Қалам қайраты

Қалам қайратыСөйлеу бар да, жазу бар. Сөйле­генде тілімен орақ оратын «шешендер» жазуға жоқ, шорқақ келетінін өмірден көріп те жүрміз. Жақсы сөйлеп, шебер жазу үшін терең ой керек. Көрікті ойдан ғана көркем сөз шығады. Көркем сөзді ақ қағазға өрнектеу үшін әрине, ерекше талант керек-ақ. Ой нәрсіз болса, сөз мәнсіз шығады. Ал мәнсіз сөзді жазғаннан жазбай-ақ қойғанның өзі әлдеқайда жақсы.
Терең ойды тебіреніп, толғап жазуға төселген жақсы інілерімнің бірі – профессор Қали Омаров. Суретші қандай сурет салса да, жазушы қандай жанрда не жанрлық түрде шығарма жазса да, ақын кез келген өлеңінде өзін, өзінің жан дүниесін, сезім-сырларын, мінез-құлқын, дү­ние­танымын араластырмай тұра алмай­ды. Ғалымдар да солай. Ғылыми мақалалар мен еңбектерде көркем шығармалардағыдай болмағанымен, ғалым бейнесі, болмысы, ұстанымы, көзқарастары мен пікірлері арқылы оның өзін  тануға болады.
Қолымызда Қ.Омаровтың «Текті­лер тағылымы» деп аталатын кітабы. Кең көлемді кітаптың мазмұны салмақты екен. Автор ататек жайында толғаныпты, шежіре шертіпті. Бұлардың біртегіс жан аңсауынан туған туындылар екені көрініп тұр. Ата-тегіңді өзің түгендемесең, ешкім саған түгендеп бермейді. Қали сияқты азаматтар әр рудан, әулеттен шығып өздерінің тектерін түгендеп жазса, тарих содан құралады. Бұл бір жағынан жастарды тәрбиелейді. Қазақ халқының қатты ренжігенде айтатын сөзі «көргенсіз, тексіз» деген сөздердің болуы тегін емес.
Тегімізді тексеру, түгендеу, бұл – ұлттық мәселе. Қ.Омаровтың өз мақалаларында осы ұлттық мәселеге жиі баратыны,  ұлтсыздықпен күре­сетіні маған ұнайды. Өз басынан, отбасынан асып, ел қамын, ұлт, халық жайын ойлайтындар осы Қали тақылеттес жігіттер. Бұлар қарынның қамы, дүние жинау, тиыннан тиын құрастырып баю дегендерге мойын бұрмайды. Үлкен ойлардың, армандардың жетегінде жүреді. Ал түптің түбінде халық жадында қарынбайлар мен дүниеқоңыздар емес, Қали сияқты арқалы азаматтар қалады.
Қалимен 15-20 жылдың көлемін­де бірге қызмет жасап келеміз. Ол – мінезді жігіт. Ойын, пікірін жасқанбай ашық, тура айтады. Әсі­ресе, ұлттық, елдік мәселелерге келгенде оның даусының басқалардан басымырақ шығатынын көріп жүрміз. «Кәтепті нағыз нар керек, біздің бұндай ұлы іске», – деп ұлы ақын Махамбет айтқандай, ұлттық, елдік мәселелер төңірегінде ой айтып, пікір қалыптастыру үшін бізге иі қанбаған терідей былжырап тұратын жасықтар мен бір ұртында өзін ғана ойлайтын қулығы бар пасықтар емес, кеудесі елін сүйетін күй-қазына мен ұлы махаббатқа толы Қали тақы­леттес арқалы азаматтар керек. Арғымақтар аламан бәйгеде оза шауып келе жатып артындағы ілесіп келе жатқан тай-құнандардың шабысына көз салады екен, қайсысы ертең орнымды басар деп ойлайтын көрінеді. Қазір дер шағында, ат арқасындағы азамат Қалидың ұлттың қазіргісі мен болашағына,  ертеңіне көп іс атқаратынына сенім мол.
Өйткені, ол – публицист ­жазушы болып қалыптасып үлгерген қалам­гер.
