Үстіміздегі жылдың 30-31 мамыр күндері Қызылорда қаласында «Тұрақты дамудың Арал Халықаралық форумы» өтеді деп күтілуде. Аталмыш шараның мақсаты, онда көтерілетін мәселелер туралы газет тілшісі облыстың табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлыбек Қалжатайұлы Жолдасбаевтан айтып беруін өтінген еді.
– Форумның мақсаты – Арал өңіріндегі экологиялық және әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша баршаның танымын арттыру, тұрақты дамудың ғаламдық мақсаттарына сәйкес әлем жұртшылығының назарын оның өзекті мәселелеріне аудару болып табылады, – деді бізбен әңгімесінде Нұрлыбек Қалжатайұлы. – Сонымен бірге әлеуметтік-экономикалық, экологиялық, білім беру жобалары мен Арал теңізі бассейні бағдарламаларын табысты іске асыру мақсатында елдер арасында мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдар, бизнес-құрылымдар арасындағы іскерлік және әріптестік қатынастарды нығайту және одан әрі дамыту форумда қаралатын өзекті мәселелер қатарына жатады.
Форум екі бөлімнен тұрады. Форумның бірінші бөлімі теориялық-әдістемелік және тұжырымдамалық болып табылады және Арал өңірінің ең өзекті мәселелері бойынша ақпараттық және ғылыми баяндамалардан, сондай-ақ басқа да әлемнің экологиялық аналогтары бойынша ақпараттардан тұрады. Сондай-ақ, онда орталық мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың басшыларының баяндамалары және көрнекті ғалымдар мен беделді ғылыми-зерттеу институттарының еңбектерінің, бағдарламаларының, жол карталарының тұсауы кесілетін болады.
Екінші бөлімде Орталық Азия аймағы мен Сырдария өзені бассейнінде, Арал өңірінде іске асырылған жобалар туралы ақпараттарды қамтиды. Арал теңізі мен іргелес аумақтарды қайта жандандыру бойынша жаңа қолданбалы жобалардың тұсауы кесіледі. Арал теңізін қайта жандандыру, биотүрлілігін сақтап қалу, көгалдандыру және шөлейттенуден сақтау, жолдар және өндірістік нысандар салу, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және т.б. бойынша инвестициялар көздейтін меморандумдар мен келісім-шарттарға қол қойылатын болады.
Жалпы, форум алаңы ең алдымен, Арал теңізінің тұрақты дамуының өзекті мәселелерін, су ресурстарын бірлесіп пайдалануда мемлекетаралық келіспеушіліктердің алдын алуға, жаңа технологиялар негізінде болашағы зор идеялар мен көзқарастарды жылжытуға ықпал ететін болады.
Форумда Арал теңізінің экологиялық және әлеуметтік-экономикалық проблемаларымен қатар әлемнің басқа аймақтарының да өзекті мәселелері, оның ішінде өнеркәсіптік экология, жаһандық климаттың өзгеруі, кешенді су мәселелері, сондай-ақ қазіргі заманғы әлемде осы мәселелерді шешудің оң тәжірибелерін де талқылау қарастырылып отыр.
– Форумның ұйымдастырушылары және делегаттары туралы не айтасыз?
– Форумның басты ұйымдастырушылары – Қызылорда облысының әкімшілігі, «Астана» Халықаралық ғылыми кешені және Халықаралық Аралды Құтқару Қорының Қазақстан Республикасындағы Атқарушы Дирекциясы.
Форумның серіктес ұйымдастырушылары – Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің География институты.
Форум жұмысына ҚР Орталық мемлекеттік атқарушы органдар басшылары, Ресей Федерациясының, Америка Құрама Штаттарының, Италия, Япония, Корея, Белоруссия, Иран мемлекеттерінің дипломатиялық өкілдіктерінің Басшылары және халықаралық ұйымдар Өкілдіктерінің Басшылары: БҰҰ, ОБСЕ, Дүниежүзілік Банк, Ислам даму Банкі, Қазақстандағы Еуропаның Қайта құру және Даму Банкі (ЕБРР), Қазақстандағы Германдық халықаралық әріптестік жөніндегі қоғамы (GIZ), Халықаралық әріптестік жөніндегі Жапон агенттігі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымдары қатысады деп күтілуде.
– Форумның қорытындысымен неге қол жеткізіледі?
– Арал теңізі өңірінің дамуына арналған инвестициялық және гранттық жобаларды жүзеге асыруға халықаралық ұйымдардың және бизнес құрылымдардың қызығушылықтары артады деп күтілуде. Форум шеңберінде Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық және экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған бірқатар Ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылатын болады.
Сонымен қатар Форум шеңберінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесі Комитеті, ҚР-дағы Халықаралық Аралды Құтқару Қорының Атқарушы Дирекциясы, «Астана» Халықаралық Ғылыми Кешені, «Арал теңізінің шығыс жағалауы бойы және елді мекендерде «жасыл белдеу» жасау» Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау Қорының арасында әріптестік туралы ниет-Хаттамасына, «Астана» Халықаралық Ғылыми Кешені, ҚР Халықаралық Аралды Құтқару Қорының Атқарушы Дирекциясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің арасында «Жабайы аңдарды климаттық өзгерістерге бейімдеу Арал маңының орталығын құру» жобасы бойынша әріптестік туралы ниет-Хаттамасына қол қою көзделіп отыр.
Сондай-ақ, Қызылорда облысы Әкімдігі, Халықаралық Аралды Құтқару Қорының Атқарушы Дирекциясы мен «Астана» Халықаралық Ғылыми Кешені арасында Қамыстыбас көліндегі «Арал» Ғылыми-туристік орталығы жобасы бойынша және басқа да Арал маңының ғылыми-зерттеу және қолданбалы жобалары мен тұрақты даму бағдарламалары бойынша әріптестік туралы Келісім-шартына қол қою көзделуде. Осының барлығы сайып келгенде Арал өңірінің ғаламдық проблемаларын кезең-кезеңмен шешудің маңызды шарты болып табылады.
Әңгімелескен Ж.ӘЛМАХАН.