ҚЫЗЫЛОРДАДА ҚАҢЫЛТЫР ШЫҒАРАДЫ

ҚЫЗЫЛОРДАДА ҚАҢЫЛТЫР ШЫҒАРАДЫ«Қызылорда Строй Монтаж» БК ЖШС – өңірдегі қаңылтыр шығарумен айналысатын жалғыз кәсіпорын. Негізі қаланған күннен бастап түрлі металл өнімдері және цемент сатумен айналысқан компания уақыт өте өзінің қызмет ауқымын кеңейтті. Өткен жылдан бастап кәсіпорын қаңылтыр шығаруды қолға ала бастады.
Сыр елінде құрылыс қарқын алып, соңғы 4 жылда 11 шағын аудан бой көтерді. Жаңа нысандар қатары артып, нәтижесінде құрылыс материалдарына сұраныс артты. Металл өнімдеріне қажеттілік түрлі өңдеуші өнеркәсіп салаларында байқалады. «Қызылорда Строй Монтаж» БК ЖШС директоры Александр Кимның айтуынша, аймақта қаңылтыр сатумен бірнеше компания айналысады. Бірақ, оны өндіруші зауыттар облыста жоқ. Жергілікті нарықта сатылатын өнімнің барлығы басқа аймақтардан жеткізілуде. Сондықтан, кәсіпкер металлпрофиль бағытында жұмыс жасайтын цех ашуды қолға алды. 
Бұл идея «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр. Кәсіпорын иесіне «Қазақстан Халық Банкі» АҚ арқылы 14 пайыз жылдық үстемемен 92 млн теңге несие берілді. Сондай-ақ, тиісті қаражат үстемесінің 4 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланып отыр. 
Серіктестік басшысы аталған қаржыға қаңылтыр шығаратын автоматтандырылған құрылғы мен дайын өнімді тасымалдауға арналған арнайы техника сатып алды. Сонымен қатар, айналым қаражатын да толықтырып үлгерді. 
– Бастапқыда жұмысымыз ойдағыдай жүрмесе де, бүгінде еңбегімнің жемісін көріп отырмын. Әрине, мұның барлығы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар арқасында жүзеге асуда. Тұтынушыларға келетін болсақ, көктем және жаз мезгілдерінде кәсіпорында өндірілген тауарларға сұраныс артады. Сыр елі соңғы жылдары алып құрылыс алаңына айналды. Нәтижесінде, аталған салаға қажетті тауар өндіретін кәсіпорындар жұмысы да қарқынды жүруде. Осыны ескере отырып, алдағы уақытта компанияның қызмет ауқымын кеңейтуді жоспарлап отырмыз, – дейді серіктестік басшысы.
Александр Ким құрылыс саласына қажетті өнімдер дайындайтын басқа да кәсіпорын ашуды көздеген. Бүгінде компания басшысы өзге құрылыс материалдарын өндіретін желіні іске қосу мақсатында құжаттар жинақтауда. Ол өз кезегінде шығатын өнімді түрлендіру мен жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Құжаттар дайын болған жағдайда кәсіпорын қосымша қайта қаржыландырылады. Бүгіннің өзінде аталған нысан бірнеше адамды жұмыспен қамтыған.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 мамыр 2017 г. 756 0