Публицистика сөзінің қазақша мағынасы уақытпен үндестік дегенге саяды. Уақыттың, қоғамның ең бір ділгір, зәру мәселелерін айтып, көтеріп жазу публицистикалық шығармалардың үлесіне тиеді. Ал Қалидың бұл саладағы мақала­ларынан, очерктерінен оның қаламы­ның төселіп қалғанын, мәсе­лені қоя отырып өткір әрі терең ой айта алатынын байқау қиын емес. Оның: «Билер институты хаһында», «Сыр өңіріндегі ағартушылық дәстүр», «1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс: жаңа деректер мен дәйектер», «Қазақ қоғамы және рухани даму мәселелері», т.б. мақалаларында қоғамның қазіргі жағдайындағы зәру, өзекті мәселелер қойылуымен қатар, оларды шешудің міндеттері белгіленеді. Оралымды ойлар мен толымды пікірлердің айтылуы мақаланың мазмұнын жандандыра түсіп, әсер-ықпалын күшейтеді. Бұл жерде қаламгердің, публицист Қали Омаровтың қалыптасқан, әсерлі, ықпалды стилінің куәгері боламыз. Ол не жазса да барын беріп, жанын салып жазады. Оның мақалаларын, ғылыми еңбектерін оқыған кез келген адам терең тұшынады, санасын сергітіп, ойын жинақтайды.
Қали Омаров – эссеист-жазушы. Оның эсселерінде нәзік жүрек дірілі, адамның жан жүйесін танудағы зеректік, талғампаздық, образды жа­сауға келгендегі аңғарымпаздық сипаттары бірден байқалады. Қаламын ар мен ұятқа суарып отырып жазатын болғандықтан ол адамтану мен тұлғатану мәселелерінде кең көсіледі, бір ғажабы шындық пен шынайылықты бағдаршам етіп алып, адам психологиясының, жанының, сезім-сырларының ең бір нәзік, құпиялы қатпарларын жер астынан кен іздеген кеншідей қопара қазады, табады, оның жылт еткен жақсылығына жүрегі жарыла қуанады. Бұндай қасиет екінің бірінің басында бола бермейді. Қалам ұстап, жазып жүргендердің өзінде адамтану үстінде сирек сұңғылалықпен бейне жасай алу оңай шаруа болмаса, Қ.Омаров эсселерінде осындай сындарлы сипат жетерлік. Бұған дәлел – оның «Біліс батыр – Сыр пер­зенті», «Қайраткер келбеті», «Ұлт руханиятының қайраткері», «Санаткер», «Ұлт қаһарманы» т.б. мақа­лалары, эсселері. Сыршылдық сипаты, пәлсафалық тереңдігі мол осын­дай шығармаларды дүниеге әкелу үшін терең білімпаздық, эру­дицияның биіктігі, психологтық – бәрі-бәрі болуға тиіс болса, эссеист  жазушы Қали Омаровтың болмысында бұлардың бәрі бар. Ол адамтануға келгенде адаспайды да алжаспайды. Адам бейнесін сұлу сөзбен, ыстық сезіммен, салқын ақылмен келістіріп жасайды. Ғылыми тұрғыдан ойлайтын адамдардың өз ой-пікірлерін көсіле жазуға төселгені ұлт мерейі деп ойлаймын. Елбасымыздың «Бола­шаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының мағыналы мазмұнын ашу үшін де Қ.Омаров сияқты ойлы, сырлы жазатын ғалымдар, жазушылар, көсемсөзшілер керек-ақ.
Қағынан безген құландай ұлттық дәстүрдің негізінен, мәйегінен қара үзіп, қашықтап бара жатқандай ел едік, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жоғарыда аталған мақаласынан кейін әсіресе рухани салада дүр сілкініс  болатыны айдан анық. Профессор Қ.Омаровтың «Тектілер тағылымы» кітабы руханият дүниемізге қосылған қомақты үлес деп ойлаймын. Бұндай кітаптарды әсіресе, жастардың оқып, санасын сілкінтіп, рухын көтеруі қо­ғам үшін аса маңызды болмақ. Ар­қалы азамат Қалиға қаламың қай­раттана берсін, ұлт үшін, ел үшін қыз­метте қажырлы күрескерлігің ар­та берсін демекпін.

Б.КӘРІБОЗҰЛЫ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 мамыр 2017 г. 797 0