Өңірлік коммуникациялар қызметінде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының бүгінгі таңдағы жұмыс барысы туралы брифинг өтті. Онда филиал директорының орынбасары Б.Сәтмағанбетов, өндірістік техникалық бөлімінің басшысы А.В.Ким, бөлім басшысының орынбасары Б.Әбенов, экономика және тарифтік жұмыстар бөлімінің басшысы А.Омарова БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы негізінен жоғары және төмен қысымды таратушы құбыр жолдары арқылы газды тасымалдау қызметін көрсетеді және тұтынушылардың барлық санаттарына газды өткізу қызметін атқарады. Бүгінгі таңдағы мәліметтер бойынша аймақта газбен жабдықтау жүйесіне қосылған абоненттер саны – 69 707 болса, оның ішінде ірі панельден құрастырылған үйлер саны – 25 393, жеке сектор – 44 314-ті құрап отыр. Облыс аумағындағы газ құбырының ұзындығы – 2 514, 415 шақырымды қамтиды.
Ал аталған өндірістік филиалдың алдағы жоспарының барысын бағамдасақ, «Қызылорда қаласын газдандыру және «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы 2011-2014 жылдарға арналған қолданыстағы активтерді қолдау» инвестициялық бағдарламасы аясында төмендегі жұмыстар атқарылған:
Қызылорда қаласының жаңа тұрғын аудандарын газдандыру. Яғни салынған 206,7 шақырым газ құбырлары қаланың газдандырылмаған аудандарын табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Оның ішінде Әл Фараби, «Саяхат», «Жаңа ауыл», Бейбарыс, «Рисмаш» шағын аудандары, Титов кентінің тұрғын үйлері мен коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындарын газдандыру жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ Қызылорда қаласы КМРТЦ-дан ГТП-ға дейінгі ұзындығы 20,2 шақырым жоғары қысымды газ құбыры құрылысын және Қызылорда қаласы Оңтүстік өнеркәсіптік аймақ ауданында жоғары қысымды газ құбырын салу жобалары жүзеге асырылатын болады.
Брифингте көгілдір отынды күнделікті пайдалану барысында тұтынушыларға техникалық қызмет көрсету сапасы жайлы бірқатар сауалдар туындап, оған арнайы мамандар жауап берді.
Ғ.ҚОЗЫБЕКҚЫЗЫ.