Ескі әңгімелерге есім кете құмартамын.
Баяғыда көрші кемпір үйге келіп апаммен әңгіме-дүкен құрады. «Құлағың қалқаймай, далаға бар!» деп мені сыртқа қуады.
Ол – әрине, мен тыңдайтын сөз емес екенін біле қоям. Мен тыңдайтын сөз шалдардың аузынан шығатын.
* * *
Бір балықшы теңіз шетіне ау салып жүріп, көз арбайтын алты қырлы тас тауып алыпты. Оның не екенін білмек болып зергерге келіпті. Ол әлгі тасты ұстап көріп: "Бұл өте бағалы алмаз. Бұған менің дүнием жетпейді. Сіз әділ патшаға барыңыз, бағасын сол береді” – депті.
Балықшы әділ патшаға келеді. Ол былай дейді: "Мына алмазың өте қымбат. Мен сенің ықтиярыңа үш сағат уақыт беріп, өз қазынаханамды тапсырамын. Осы үш сағатта қазынадан қалағаныңша қармап ал. Уақыт біткен соң қазынаханадан шығарыласың”.
Байғұс балықшы әділ патшаға разы болып, қазынаханадағы алтын, күміс, гауһар, зүмірет, лағыл, зүбәржаттарды көріп есінен танардай болыпты. "Екі сағат уақытта да көп байлықты тасып әкетермін, шамалы тынығып алайын” деп сосын бас айналдырған байлықтың үстіне жата кетеді. "Енді дүниедегі бай адамдардың бірі боламын. Қызметкерлерім жүгіріп жүреді. Не айтсам, сол болады. Төртеу, бесеу... бірінен соң бірі жас қыздарға үйленемін. Тағы не...” өстіп қиялдап, ғафілет басып ұйықтап қалады. Бір кезде қазынашы оятып тұр.
– Оян. Уақытың бітті. Қазынаханадан шық!
– О, сорлы басым! Ұйықтап қалыппын. Қазір алтын-күмістерімді алайын да, кетейін.
– Сенің уақытың бітті. Ештеңе де ала алмайсың.
– Тым болмаса, бір уыс алайын да, – деп жалынады балықшы.
– Өзіңе берілген уақытта алуың керек еді. Енді бітті. Қане, шық! – деп қазынашы өктемдікпен балықшыны қазынаханадан құр қол шығарып жібереді.
Ал енді ақыл иелері, бұл әңгіменің астарын сөгейік.
* * *
Балықшы – сіз бен біз, пенделер. Біздің көбіміз қазынахана ішінде ғафілет ұйқысында жатырмыз. Бізге қазынаханадан сауап пен Аллаға жағатын амал-байлықтарды алу нәсіп етілген. Сол байлықты бұл өмірден шын өмір үшін жинауымыз керек. Ендеше, ояныңыз. Себебі, қазынашы келіп оятқанда кеш болады.
Д.АЯШҰЛЫ.