ҰБТ – білім безбені

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтіп, күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Селекторлық ре­жим­де өткен мәжіліске аудан әкімдері де қатысты.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша, яғни, 2017 жылы өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық барысы және оқушылардың жазғы тынығу демалысын ұйымдастыру бойынша облыстық білім басқармасының басшысы Б.Сайлыбаевтың хабарламасы тыңдалды.
Белгілі болғанындай, ағымдағы жылғы талап негізінде қорытынды аттестаттау мен ҰБТ-ның жаңа форматы бойынша ерекшеліктер енгізілген. Яғни, мектеп бітірушілер орта білімі туралы аттестат алу үшін мектеп базасында қорытынды аттестаттаудан өтеді. Одан кейін жоғары оқу орындарында оқимын деген түлектер ҰБТ-ға қатысады.
Қорытынды аттестаттауда бітірушілер 5 пәннен емтихан тапсырады. Оның 4-і міндетті ана тілі, екінші тіл (орыс мектебі – қазақ тілін, қазақ мектебі – орыс тілінен тапсырады), алгебра және анализ бастамалары, Қазақстан тарихы және оқыту бейіні ескеріле отырып, бір таңдау пәні бойынша тапсырады. Екінші кезекте жоғары оқу орнына түсу мақсатында ҰБТ-ға қатысады.
ҰБТ форматы бойынша 120 сұрақ 5 пән бойынша, оның үшеуі міндетті және талапкердің жоғары оқу орнына тапсыратын мамандығына байланысты екеуі бейіні бойынша қарастырылған.
– Мектеп бітірушілері арасында кәсіби бағдар беру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні отандық 13 университет бойынша түлектермен кездесіп, мағлұмат берілді. Сонымен қатар аймақ экономикасының дамуына қажетті мамандықтар бойынша Ресей Федерациясының іргелі жоғары оқу орындарына Сыр өңірінің түлектері төртінші жыл қатарынан оқуға түсуде. Үстіміздегі жылы да сынақ емтиханы алынды. Оған 1407 түлек қатысты, –деді Б.Сайлыбаев.
Басқарма басшысының айтуынша, биылғы жылы облыс бойынша 6200 мектеп бітіруші бар. Оның 4202-сі ҰБТ-ға қатысуға өтініш берген. Облыстағы жыл бойы жұмыс жасайтын алты қосымша білім беру орталығынан мектеп бітірушілердің 91,8 пайызы ҰБТ-дан екіапталық дайындық курсынан өткен.
Облыста 9 тестілеу пункті жұмыс жасайды. Бүгінгі күні барлық тестілеу пункті талапқа сәйкес қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Сонымен бірге, ҰБТ өтетін пункттен 50 шақырым алыс қашықтықта тұратын бітірушілерді тестілеу басталғанға дейін бір күн бұрын тасымалдау, олардың тамақтануына және жатын орындары үшін қажетті қаржы қаралған.
– Өткен жылғы мектеп бітірушілердің 95 пайызы ЖОО мен колледждерге оқуға түсті. Биылғы мақсатымыз – түлектерді 100 пайыз оқуға қамту, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Б.Сайлыбаев.
Балалардың жазғы демалысы тиімді өтуін қамта­масыз ету, олардың жақсы тынығуын, сауықтырылуын ұйымдастыру – білім саласы қызметкерлерінің ­бас­ты міндеті. Осы жылы облыс бойынша 1-10 ­сынып ара­лығындағы 135714 баланың 128960-ның жазда ты­нығуын қамтамасыз ету көзделуде. Ол барлық оқушы­ның 95 пайызын құрайды.
Жазғы демалыс қала, аудан сыртындағы тоғыз ­лагерьде ұйымдастырылса, оның алтауы жыл бойы жұмыс жасайтын лагерь. Жазғы маусымда аталған лагерьлерде барлығы 8742 бала демалу-сауықтырумен қамтылатын болады. Оның ішінде 4146 бала жалпыға міндетті оқу қоры арқылы демалады. Бұл мақсатта бюджеттен 70 млн  теңгеден астам қаржы қаралған. Сонымен қатар, облыстан тыс аймақта орналасқан лагерьлерде мұнай компанияларының қолдауымен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы, тұрмысы төмен, мүмкіндігі шектеулі отбасынан 13210 бала демалатын болады.
Сондай-ақ, «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандан­дырылған көрмесіне 5549 оқушының баруы жоспарланса, оның 3169-ы жалпыға міндетті оқу қоры есебінен. Ал 2380 оқушы ата-ана есебінен саяхаттайтын болады.
