Ұстазыңа шәкірт бол, шәкіртіңе ұстаз бол

Ұстазыңа шәкірт бол, шәкіртіңе ұстаз болТүркі жұртының абызы Қорқыт есімін иеленген Сыр өңіріндегі білім мен ғылымның қарашаңырағы Қызылорда мемлекеттік универ­сите­тінің есік ашқанына биыл 80 жыл толып отыр. Осы ұлағат ұясынан әр жыл сайын қаншама шәкірт үлкен өмірге қанат қағып, еліміздің даму, гүлдену жолында еңбек етіп жатыр. Ұстаз өз шәкіртінің ел игілігіне қызмет етіп, абыройлы атын шығарып жүргенін көргенде көзмайын тауысқан өз еңбегінің нәтижесін көріп марқаяды.
Алдыңғы толқын ұстаз қауымы­ның өзінің жүріп өткен жолынан өнеге алып жататын шәкірттерін мақтан тұтуы заңдылық. Өмір жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз – сол. Әрине, ұстаз өзінің алдынан шыққан барлық баланы шәкіртім дей алмасы анық. Олардың арасында ұстаздың жан-дүниесін ұғынып, оның әр сөзін, ісін үлгі ететін алғыр, зейінді, талапты шәкірттер бөлектеніп тұрады.
Біздің ұстазымыз академик Зейнолла Қабдолов: «Алдыңнан білім алған барлық адамды шәкіртім деу­ден аулақ болыңдар. Олар сені ұстазым деп мойындайтын болса ғана, шәкіртім деп біл» – деп ­оты­ратын. Бүгінгі әңгіме арқауы болып отырған Айман Айтбаева – біздің көңілімізге арғымақ мінгізген шәкірт.
Айман Ералықызы көпбалалы отбасында Сырдария ауданының ­Махамбетов (бұрынғы Киров) ­ауылында 1962 жылы дүниге келген. Балаға ат қою, оның келешегіне болжам жасап, жақсы үміт күттіретіні белгілі ғой. Анасы Кәделі толғатып жатқанда үйіне белгілі журналист Нұрділда Уәлиев қонаққа келген екен. Ата-анасы балаға есім қоюды ағайдан сұрайды. Өмір тәжірибесі мол журналист ағамыз нәрестеге Айман деп ат қояды. Оның екі түрлі мәні бар еді. Біріншісі, Мұхаммед Пай­ғамбарымыздың күтушісі, Алла елшісіне ақылды, сабырлы мінезі­­мен ұнаған кісінің аты ­Айман болған. Екіншісі, «Айман-Шолпан» жырындағы тама Маман байдың ақылды да айлалы, сабырлы да көрікті қыздарындай болсын деп ойлаған болар. Осы бір қадірлі есімді иемдену – қазаққа жат емес екенін Нұрділда ағай: «Қыздың аты Айман, келесі жолы қыз тусаң Шолпан қой, лиро-эпостық жырдағы арулардай болып өссін», – депті. Дуалы ауыздан шыққан сөздің киесі болар, шынымен де осы шаңырақта  Айман, Шолпан атты екі қыз дәл солай әдемі боп өсіп, бой жетті.
Айман орта мектепті бітірген соң комсомолдық жолдамамен са­уын­шы жастар ­бригадасында екі жыл еңбек етті. 1982 жылы Қызыл­ордадағы М.Мәметова атындағы қыздар педа­гогикалық училищесіне оқуға түсіп, оны үздік дипломмен бітірген жас Н.Гоголь атындағы Қызылорда педа­гогикалық институтының филология факуль­тетіне оқуға түседі. Сол жылдары мен түсу емтиханында комиссия мүшесі болдым. Айманды алғаш рет сол кезде көріп, емтиханда берген жауаптарына риза болдым. Сәті түсіп, оқуға түсіп кетсе, бағы жанады, жақсы студент болып, институт намысын қорғайтын болар деп ойладым.
Қайсар да білімді қыз дегені­не жетіп, студент қатарына қабыл­данды. Айтбаеваның өз ісіне деген құлшы­нысын, білімге құштарлығын бай­қа­ған ғалымдар оны бағалап, қанат­тарының астына алды. Білгір маман болып шығуына ықпал етті. Сол жылдары біздер жас оқытушы болғандықтан, оқу тобындағы ересектеу Айманмен етене жақын араласып, сырласып тұратынбыз. Ол инс­титутты үздік бітіріп, орта мектептерде мұғалім, медициналық училищеде оқытушы қызметін атқарыпты.
