Жүзіне нұр, жүрегіне шуақ тұнған...

Жүзіне нұр, жүрегіне шуақ тұнған...Халқымызда «Отан – отбасынан басталады» деген даналық сөз бар. Шындығында, адам баласы өмірден, қоғамнан өз орнын табу үшін алдымен шаңырақ шуағын сезініп, отбасында өзіне деген сыйластық пен құрметті қалыптастыра білу керек. Себебі, отбасы де­геніміз – бір атадан өсіп-өніп, бір шаңырақ астында өркен жайып, адами құндылықтың қалыптасатын қайнар көзі десек болады. Ал әрбір отбасындағы өзара сыйластық, ізгілік пен ілтипат, талап пен талғам, қажырлылық пен қайраткерлік, бір сөзбен айтқанда, адам бойындағы күллі рухани құндылықтар  – ел бірлігіне негіз болмақ.
Халықаралық отбасы күні мерекесіне орай облыс­тық білім басқармасының ұйымдастыруымен қаладағы №212 мектеп-гимназиясында «Отбасы – бақыт мекені» атты мерекелік шара болып өтті.  Шараға облыстық білім басқармасының басшысы Б.Сайлыбаев қатысып, жиылған қауымды мерекемен құттықтады. Сондай-ақ, Бақытжан Әбдіхалықұлы он бес баланы бауырына ­басып, қамқорлығына алған, үлкен жүректі ана Ақмарал Малбағароваға зор құрметін білдіріп, «Алғыс хатпен» марапаттады. Бағалы сыйлық табыс етіп, гүл шоқтарын ұсынды.
– Бүгінде біздің аймағымыз – балалар үйі жоқ бірден-бір облыс орталығы. Айталық, облыс көлемінде 973 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала болса, олардың 866-сы отбасында тәрбие алады. Яғни, қорғаншылық пен қамқоршылықта 723 бала, патронаттық тәрбиеде 143 бала қамтылған. Ал жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 107 бала білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау ұйымдарында тәрбиеленуде. Бұл орайда биік адамгершілігімен, ерекше аналық махаббатымен, он бес баланы қамқорлығына алып, олардың өмірі мен болашағына зор жауапкершілік танытып отырған Ақмарал Мүсілімқызына алғысымыз шексіз, – дейді.
Иә, расында, Ақмарал ана шаңырақ шуағын аңса­ған он бес баланы жүрек жылуына бөлеп, жанары жәудіреген әр ұлттың бүлдіршіндерін қазақтың ыстық ықылас, кең пейілімен тәрбиелеп келеді. Сол тәрбиенің жемісі болар, балалары оқуға да ынталы, өнерден де кенде емес.
Ананың жүзінен балаларының болашағына деген қалтқысыз сенім байқалады.

Ғ.ҚОЗЫБЕКҚЫЗЫ,
Н.НҰРЖАУБАЙ (сурет).      

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 мамыр 2017 г. 713 0