Облыстық ішкі саясат басқармасы және «Руханиятты қолдау» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Ұлттың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, тұрғындар арасында бірлікті, болашаққа деген сенімділікті нығайту» әлеуметтік қызметінің аясында үкіметтік емес ұйым мүшелерімен кездесу болып өтті.
Кездесуді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айдын Қайруллаев сөз сөйлеп ашты.
– Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерзімінде еліміз жаңғырудың үшінші кезеңіне қадам басты. Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» атты мақаласында ұлтымыздың рухани дамуының жаңа бағыттары айқындалып, атап көрсетілді. Болашаққа қадам басу жолында бұқаралық сананы қалай өзгертудің негізін ұсынды. Олай болса, рухани жаңғыру жолында бізді бірқатар маңызды қадамдар күтіп тұр, – деді Айдын Бөкенбайұлы.
Сонымен бірге, сұхбат алаңында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдары, үкіметтік емес ұйым жетекшілері және БАҚ өкілдері Елбасы мақаласынан туындайтын жаңа бағыт-бағдарлар төңірегінде ой-пікір алмасты. Кездесуді филология ғылымдарының кандидаты, доцент, «Руханиятты қолдау» қоғамдық қорының төрағасы Ғабит Тұяқбаев жүргізіп отырды.
Шараның күн тәртібіне орай Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының докторы Т.Сәтбай «Рухани жаңғыру – ұлттың жаңғыруы» тақырыбында баяндама жасап, Елбасының мақаласы көкейде жүрген көп ойлардың күрмеуін шешіп, ұлттық құндылықтарымызды рухани тұрғыдан жаңғыртуға жаңа мүмкіндік туғанын атап өтті. «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын жүзеге асыруда жас ұрпақтың бойында ұлттық кодтың қалыптасуы, сондай-ақ әлемдік деңгейде білім бәсекесіне қабілеттілігін арттыру мәселесінің маңыздылығын алға тартты.
«Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтерудің жолы – латын әліпбиі» тақырыбында баяндама жасаған филология ғылымдарының кандидаты, А.Абасилов латын графикасына көшу арқылы тіліміздің табиғатын сақтап, даму заңдылығының бұзылуына жол бермей, қайта фонетикалық жүйесін қалпына келтіре отырып, орфографиямызды түзеп алуға зор мүмкіндік екенін атап көрсетті.
– Мен тіл маманы ретінде ұлттың рухани жаңғыруын тілдік сананың жаңғыруымен байланыстырамын. Елбасының айтып отырған ұлттың рухани коды да сол тілде жатыр. Сондықтан да қазақ тіліне тек қарым-қатынас немесе шығарма тілі деп қана емес, ұлттық сана-сезімді, дәстүр мен салтты, халықтың барлық бітім-болмысын танытатын рухани құрал ретінде қарау керек, – деді ғалым.
Елбасы мақаласында атап көрсетілгендей, таяу жылдардағы міндеттердің бірі – қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға алу. Мұнда тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия және филология ғылымдары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасалады. Бұл – түсінген адамға мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілін кең көлемдегі ақпарат тіліне айналдыру деген сөз, – дейді ғалым баяндамасының желісінде.
Ал саяси ғылымдар кандидаты Е.Әбенов «Рухани жаңғыру – реформалар жалғасы» тақырыбында баяндама жасап, ғылыми тұрғыдағы ой-пікірін, саяси тұжырымын ортаға салды. Сондай-ақ сұхбат алаңына қатысқан Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Қ.Есімсейітова, облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры Н.Мусаева сөз сөйлеп, Елбасының бағдарламалық мақаласы ең алдымен жастардың рухани таным-талғамын байытуға, ұлттық болмыс, туған жер тарихын терең түйсінуге, жалпы айтқанда, олардың бойында ұлттық кодтың қалыптасуына негізделгенін ерекше атап өтті.
Кездесуді қорытындылаған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы А.Қайруллаев жиында айтылған ұсыныс, пікірлер сарапталып, алда атқарылатын арнайы іс-шаралар барысында қамтылатынын айтты.
Ғ.СМАЙЫЛТЕГІ.