А.Айтбаева 1994 жылы Қор­қыт ата атын­дағы Қызыл­орда мемлекеттік универ­ситеті­нің өзім басқарып отыр­ған ­«Қа­­зақ әде­биеті» ­кафедрасына жұмыс­қа қабылданды. ­Талант­ты шәкіртіме ерекше сеніммен қарап, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық уни­верситетінің академик З.Қаб­­долов басқаратын «Қазақ әде­биеті» кафедрасындағы ір­гелі ғалым­дармен таныстырдым. Кандидаттық дис­сертациясының тақы­рыбын бекі­туге де се­беп­ші бол­дым. ­Фило­логия ғы­лым­дарының докторы, про­фес­сор З.Бисенғалиевтің жетек­шілігімен Айман ғылыми жұмысқа кірісті. 2001 жылы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, елге оралды.
Көп жыл қатар жүргенде мен шәкіртімді ешнәрсеге мойымайтын, тәуекелшіл адам ретінде таныдым. Ешкімге жағынып сөйлемейтін, турашылдығы да бар. Оның көңілді сәттерінде ретімен айтылған қал­жыңының өзі айналасына ой тас­тайды. Айман Айтбаева ұстаздық қызметінде өмірден өз орнын тапқан жан. Шәкірттерінің сүйікті ұстазы.
Ол өз күнделігінде: ­«Сабыр сақ­таудың қажет­тігін Сара Тамшы­байқызынан үйрендім, «Дана апам деймін», «Сабырлы болсаң, дұш­пан сасады, сабырсыздан береке қа­шады», – деп жазыппын. Өмірде қатар жүрген ақылшы ұстаздарым: «Ұлжан, Әлия, Рахия, Сара Бахтияр­қыздарын құрмет тұтамын» – дей келе, апаларына ризашылығын білді­реді.
Ол үнемі ізденіс үстінде жүреді, 50-ден астам ғылыми мақаланың, 1 монографияның авторы. 2011 жылы универсиеттің «Үздік әдіскері», 2017 жылы «Қорқыт ата атындағы Алтын медалінің» иегері атанды. Бұған қоса, Айман  оқушылардың «Дарын» ғылыми орталығында ғылыми жобаларға жетекшілік жасайды. Мәселен, 2016-2017 жылдарда оның жетекшілік еткен 2 оқушысы республикалық байқаудың жүлдегері атанып, «Күміс медальмен» марапатталды. Өркениеттің өрісіне жетуде Айман бел-белестерден өтіп келеді.
Айман ұстаз, ғалым ғана емес, ана, сүйікті жары Мұқан екеуі Айгерім, Алмажан атты екі қыз тәрбиелеп өсірді. Қазір немере сүйді. Осының бәріне дәнекер болған – талап. Оны барлық қиындықтан алып шыққан еңбек пен ақыл. Ең бастысы, өмірге, өзіне деген сенім.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемле­кеттік университетінің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында ұстаз бен шәкірт арасындағы дәстүр сабақтастығы, ой сабақтастығының жал­ғасып жатқанын кейінгілердің жадына  салуды парыз деп біл­дім.
Шәкірт тәрбиелеудегі шебер­лігімен, білім жүйесіндегі жаңашыл­дығымен елімізге ғана емес, шет елдерге де танымал болған ұла­ғат ордасында – Қорқыт ата атын­дағы Қызылорда мемлекеттік универ­ситетінде кейінгіге қалатын өрнекті өнеге иесінің бірі біз айтып отырған Айман Айтбаеваның есімі екеніне дау жоқ. Мен бүгін осы шәкіртім ар­қылы бізді өнеге тұтқан, берген білімімізді бойына сіңіре білген барлық шәкіртімді алтын ұя болған білімнің ақ отауы, қарашаңырағы – университетіміздің мерейлі мереке­сімен құттықтаймын.
Мақтан тұтатын шәкірттеріңіз көп болсын.

Ұлжан ЖАНБЕРШИЕВА, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 мамыр 2017 г. 1 126 0