Қазалы ауданы ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысушыларды азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында Астана қаласы мен Қызылорда облысы әкімдігі арасындағы арнайы әзірленген кестеге сәйкес бірінші рет балық және балық өнімдерін Елордаға жөнелтті.
Ағымдағы жылдың маусым-қыркүйек айлары аралығында Астана қаласында өткізілетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу кезінде көрмеге қатысушыларды азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін Қызылорда облысы бойынша 7658 тонна, оның ішінде 6847 тонна күріш, 596 тонна балық және балық өнімдері, 215 тонна бақша өнімдерімен қамтамасыз ету жоспарланған. Оның ішінде Қазалы ауданындағы балық шаруашылығымен айналысатын «Қызылорда СПК Балық» ЖШС, «Ар-М-Кон» ЖШС және жеке кәсіпкер «Т.Игіліков» бар.
Астана қаласына жеткізілген балық өнімдерін сақтап, сатуға «Алай» сауда орталығы белгіленіп, мұздатқыштармен, тоңазытқыштармен және сату алаңдарымен қамтамасыз ету жөнінде меморандумға қол қойылған. Осыған сәйкес «Қызылорда СПК Балық» ЖШС-нің 3 тонна көксерке фаршы, «Ар-М-Кон» ЖШС-нің 637 келі ақтабан, 552 келі мөңке, 212 келі сазан, жеке кәсіпкер «Т.Игіліков» 1309 келі сазан, 784 келі шортан және 91 келі балық төсін «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ-ның меншігіндегі рефрижераторлармен жабдықталған «DAF» автокөлігіне тиеліп, Сарыарқаға жол тартты.