға алды. Бұл бірнеше жылдың көлемінде жұмысын тоқтатқан жоба еді. Осыған дейін ол 2007-2008 және 2011-2012 жылдары жүзеге асырылған болатын. «Нұр Отан» партиясымен бірлесе жасалған бұл жобаға облыс әкімдігі қолдау көрсетіп отыр. Оған аймақтың ең шеткі ауылдарынан келген 200 үміткер қатысты. Ресми тестілеу кезінде қатысушылардың басым көпшілігі шекті мәннен жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Соңғы жылдары ­облыста басшылық лауазым­дағы жас мемлекеттік қызмет­керлер саны артып келеді. Қазіргі таңда аймақта 30 жасқа толмаған 25 мемлекеттік қызметкер бөлім бас­шы­лығынан бастап, басқарма басшы­лығында қажырлы ең­бек етуде. Жалпы, Сыр еліндегі мемлекеттік қызметкерлердің 20 пайызға жуығын 30 жасқа толмаған азаматтар құрап отыр. Осының өзі – жастардың сапалы жұмыс жасауына мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп жатқанының айқын дәлелі. Жиын соңында 4 облыстан келген делегация мүшелері ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат басшысына бірқатар сауалдарын жолдады.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 мамыр 2017 г. 838 0