Ұлы Жеңістің 72 жылдығына орай 9 мамыр күні «Тағзым» алаңында облыс әкімі Қ.Көшербаевтың қатысуымен салтанатты шара болып өтті. Мерекелік шара жылдағы дәстүр бойынша қаланың орталық көшелерімен жүріп өтетін «Жасампаз жасақ» шеруінен бастау алды. Шеруге қатысушылар Ұлы Отан соғысында, Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлердің рухтарына тағзым етті. «Мәңгілік алау» мемориалына гүл шоқтарын қойып, майдан даласынан оралмаған боздақтарды бір сәт үнсіздікпен еске алды.
– Ұлы Жеңістің 72 жылдығын тойлай отырып, біз оның қандай қиындықтармен келгендігін ешқашан естен шығар¬мауы¬мыз керек. Біз соғыс даласында көз жұм-ғандар мен осы күнді аңсап кеткендерге тиісті құрмет көрсетеміз. Жеңіс күнін тойлаумен бірге, соғыс даласында жан¬қиярлықпен ерлік көрсеткен, тылда, зауыт, колхоз, фермаларда, ғылыми зертханаларда аянбай еңбек еткендердің рухына басымызды иеміз, – деді облыс әкімі.
Иә, ел тарихында қасіретті таңбасын қалдырған екінші дүниежүзілік соғыстың Жеңіспен аяқталғанына биыл 72 жыл толды! Осынау уақыт аралығында қоғамда төртінші буын ұрпақ алмасты. Дегенмен, сұм соғыстың салған қайғы-қасіреті аға ұрпақ өкілдерінің санасынан өшпейді. Тіпті жылдар өткен сайын Отан үшін от кешкен бабаларымыздың ерліктері еселеніп, абырой-даңқтары арта түскендей. Мереке қарсаңында өңіріміздегі 51 соғыс ардагері мен 5903 тыл еңбеккерлері мемлекет тарапынан сый-құрметке бөленді.
Мерекелік шара соңында соғыс, тыл және еңбек ардагерлеріне арнайы тігілген шатырларда «солдат дәмі» ұсынылды.
Ғазиза ӘБІЛДА.