Жаңақорған аудандық прокуратурасының қадағалау қызметі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлыққа және діни-экстремизмге қарсы күресуде, кәсіпкерлердің мүддесін сақтауға, сонымен қатар, тұрғындардың әлсіз топ құқықтарын қорғауда өз нәтижесін көрсетті.
Көктемде сарып ауруы мен "Қырым-конго қанды безгегі” өрши түседі. Облыста төрт түлігі мол аудан болған соң малдан жұғатын кеселді алдын алуда жаңа жоба жасалынған. Бұл туралы Жаңақорған ауданының прокуроры Нұрболат Дүйсенбаев БАҚ өкілдеріне өткізген жиын барысында мәлімдеді.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – маусым мезгіліне байланысты күрт көбейетін "Қырым-конго қанды безгегі” ауруы жайында болды.
Екінші мәселе – азаматтардың еңбек құқығын қорғау. Осы бағытта арнайы жұмысшы топ құрылып, ұйымдарда апта сайын кездесулер ұйымдастырылған. Нәтижесінде 120 жұмысшының 14 миллион теңге айлық жалақылары төленіп, құқықтары қорғалды. Мәселен, «Түгіскен» ТШ» ЖШС 2016 жылдың қыркүйек, қазан айларына 57 еңбеккерге 4,5 миллион теңге жалақы қарыз болған. Прокуратураның араласуынан кейін жұмысшылардың айлық қарызы толығымен өтеліп, жұмыс беруші тарап әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Осыдан үш жыл бұрын аудандық жер қатынастары бөлімі кенттегі "Батыс Еуропа – Батыс Қытай” автожолының бойынан нысан салу үшін 0,50 гектар жер учаскесін сатылымға шығарған. Аукцион барысында жеке кәсіпкер А.Қалжанов жеңімпаз болып танылып, аудандық жер қатынастары бөлімімен жерді алуға келісімшарт жасаған. Алайда жер учаскесінің 700 532 теңге құнын төлеген А.Қалжанов ақыры жерге иелік ете алмаған. Тексеріс нәтижесінде нысан салу мақсатындағы жерге 2 жылдан астам уақыт бойы жеке меншік құқығын беретін актісі алынбағаны анықталды. Орын алған жайттың күні бүгінге дейін шешімін таппауының себебі, жергілікті атқарушы органмен «Жер кодексінің» 48-бабына сәйкес, жер учаскесінің шекарасы айқындалмауы. Бүгінгі күні осы заңсыздықтарға байланысты прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп, кәсіпкердің құқығы толықтай қорғалды. Жердің жекеменшік құқығы табысталған кәсіпкер бүгінде жаңа жобаларын қолға алмақшы.
Аудан прокуроры Нұрболат Серікұлы қазір жасөспірімдерге моральдық-психологиялық зиян келтіретін түрлі сайттар туралы мониторинг жүргізуді бақылауға алынғанын айтты. Теріс діни бағыттағы интернет-парақшалар мен сайттарды бақылаудың арқасында дәстүрлі емес діни ағымдарды насихаттайтын 3 парақшаның жолы кесілді.
Қазіргі кезде аудандағы ұрлық қылмыстарының 43 пайызын мал ұрлығы құрайды. Аудан прокуроры: – Мұндай қылмыстардың 90 пайызы малын падаға қоспай, қараусыз қалдырғанынан орын алады. Сондықтан алдағы уақытта мал ұрлығын болдырмау үшін ауылдың кіреберісіне бейнебақылау орнату тиімді, – дейді.
Міндетті медициналық тексеріс нәтижесі де біраз былықтың бетін ашып берген. Яғни, денсаулық сақтау ұйымдары тегін жүргізілуі тиіс медициналық қызметтен ақы алып отырған. Жаңақорған аудандық емхана дәрігерлері білім беру ұйымдары қызметкерлерін медициналық тексерістен өткізу кезінде негізсіз талаптар қойып, 2 миллион теңге заңсыз пайда тапқан. Яғни, заң бойынша мұғалімдер үшін тек флюрографиялық тексеріс пен терапевттің қорытындысын алу жеткілікті. Ал ақ халаттылар болса, оларды ақылы тексерулерден өтуге мәжбүрлеген. Заңбұзушылықты анықтаған аудан прокурорларының ықпалымен жаңақорғандық 1500 мұғалімнің қаржысы толықтай қайтарылды. «Медицина қызметкерлері қызметке ақы төлейсің дегеннен кейін, оған төлеу міндетті екен деп төлеп келдік қой осы уақытқа дейін, – дейді дәрігерлерге налыған №51 орта мектеп мұғалімі Ақтоған Жүсіпова.
– Медициналық қарап-тексерудің заңдылығын зерделеу барысында денсаулық сақтау ұйымдары тарапынан білім беру қызметкерлеріне негізсіз талаптар қойылғаны анықталды. Қадағалау актісі енгізілгеннен кейін 12 адамға дәрілік заттар толығымен таратылып, 545 адам скринингтік тексеруден өтті, – дейді аудан прокуроры.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.