Осы орайда облыс әкімі балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда тынығу лагерьлерінің санитарлық талапқа сай болуын, демалыс маусымында қандай да бір төтенше жағдайлардың орын алмауы үшін барынша тиянақты жұмыс жасауды аудан әкімдері мен тиісті сала басшыларына қатаң түрде тапсырды.
Мәжілісте күн тәртібіндегі екінші мәселе, яғни, облыс елді мекендерінде санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандыру екі айлығының қорытындысы туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Н.Жолдасбаев хабарлама жасады.
Облыс әкімінің өкімімен жыл сайынғы қалыптасқан дәстүр бойынша ағымдағы жылдың 11 наурыз бен 10 мамыр аралығында санитарлық тазалау, көркейту және көгалдандырудың көктемгі тазалық айлығы жүреді. Осыған сәйкес елді мекендерде жаппай сенбілік ұйымдастырылып, апта сайын 37 мыңнан астам адам күші мен 388 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде полигондарға 72,8 мың текше метрден астам қоқыс, қалдықтар шығарылып, 270 шақырымға жуық арық пен аяқсу жолы тазаланып, 128 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылды.
– Ағымдағы жылдың 1 сәуірінде облыстық басқарма, департамент, инспекция басшыларының қатысуымен «Көктемгі ағаш отырғызу» акциясы өткізілді. Акцияның мақсаты – өңіріміздің жасыл желекке, көркейген аймаққа айналуына өз үлесімізді қосу. Игілікті шараға 22900 адам күші жұмылдырылып, 30500 ағаш көшеті егілді. Сонымен қатар, 22 сәуірде «Бүкіл қазақстандық ағаш отырғызу» акциясы өткізілді. Дегенмен, екіайлық акция кезінде көшет егудің технологиясы сақталмай, аяқсу жеткізу, суғару мәселесі шешімін таппаған жағдайлар кездесті. Сондықтан, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері егілген ағаштарды өз деңгейінде көктеп өсуі үшін күтіп-баптау, суғару, екпелерді қаламшалармен толықтыра отырып, шығымдылығын 65 пайызға дейін жеткізу жөнінде шараларды жүзеге асыруы қажет деп санаймыз, – дей келе, Н.Жолдасбаев облыс елді мекендерінде санитарлық тазарту, көркейту, көгалдандыру екі айлығын тағы да екі айға ұзартуды ұсынды.
Айта кету керек, «Мүлдем төзбеушілік» қағидасын қалыптастыру бағытындағы «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің тиісті баптары негізінде санитарлық тазалық, көркейту және көгалдандыру талаптарын бұзғандары үшін жеке және заңды тұлғаларға әкімшілік шаралар қолданылуда. Жыл басынан жүргізілген профилактикалық шаралардың нәтижесінде жеке және заңды тұлғаларға 4594 әкімшілік шара қолданылып, 5 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Маусымдық кезеңде облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жанынан «WhatsApp» мессенджерінде «ЭКО-патруль Қызылорда» жобасы іске қосылған. Оның мақсаты –заманауи технологияны пайдалана отырып, аймақтың санитарлық тазалық жағдайына бақылау жасау және санитарлық талаптарға сәйкес келмейтін аймақтарды анықтау.
Облыс әкімі фейсбук желісінде аймақтың санитарлық ахуалына қатысты бір желі қолданушысының сыни пікірін мәжіліске қатысушыларға оқып беріп, оған жауаптыларды сынға алды және кент, ауыл, ауданның тазалығы сол жерді басқарып отырған басшының бет-бейнесін әйгілейтінін айта келе тазалық айлығын екі айға ұзарту жөніндегі ұсынысты қабылдайтынын жеткізді.
– Әрбір азамат өзінің өмір сүріп отырған жерінің тазалығын сақтауға, оның көркейіп, көгалдануына өз үлесін қосуға міндетті. Тұрғындарды санитарлық талаптарды орындауға шақыруда өз дәрежесінде жұмыс жасай алмай келесіңдер. Кез келген кенттің, ауылдың, ауданның тазалығынан сол жерді басқаратын әкімінің бет-бейнесін аңғаруға болады. Тазалық жұмыстары тек маусымдық шара болып қалмауы керек, осы орайда тазалық айлығын тағы екі айға ұзарту жөніндегі ұсынысты қабылдаймын,– деп түйді облыс әкімі.
Мәжіліс соңында Қызылорда облыстық мәслихаты­ның кезекті сессиясының күн тәртібіне ұсынылатын мәселелер талқыланды.
Аппарат мәжілісін қорытындылаған облыс басшысы көтерілген мәселелерге қатысты өз орынбасарлары мен аудан әкімдеріне, тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Айнұр БАТТАЛОВА.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 мамыр 2017 г. 707 0